Көгілдір отыннан келер қауіп бар ма?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ТМД аумағындағы ең арзан газды тұтынатын қазақстандықтар. Біздегі 1 текше метр газдың орташа бағасы - 18,5 теңге. Бұл Ресейдегі бағамен салыстырғанда екі есе арзан, Қырғызстанмен салыстырғанда бес есе төмен. Алайда арзан газдың салдары ауыр болуы да мүмкін.
Қазақстанның газ өндіру саласы шығындарын тек экспорттан түскен табыспен жауып отыр. Газбен қамту мәселесіндегі қауіпсіздік, құбырлардың жағдайы мен цифрландыру мәселесін шешу үшін тарифтік реформа жүргізу қажет. Саланың проблемасы мен жетістігі туралы Сенат жанындағы Сенаторлар кеңесінің мүшесі, техника ғылымдарының докторы Ләззат Киинов не дейді?
Көлем ғана емес, қауіпсіздік те маңызды
Соңғы он жылда сала мамандары халықты газбен қамту мәселесіне мықтап мойын бұрды. Бұл мемлекет басшысының да талабы еді. Қалалар мен елді мекендерде газ жүйесін жаңғырту бойынша бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылып, газды тұтынатындар саны 51%-ға дейін артты. Ләззат Кииновтің айтуынша, «Сарыарқа» газ магистралі тартылған соң бұл көрсеткіш 60 пайызға жетеді. Өңірлерді газбен қамту белсенділігінің жоғарылауы ішкі нарықтағы оған деген сұранысты да арттырған. 2025 жылы ішкі нарық жылына 20 млрд текше метр газ тұтынады деген болжам бар. Бұл қазіргі көрсеткішпен салыстырғанда 30%-ға артық.
Алайда осы саланың жетістігін айтқанда халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қозғамай кетуге де болмас. Жарты қаланы жайпаған Бейрутте болған жарылыс әлемді де дүр сілкіндірді. Бұл барлығымызға сабақ болуы керек. Жарылу қаупі жоғары заттарды сақтау мен қолданудың барлық елде белгілі бір талаптары бар. Соған қарамастан адами фактор, салғырттық пен қаржының жеткіліксіздігі кез келген елде қайғылы жағдайлардың орын алуына себеп болуы мүмкін. Мұнай-газ саласы ел бюджетінің негізгі табысын құрайтын маңызды салалардың бірі екені белгілі. Сондай-ақ, дәл осы саланың қауіптілігі де жоғары. Сондықтан көмірсутек шикізатын өндіру көлемін арттыруға күш салғанда, «мұнайшылар» оны сақтау, қолдану мен транспорттаудың талаптарының қандай деңгейде екеніне де ерекше назар аударып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін естен шығармаулары тиіс. Бұл салада да қордаланған проблемалар бар, - дейді ол.
Сұраныс та, шығын да көп
Ел үшін газдың қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Газ жүйесі әр аймаққа тартылмағанымен, әр үйде баллондардың бар екені шындық. Бұл оның бағасының қолжетімділігінен де болса керек. Мемлекет неше жылдан бері халық үшін қажет газдың бағасын ұстап тұр. ТМД елдері ішінде ең арзан газ бізде екенін атап өткен жөн. 1 текше метр газдың орташа бағасы - 18,5 теңге. Бұл Ресейдегі бағамен салыстырғанда екі есе арзан, Қырғызстанмен салыстырғанда бес есе төмен.
Ішкі нарықтағы газдың қолжетімділігі бағасы мен соған орай сұраныстың көптігі осы саланың шығынмен жұмыс істеуіне әкеліп соқты. Бұл шығындар үнемі газ экспортының табысымен жабылатын. Бүгінгі күні бір пәтердің газды тұтыну төлемі орташа алғанда коммуналдық шығындардың 1,7 пайызы немесе 600 теңгені құрап отыр. Бұл жылытуға кететін төлеммен салыстырғанда 16 есе төмен. Ал интернет пен телефонға одан 12 есе көбірек жұмсаймыз. Тіпті қоқысты шығару тарифі газдан қымбат. Газ мұнаймен бірге өндіріледі. Сондықтан мұнай өндіру төмендегенде, бағасы құлдырағанда бұл газ өндіру ісіне де тікелей әсер етеді. Осының бәрі тауарлы газ тапшылығын туындатып, газ экспорты көлемінің азаюына әкеліп соғады, - дейді Ляззат Киинов.
Мұнай-газ саласы пандемияның салдарынан «шок» жағдайын бастан кешірді. Сондықтан газ өндірушілерді қалай қолдасақ, газ тапшылығы туындауының алдын қалай алсақ деген мәселені жұрт болып ойласатын кез келді деп есептейді ғалым.
Алда қыс, газ тапшылығы туындаса, «коллапстың» орын алуы да ғажап емес. Халықты газбен үздіксіз қамтамасыз ету баға қалыптастыру саясатын қайта қарауды талап етеді. Мамандар мен шенеуніктер «арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін» барлығы үшін тиімді баға қалыптастыру мәселесін қолға алулары тиіс, - деп сөзін жалғады ол.
Газ бағасын көтеру қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де қажет. Өйткені тозығы жеткен құрылғыларды жөндеу және профилактикалық шараларды дер кезінде атқарып отыру үшін қаржы жеткілікті болуы тиіс. Газ саласында жоғары қысымды құбырлар қолданылады. Олар алдын ала, ең дұрысы суық түскенге дейін сатып алынып отыруы керек. Ал қазіргі жағдайда бұл нормалар қаншалықты сақталып отырғаны белгісіз.
Газ қоқыстан арзан болмауы керек
Баға және қауіпсізік. Екеуін таразыға салмаудың жолы қайсы? Тариф реформасын көпшілік қолдамауы мүмкін. Олар да қаржылық қиындықты бастан кешуде. Сондықтан осы мәселені шешу үшін сала сарапшыларының ғана емес, халықтың да пікірі маңызды. Ляззат Кииновтің «өзгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» деп отырғаны сол.
Өткен ғасырдың 80 жылдарының басында Башкирияда болған жарылыс туралы көпшілік біле бермейді. Газ магистралінде кішкентай ғана тыртық пайда болып, ауаға газ тараған. Ол төменге, жолаушылар пойызы жүретін теміржол бойына жинала берген. Сол кезде болған жарылыс пен өрт талай адамның өмірін қиды. Осыған ұқсас жағдай Орталық Азия газ құбырында да болған. Бұл мысалдарды елдің үрейін алу үшін келтіріп отырған жоқпын. Еліміздегі газ құбырларының жағдайы мен халықтың қауіпсіздігі мәселесіне назар аударту үшін айтып отырмын. Ал бұл мәселені қаржысыз шешу мүмкін емес, - деді техника ғылымдарының докторы.
Оның сөзінше, сондықтан тариф түзуді қайта қарау қазір өте өзекті мәселе болып тұр.
Мүмкін барлық құбырлардың жағдайын тексерумен қатар, жаңа нысандар салу, ескілерді жаңаға ауыстыру қажеттілігі де бар шығар. Сол сияқты, құбырлардың ішкі жағдайы да назардан тыс қалмауы керек. Осыны және технологияны цифрландыру мәселесін шешуді дәл қазір шығынмен жұмыс істеп жатқан сала бір өзі еңсере алмайды. Сауатты тариф жүйесі болмаса, өндірушілер үнемі шығынмен жұмыс істесе ерте ме, кеш пе жоғарыда мысал келтірген жағдайдың орын алуы әбден мүмкін. Кеш болмай тұрғанда оған тосқауыл қоюымыз керек. Тариф мәселесін қозғағанда халықтың қалтасын қағу деген ойдан аулақпын. Тек газ қоқыс шығару бағасынан төмен болмауы тиіс деп есептеймін, - деп сөзін түйіндеді ғалым.