ҚМДБ төрағасы Түркиядағы «Талаба» қауымдастығы мүшелерімен кездесті
Алматы, BAQ.KZ. ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация Түркияда діни білім алып жатқан «Талаба» қауымдастығы мүшелерімен кездесті.
Кездесуде Бас мүфти Түркиядағы шәкірттерді ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, ҚМДБ-ның тың бастамалары жайында аз-кем ақпарат берді.
Сондай-ақ Наурызбай қажы Тағанұлы Түркияға ҚМДБ-ның жауапты өкілі ретінде тағайындалған Жандос Айтбаевты таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Кездесуде Діни басқарма төрағасы білім алудың артықшылығы, ғалымдардың міндеті, жастық шақтың қадірі, туған елге сүйіспеншілік турасында өз насихатын жеткізді.
Жас кезде алған білімнің ғұмыры ұзақ болады. Әрі ол білім Сіз үшін өмір бойы қызмет етеді. Жас кезде Құран жаттау, хадис жаттау жеңіл. Алла Тағала Сіздердің жастық шақтарыңызға осындай нығмет беріп қойды. Енді Алла қаласа осы алған білімді туған жерде, елге келіп өрістетуді ойлау керек. Абай Құнанбайұлы «Адам баласының ең жаманы – талапсыздық» дейді. Бірақ Сіздер талаптану, еңбектену арқылы ілім жолына түстіңіздер. Оқу – инемен құдық қазғандай деп бекер айтылмаса керек. Ендеше осы жолда, діни білім алу жолындағы әр күндеріңіз сауапқа толы болсын,- деді Бас мүфти.
Кездесу барысында наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы, Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы мен діни білімге жауапты Смайыл Сүйерқұлұлы және уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Берденұлы шетте жүрген тәлімгерлерге тағылым айтып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Айта кетейік Бас мүфтимен болған жүздесуге Стамбұлдағы шәкірттерден бөлек Бас консулдың кеңесшісі Қуат Раев арнайы қатысты. Кеш соңында Наурызбай қажы Тағанұлы студенттерге Діни басқарманың «Муфтият баспасынан» шыққан «Ихсан ілімі» мен «Толық адам» кітабын сыйға тартты.