Көкшетауда өңіраралық форум үшін сарай салынып жатыр
Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл күзде Көкшетауда өткізілетін Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумы өңірге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Курортты аймақ мейман күтуге қаншалықты дайын?
Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен жиында 17-ші өңіраралық форум қарсаңында атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Өңір басшысы ауқымды шара қарсаңында облыс орталығының көшелері мен нысандарын ретке келтірудің маңыздылығына тоқталды.
Өңірде бірнеше нысан, инженерлік желілер, Қылшақты өзені арқылы өтетін көпір мен жол құрылыстары басталған. Форум қарсаңында қолға алынған жаңа нысан - "Болашақ" сарайының құрылысына 9 млрд теңге қарастырылған. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты мердігер ұйым 40-қа жуық адамды құрылыс алаңына жеткізуді қамтамасыз ете алмаған. Мамандар жетіспеушілігі құрылыс жұмыстарының кестеден сәл кешігуіне себеп болып отыр. Ғимаратты әрлеу жұмыстары бір аптаға кеш басталған.
Санаулы айлар ғана қалғандықтан, құрылыс қарқынын жылдамдату қажет. Әр басшы өзіне тапсырылған жұмыс учаскесіне жауапты. Барлығы штаттық режимде, жауапты тұлғалардың бақылауымен жүзеге асырылуы тиіс. Әрлеу жұмыстарының сапасы басты назарда болсын. Абаттандыру жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын, - деді Ермек Маржықпаев.
Қазіргі уақытта Сарыарқа шағын ауданындағы айналма жол құрылысына, Көктем шағын ауданындағы жолдарды жөндеуге 1 млрд теңге қаражат қарастырылған. Қопа көлі мен Қылшақты өзенінің жағалауында спорт алаңдары, веложол салынуда.
Уақыт жайбарақаттықты көтермейді. Жұмыстың қарқынды жүруі оны дұрыс ұйымдастыру мен қатаң қадағалауға байланысты. Әр күнді тиімді пайдаланып, жұмысты бәсеңдетпеу керек. Жауынды күндер басталса, жол жөндеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін, - деді өңір басшысы.
Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумына Омбы қаласынан екі мыңға жуық делегат келеді деп күтілуде.
Форумға келетін қонақтарды орналастыру мәселесі де басты назарда. Меймандарға сапалы қызмет көрсетуді талап ететін орын - қонақ үйлер және тамақтану орындары екені белгілі. Сол сияқты туристік нысандар мен жол бойындағы сервис сапасы басты назарда болуы тиіс, - деді Ермек Маржықпаев.
Облыс орталығында салынып жатқан "Болашақ" сарайына жақын аумақтағы тұрғын үй кешендері бастапқыда қонақ үй ретінде жалға берілсе, кейін тұрғындарға баспана ретінде тапсырылады деп жоспарланған. Форум қарсаңында облыс орталығына жаңа автобустар жеткізіледі деп күтілуде.