16 Қараша 2026, 14:37 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Көк-Жайлаудағы курорт табиғатқа зиян келтірмей салына ма? Ғалымдардың зерттеу нәтижесі жарияланды

Kazakh Tourism ұлттық компаниясының бас директоры Ержан Еркінбаев Алматы тауларында салу жоспарланған Almaty Superski тау курортының жобасына қатысты экологиялық зерттеулердің нәтижесін таныстырды. Оның айтуынша, ғалымдар өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, су ресурстарын, мұздықтарды, топырақ жағдайын, тарихи-мәдени мұра нысандарын және тау беткейлерінің қауіпсіздігін зерттеген. Зерттеу барысында жобаны іске асыру кезінде туындауы мүмкін тәуекелдер де назарға алынған.

Курорттың қандай аумақта салынатыны белгілі болды

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, қоғамдық тыңдаулар қарсаңында ғалымдармен және ғылыми институттармен жан-жақты жұмыс жүргізілген. Алғашқы есептер негізінен тарихи деректерге сүйенсе, кейін мамандар жергілікті жерге барып, далалық зерттеулер жүргізген. Осылайша, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қатысты зерттеулердің толық циклі аяқталған.

Оның сөзінше, ғалымдарға жобаның ықтимал тәуекелдерін жасырмай, барлық мүмкін сценарийді көрсету міндеті қойылған. Сондықтан зерттеу қорытындылары жобаны қолдауға ғана бағытталмауы керек. Керісінше, олар құрылыс барысында туындауы ықтимал мәселелерді ашық көрсетуі тиіс.

Ержан Еркінбаев экология саласында тәжірибесі бар мамандарға да алғыс айтты. Олардың ғылыми зерттеулерді зерделеуге және жобаға қатысты экологиялық ақпаратты халыққа жеткізуге қатысуы маңызды екенін атап өтті.

Almaty Superski – жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты. Жоба аясында 60 шақырым шаңғы трассасын және 17 көтергіш құрылғы салу жоспарланған. Оның 11-і аспалы жол болады. Курорт күніне 10 мыңға дейін келушіні қабылдай алады.

Көтергіш құрылғылардың санына алаңдаған алматылықтар мұндай ауқымды құрылыс ұлттық парк аумағына және экологияға қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін жиі айтады.

Алайда Kazakh Tourism басшысы 1 025 гектар аумаққа шаққанда 11 аспалы жолдың көп еместігін алға тартты. Оның айтуынша, жоба көрсеткіштері экологиялық талаптары жоғары Еуропа елдерінің тәжірибесімен салыстырылған. Атап айтқанда, Швейцария, Австрия, Франция және Италияның тау курорттарын дамыту тәжірибесі зерделенген.

Мысалы, Италияда бір көтергіш құрылғыға курорт аумағының 26 гектары сәйкес келеді. Егер осы нормативті Алматыдағы жобаға қолданса, онда мұнда 40-қа жуық көтергіш құрылғы салуға болар еді. Ал қазіргі жобада олардың саны 17 болып отыр. Еркінбаевтың айтуынша, жоба көрсеткіштері Швейцария мен Австриядағы талаптарға да жақын.

Оның сөзінше, Almaty Superski тек қысқы демалыс пен шаңғы тебуге арналған орын болмайды. Жаз мезгілінде мұнда жаяу жүргіншілер бағыттары, демалыс аймақтары және балалы отбасыларға, қарт адамдарға, қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған инфрақұрылым қарастырылады.

Курорттың басты мақсаты – тауды тек спорттық дайындығы бар адамдарға ғана емес, тұрғындардың барлық санатына қолжетімді ету. Мәселен, арбадағы баламен бірге жүрген ата-ана да тауға көтеріліп, таза ауада демала алуы керек.

Ержан Еркінбаев жобаның маңызды шарттарының бірі ретінде жердің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен ұлттық парк құрамынан шығарылмайтынын атап өтті. Яғни құрылыс жүргізілетін аумақтар да қорғалатын табиғи жер мәртебесін сақтайды.

Оның түсіндіруінше, ұлттық парктің аумақтық аймақтарға бөлінуіне сәйкес, жердің төрт санаты бар. Олардың басым бөлігінде қандай да бір құрылыс жүргізуге болмайды. Ал туризмді дамытуға мүмкіндік беретін жалғыз санат – шаруашылық қызметі шектелген аумақтар.

Курорт салу үшін ұлттық парк әкімшілігімен бірлесіп белгіленген 1 025 гектар жер осы санатқа жатады. Сондықтан мұнда туристік инфрақұрылым салуға мүмкіндік бар.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен ағаштар сақталады

Көк-Жайлаудағы жобаға қатысты тұрғындарды алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – өсімдіктер дүниесінің жағдайы. Осыған байланысты әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары аумақта далалық зерттеу жүргізген.

Зерттеу нәтижесінде Қызыл кітапқа енген ағаштар мен өсімдіктерге тиіспеу туралы келісім жасалған. Әрбір сирек кездесетін ағаш пен өсімдіктің координаттары картаға түсірілген. Жоба да сол деректерге сәйкес түзетілген.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, құрылыс аумағына Сиверс алмасы, өрік және Қызыл кітапқа енген өзге де өсімдіктер мен ағаштар кірмейді. Олардың барлығы сақталады.

Сонымен бірге ғалымдар курорт салынбай тұрып-ақ аумаққа түсетін антропогендік жүктеменің жоғары екенін анықтаған.

Зерттеу есебінде рекреациялық жүктеме салдарынан кейбір жерлерде өсімдік жамылғысының өзгергені көрсетілген. Атап айтқанда, шөптесін өсімдіктер механикалық зақымданған, өсімдік жамылғысы сиреген, адамдардың жиі жүруінен топырақтың үстіңгі қабаты тығыздалған. Сонымен қатар тұрақты соқпақтар пайда болып, кейбір ағаштардың тұтастығы бұзылған.

Ғалымдардың пікірінше, мұндай антропогендік әсер өсімдіктер түрлерінің арақатынасына, олардың табиғи жолмен қайта өсуіне және өсімдік қауымдастықтарының тұрақтылығына ықпал етуі мүмкін.

Еркінбаев топырақтану институтының мамандарымен де осы мәселе талқыланғанын айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы туризмнің дамуына байланысты ұлттық парк аумағына түсетін антропогендік жүктеме шегіне жеткен.

Осы ретте ол туристік инфрақұрылым салмау табиғатты автоматты түрде сақтап қалады дегенді білдірмейтінін атап өтті. Себебі туризм бәрібір дамиды, ал реттелмеген туристік белсенділік табиғи экожүйеге кері әсерін жалғастыра беруі мүмкін.

Мұздықтарға әсер етпеу үшін шаңғы маусымы ұзартылмайды

Таудағы қар жамылғысы мен мұздықтардың жағдайы да зерттеу барысында назарға алынған. Тұрғындарды алдағы 10, 20 немесе 30 жылда Алматы тауларында қардың сақталуы және тау курортының мұздықтарға ықпалы алаңдатады.

Осыған байланысты гляциология институтының мамандары аумақтың қар жамылғысына қатысты көпжылдық деректерді талдаған.

Зерттеушілердің қорытындысына сәйкес, қар жамылғысының ұзақмерзімді циклдік өзгерістерінің толық кезеңі шамамен 35 жылды құрайды. Бұл деректер өткен ғасырдың 70-жылдарынан 2000-жылдардың ортасына дейінгі кезеңді қамтиды.

Ғалымдар осы мәліметтерге сүйене отырып, курорт аумағындағы қар жағдайы ұзақмерзімді перспективада салыстырмалы түрде тұрақты болады деп есептейді. Алдағы 30-40 жылда қар жамылғысының күрт азаю қаупі төмен деп бағаланған.

Сонымен қатар мамандар мұздықтарға қатысты маңызды ескерту жасаған. Олардың пікірінше, жоба мұздықтардың жағдайына әсер етпеуі үшін шаңғы маусымын ұзарту мақсатында қызметті мұздықтардың бетіне көшіруге жол бермеу керек. Мұндай әрекетке мүлде жол берілмеуі тиіс.

Ержан Еркінбаев бұл ұсыныспен толық келісетінін айтты. Оның сөзінше, курорт тек бекітілген бас жоспар аясында дамиды. Жобаны іске асыру кезінде мұздықтарды сақтау жөніндегі ғылыми ұсыныстар міндетті түрде ескеріледі.

Қар барысы мен аюдың мекені өзгермейді ме?

Жануарлар дүниесіне қатысты зерттеуді Зоология институтының мамандары жүргізген. Ғалымдар қар барысы, аю, марал және тау ешкісі сияқты жануарлардың тіршілік ететін аумақтарын зерттеп, курорт құрылысының оларға ықтимал әсерін бағалаған.

Зерттеу қорытындысында қар барысы мен Сібір тау ешкісіне тән биік таулы жартасты және үйінді тасты мекендеу орындары тікелей құрылыс жүргізілетін аумақтан тыс орналасқаны айтылған.

Ал аю негізінен жетуі қиын жартасты жерлерді мекендейді. Сондықтан ғалымдардың бағалауынша, курорт нысандарының құрылысы оның тіршілік ету ортасына айтарлықтай әсер етпейді.

Тас сусарының жағдайы да зерттелген. Мамандар бұл жануардың әртүрлі табиғи ортаға бейімделе алатынын айтады. Сондықтан жекелеген табиғи аумақтардың өзгеруі мен рекреациялық жүктеменің артуы оның мекендеу орындарын пайдалану сипатына айтарлықтай ықпал етпеуі мүмкін.

Зоологтар тек ықтимал қауіптерді бағалап қана қоймай, олардың алдын алу шараларын да ұсынған.

Мәселен, орман алқаптарын қалпына келтіру, жануарларға арналған қосымша қоректендіру алаңдарын ұйымдастыру маралдарға жобаның ықтимал әсерін азайтуға көмектеседі. Мұндай шаралар дұрыс жерде орналасып, тиісті күтім жасалған жағдайда жануарлардың қоректену және қорғану жағдайын жақсартып, олардың жергілікті популяциясының көбеюіне ықпал етуі мүмкін.

Сонымен қатар тыныштық аймақтарын сақтау, жануарлардың қорек табу мүмкіндігін арттыру және қауіпсіз мекендеу ортасын қалыптастыру тұяқты жануарлардың санын қалпына келтіруге жағдай жасайды.

Ғалымдардың пікірінше, қоректенуге жарамды аумақ жеткілікті болса, олардың өзара байланысы сақталып, тиімді қорғалса, жыртқыштардың табиғи қорек базасы да жақсарады. Бұл, соның ішінде қар барысының тұрақты тіршілік етуіне қолайлы жағдай қалыптастыруы мүмкін.

Курортқа өзен суының 14 пайызы ғана қажет

Су ресурстары – жобаның экологиялық қауіпсіздігіне қатысты тағы бір маңызды мәселе. Ержан Еркінбаев курорттың Алматы қаласын ауызсумен қамтамасыз ету жүйесіне әсер етпейтінін бұған дейін де бірнеше рет айтқанын еске салды.

Гидрогеология саласының мамандарының зерттеуіне сәйкес, бір өзеннің жерүсті су ағынының 14 пайызынан аспайтын көлемі курорттың қажеттілігін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Зерттеушілер су жеткізудің аралас схемасын ұсынған. Бұл жүйе жерүсті суын пайдаланумен қатар, қажет болған жағдайда жерасты су көздерін қосымша резерв ретінде қолдануды қарастырады.

Таулы аймақта жарықшақты жерасты суларының қоры бар. Оларды пайдалану суы аз кезеңдерде өзендерге түсетін жүктемені реттеуге көмектесуі мүмкін.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, курорт аумағында жобаланған су қоймалары Терісбұтақ өзенінің су ағынының 14 пайызы есебінен көктем мезгілінде толтырыла алады. Қыс мезгілі басталғанға дейін жиналған су жасанды қар өндіру жүйесінің қажеттілігін қамтамасыз етуге де жеткілікті болады деп күтілуде.

Көк-Жайлаудан 123 тарихи ескерткіш табылған

Жобаға қатысты зерттеулер тек табиғи ортаға ғана емес, тарихи-мәдени мұраға да қатысты жүргізілген.

Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары аумаққа археологиялық сараптама жасаған. Нәтижесінде тарихи-мәдени мұраның 21 нысаны анықталған. Олардың құрамында 123 жеке ескерткіш бар.

Тарихи мұра нысандарын сақтау үшін олардың әрқайсысының айналасында қорғау аймағы белгіленеді. Бұл аймақтың көлемі 40 метрді құрайды. Қорғау аумағында құрылыс және басқа да жұмыстар жүргізілмейді.

Ержан Еркінбаев Ұлттық парктің үйлестіру кеңесіне және тарихи мұраға бейжай қарамаған азаматтарға алғыс айтты.

Оның сөзінше, кейбір азаматтардың бастамасымен Көк-Жайлау аумағында тарихи маңызы бар ескерткіштер болуы мүмкін екені көтерілген. Бұған дейін олардың бірқатары жергілікті атқарушы орган мен министрліктің ресми тізімінде болмаған.

Археологтардың жұмысы нәтижесінде бұл нысандар анықталған. Олардың кейбірі бұрын тоналған. Дегенмен бірлескен жұмыстың арқасында сақталып қалған тарихи ескерткіштерді қорғап, музейлендіруге және табылған орнында сақтауға мүмкіндік туған.

Сел, көшкін және опырылу қаупі қалай бағаланды?

Тұрғындарды алаңдататын мәселелердің бірі – таулы аймақтағы табиғи апаттардың қаупі. Атап айтқанда, қар көшкіні, жер көшкіні, сел және басқа да геологиялық құбылыстардың ықтималдығы зерттелген.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, ғалымдардың алдына ықтимал қауіптердің барлығын, соның ішінде ең қолайсыз сценарийлерді егжей-тегжейлі анықтау міндеті қойылған.

Зерттеу есебінде ең нашар факторлар қатар келген жағдайда, соның ішінде су қоймалары бұзылған кезде сел жүруі мүмкін екені қарастырылған. Теориялық модельдеу нәтижесінде мұндай сел өзен арнасымен төмен түсіп, бөгетке дейін жетуі ықтимал. Алайда есеп бойынша, бөгеттің толу деңгейі 15 пайыздан аспайды.

Сонымен бірге зерттеу барысында өзге де қауіптер анықталған. Мамандар таудағы топырақ қабатының жас әрі қозғалмалы екенін ескерткен. Сондықтан жобалау кезінде осы ерекшеліктерге ерекше назар аудару қажет.

Еркінбаев ғылыми институттардың қорытындысы құрылысқа рұқсат беретін құжат емес екенін арнайы атап өтті. Бұл – жобалау кезінде ескерілуі тиіс тәуекелдер мен ұсыныстар жиынтығы.

Ал жобаның тікелей жобалау жұмыстарын бас жобалаушы – «ҚазҚСҒЗИ» институты атқарады. Табиғи апаттардың және басқа да ықтимал қауіптердің алдын алуға қажетті түпкілікті есептеулер мен инженерлік шешімдер осы ұйымның жауапкершілігінде болады.

Оның айтуынша, қазіргі заманғы геологиялық болжамдау әдістері, математикалық модельдеу және инженерлік қорғаныс жүйелері адамдар мен инфрақұрылымға төнетін қауіптерді едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Топырақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі

Ғалымдардың топыраққа қатысты зерттеулері Көк-Жайлау аумағындағы топырақ жамылғысының жалпы жағдайы қанағаттанарлық екенін көрсеткен. Сонымен бірге оның табиғи ерекшеліктері мен кейбір учаскелердегі өзгерістер де ескерілген.

Зерттеушілердің пікірінше, рекультивация шараларын жүргізу арқылы бүлінген жерлерді қалпына келтіруге болады.

Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуы керек. Құрылыс жұмыстары аяқталған сайын алдын ала сақталған топырақ материалы дайындалған әрі тұрақтандырылған жерге қайта төселеді. Оған дейін аумақта су бұру жүйесі ұйымдастырылуы қажет.

Ержан Еркінбаевтың айтуынша, зерттеу нәтижелері жобаны іске асыру кезінде бірнеше маңызды талапты басшылыққа алу қажеттігін көрсетеді.

Біріншіден, жобаның бастапқы кезеңінен бастап экологтармен тұрақты жұмыс жүргізу керек. Екіншіден, мүмкіндігінше қолданыстағы инфрақұрылымды пайдаланып, оны жаңғырту қажет. Үшіншіден, табиғатқа келетін ықтимал залалды өтеу шараларын қарастырып, экологиялық тұрғыдан аса құнды аумақтарға тиіспеу маңызды.

Оның сөзінше, осы талаптар сақталған жағдайда Алматы тауларында әлемдік деңгейдегі курортты табиғатқа зиян келтірмей салуға мүмкіндік бар.

Ғылыми зерттеулер экологиялық бақылауды алмастырмайды

Ержан Еркінбаев жобаға қатысты қоғамның сұрақтары мен алаңдаушылығын кедергі ретінде қабылдамайтынын айтты. Керісінше, мұндай пікірлер жобаны жақсартуға көмектесетін құрал болуы керек.

Сонымен бірге ол ғылыми зерттеулердің өзі құрылысқа қажетті барлық рұқсат рәсімдерін алмастырмайтынын және мемлекеттік экологиялық бақылаудан босатпайтынын атап өтті.

Жобаны іске асыру үшін заңнамада көзделген барлық міндетті рәсімдерден өту қажет. Ғалымдардың қорытындылары жобалау кезінде де, құрылыс барысында да ескеріледі.

Оның айтуынша, ғылыми сүйемелдеу бір реттік жұмыс болмауы керек. Kazakh Tourism жобаның барлық кезеңінде ғалымдармен тұрақты байланыста болуға мүдделі.

Курорт ашылғаннан кейін ғылыми орталық құру жоспарланып отыр

Ержан Еркінбаевтың сөзінше, Almaty Superski туристерге есігін ашқаннан кейін де ғылыми зерттеулер жалғасуы мүмкін.

Оның айтуынша, курорт аумағында алты ғылыми институттың мамандары жұмыс істей алатын зертханалары бар үлкен ғылыми орталық құру жоспарда бар.

Бұл орталықта ғалымдар табиғат жағдайын, ауа райының курорт жұмысына әсерін және туристік инфрақұрылымның экожүйеге ықпалын тұрақты бақылап отырады.

Зерттеу нәтижелері негізінде мамандар курорттың жұмысына қатысты ұсыныстар беріп, табиғи ортадағы өзгерістерді күнделікті қадағалай алады.

Сөз соңында Ержан Еркінбаев зерттеу жүргізген ғылыми ұжымдарға алғыс айтып, олардың жұмысы жобаның экологиялық талаптарға сай жүзеге асуына негіз болатынын атап өтті.