Көкшетау мен Степногорскте жылу желілерін жаңғыртуға 3,9 млрд теңге бөлінді
Жобалардың жүзеге асуы өңір тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге, апатты жағдайлардың алдын алуға және алдағы жылыту маусымын қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының жылу-энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет резервінен Ақмола облысының Степногорск және Көкшетау қалаларындағы жылу жүйелерін жөндеуге 3,9 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Бөлінген қаражаттың шамамен 2,7 млрд теңгесі Степногорск қаласындағы ұзындығы 7,5 шақырым болатын магистральдық жылу желісін жөндеу жобасын аяқтауға бағытталады. Ал Көкшетау қаласында №1 және №2 қазандықтарды, сондай-ақ энергетикалық жабдықтар мен жүйелерді жаңғыртуға 1,2 млрд теңге жұмсалады.
Бүгінде Көкшетауды екі қазандық жылумен қамтамасыз етеді, негізгі жылу көзі – №2 қазандық. Бұған дейін Үкімет бөлген қаражат есебінен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қаладағы жабдықтардың тозу деңгейі 44%-дан 42%-ға дейін төмендеген.
Степногорск қаласында да соңғы жылдары бірқатар жөндеу жұмыстары атқарылып, магистральдық жылу желілерінің тозуы 71,4%-дан 68%-ға азайған.
Жобалардың жүзеге асуы өңір тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз етуге, апатты жағдайлардың алдын алуға және алдағы жылыту маусымын қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.
Жалпы ел бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2025 жылы 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар 323 шақырым жылу желісі мен 17 мың шақырым электр тарату желілері жаңартылып, 420 қосалқы станса жөнделген.
Нәтижесінде энергия және жылу жүйелеріндегі тозу деңгейі төмендеп, технологиялық бұзушылықтар саны қысқарып отыр. 8 жылу электр орталығы тәуекел аймағынан шығарылған.