Кодекс әзірленіп жатыр. Енді әлеуметтік саладағы әбігер азаятын болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылғы қыркүйектегі екінші Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлеуметтік кодекс әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің пікірінше, әлеуметтік саладағы мемлекеттің жауапкершілігі айқын емес, ал азаматтар өз құқығын түсінбей жүр.

Жалпы бізге әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы қажет. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы 17 заң және ондаған заңнамалық актімен реттеледі. Бұл саланы реттеуді қиындатып, күрделендіріп жіберді. Салдарынан мемлекеттің жауапкершілігі айқын емес, ал азаматтар өз құқығын түсінбей жүр. Осыған байланысты Үкіметке елдің әлеуметтік кодексін әзірлеуді тапсырамын, - деген болатын Тоқаев.

Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минстрлігі осы тапсырма бойынша кодекстің тұжырымдасын әзірлеп жатыр.

Әлеуметтік кодекстің ең басты мақсаты – азаматтарға түсінікті тілмен жазу, бүкіл әлеуметтік саланы реттейтін барлық заң бір кодекске біріктіріледі. Қазіргі уақытта қазақстандықтарға 1 кодекспен, 16 заңмен және 100-ден астам заңға тәуелді актімен реттелетін әлеуметтік қамсыздандыру шараларының кең спектрі ұсынылады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатта шоғырландыру. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. Сонымен қатар әлемдік тәжірибені де ескердік, - дейді министрліктің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің басқарма басшысы Асхат Ниязов.

Оның айтуынша, Әлеуметтік кодексті әзірлеу барысында әлеуметтік шаралар ескерілген. Яғни баланың туғанынан бастап, қартайған шағына дейін әрбір кезең қамтылған.

Әр бапта өзіне сәйкес нормалар қалыптасқан. Мысалы, қазір бала туғанда төленетін жәрдемақылар бар. Мүгедек балаларға, мүгедек адамдарға, зейнеткерлікке шыққан кезде берілетін жәрдемақының түрлері қарастырылған. Қызметкер жұмыс кезінде еңбекке жарамсыз болып қалса, ол қазір әр түрлі заңнама бойынша реттеледі. Енді барлығы бір кодекс аясында шешіледі, - дейді басқарма басшысы. 

Оның айтуынша, кодекс тұжырымдамасы биыл жыл соңына дейін әзірленіп, бітеді. Сосын келесі жылдың соңына дейін Парламенттің қарауына енгізуді көздеп отыр екен. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы