Көгерген иіс, сынған терезе: Алматылықтар қараусыз қалған ғимаратқа алаңдаулы

Алматыда Абай-Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан теміржол ауруханасының қазіргі жағдайына шағымданды. Бүгінде ғимараттың терезелері сынып, қабырғалары көгерген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғындар ғимараттың жай-күйіне алаңдағанына біраз уақыт болды. Былтыр ғимараттың айналасы қоршалып, жөндеу жұмыстарының ақпараты ілінген еді.

 Дегенмен қоршаудың алды қайтадан қаңғыбастардың ордасына айналған. 

Қала тұрғындары ғимарттың ішіне қызық көріп жастар мен оқушылардың да кіретінін атап өтті. 

Осы ғимарат жөнделеді дегенде қуанған едік. Себебі бұл маңда жастар мен балалар да, қарт кісілер де жүреді. Маңайынан өткенде жағымсыз исі қолқаны алады. Ал алдынан өтсеңіз, бойыңызды үрей билейді. Себебі алдында жиналып отыратын ішіп алған кезбелер халықтың мазасын алады. Қоршауды қойғанда бәрі тынышталады деген ой болған. Дегенмен ол қоршау бұзылыпты. Жастар мен оқушылар қызық көріп сол жерден ішке кіріп, тас лақтырып жүргенін көрдім. Ішке кіруге болмайды деген сөзді құлақтарына да ілмей, қорқынышты жерді қызықтап жүргенін байқап қалдым, – дейді Айзат есімді қала тұрғын. 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесіуінде бұрынғы теміржол ауруханасының ғимаратында балаларды оңалтудың қалалық орталығы ашылатынын атап өткен еді. 

Тарихи ғимаратқа ерекше назар аударамыз. Жобаны келісу, оны "Қазреставрациямен" қалпына келтіру белгілі бір уақытты алды. Ол біздің жобамызды мақұлдады және бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Келер жылы біз жұмыс істей бастаймыз. Жобаға қаржы бөлінген. Онда қалалық балаларды оңалту орталығы ашылады. Бұл тек қалалық аурухананың аурасын сақтау үшін ғана емес, ең алдымен, бізде қала орталығында балаларға арналған осындай орын пайда болады. Барлық жұмыс Алматы қаласының даму жоспарына сәйкес жүргізіледі. Мен ғимараттың тарихи келбетін қалпына келтіруді қадағалаймын, ал орталықтың ішін қажетті заманауи құралдармен жабдықтап, балаларға қолайлы жағдай жасаймыз, – деген еді Ерболат Досаев.

Құрылыс жұмыстары сараптамадан өткеннен кейін 2024 жылдың мамырында басталады деп жоспарланған. 

Дегенмен ғимарттың маңайынан ешбір жұмыс басталмағанын көруге болады. Ғимарат сол күйі қаңырап тұр…

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы