Көбейту кестесін білмеген министр ұятқа қалды
Эстония білім және ғылым министрі Кристина Каллас көбейту кестесін білмей, тікелей эфирде ұятқа қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Министр тележүргізуші қойған қарапайым математикалық сұраққа жауап бере алмаған. "8-ді 4-ке көбейтсе неше болады?" деген сауалға министр: "Білмеймін" деп жауап берген. Бұл сәт тікелей эфирде болған.
Министрдің бұл жауабы қоғамда қызу пікірталас тудырды. Себебі Кристина Каллас – елдегі білім саласының басшысы ғана емес, интеграция және этносаралық саясат мәселелерінің сарапшысы.
Сондай-ақ оның ғылым саласындағы беделі де жоғары: 2016 жылы саясаттану ғылымдарының докторы дәрежесін қорғаған. Диссертациясын Эстония, Ресей және эстон ресейліктері арасындағы этносаяси қарым-қатынастарға арналған.
Білім – тек формула мен сандардан тұрмайды, - деп ақталды министр тікелей эфирдегі ыңғайсыз жайтқа.
Алайда қоғам министрден қарапайым есепті шеше алатын деңгейде білім болуын күткенін жасырмады.