25 Шілде 2026, 19:21 Фото: ҚР ТЖМ

Көкшетау мен Бурабай жағажайларында қауіпсіздікті электрокарлар күзетеді

Ақмола облысында су айдындары мен демалыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін экологиялық таза жаңа көлік пайдалануға берілді.

Ақмола облысының құтқару қызметі жаңа экологиялық таза көлікпен толықты. Электрокарлар мамандардың қарауына беріліп, енді су айдындары мен оған іргелес аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге пайдаланылады.

Жаңа көліктер ең алдымен Көкшетаудағы жағажайларда және Щучинск-Бурабай курорттық аймағында патрульдік қызмет атқарады.

Электрокарлардың негізгі міндеттері – жағалауда болуы мүмкін төтенше жағдайларға жедел әрекет ету, демалушылар мен туристерге судағы қауіпсіздік ережелерін тұрақты түсіндіру, сондай-ақ курорттық және табиғи аумақтарды қоршаған ортаға зиян келтірмей патрульдеу.

Маневр жасауға ыңғайлы электрокарлар құтқарушыларға жаяу жүргіншілер және жағажай аумақтарында жылдам әрі тыныш қозғалып, шомылу маусымы қызған шақта өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.