Қызылордада Абай мұрасын сүйіп оқитындар өздеріне клуб ашып алды

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын сүйіп оқитындардың клубы жұмыс істейді. Достық үйінде ашылған клуб "Абай қазынасына саяхат" деп аталады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Сыр өңіріндегі жұмыстарын үйлестіретін "Қоғамдық келісім" мекемесінің аға сарапшысы, клуб жетекшісі Шакизат Абдраманованың айтуынша, клубтың мақсат-міндеті – бүгінгі қоғамға Абайдың өмірі мен еңбегін кеңінен насихаттап, оның мұрасымен сусындауға шақыру, хәкімнің жүрек іліміне терең үңілу, талқылау.


Жаңа клубқа Абайдың асыл мұрасын қызыға оқитын, оны бойына сіңіруді мақсат еткен 35 адам мүше болды. Мұның арасында балабақша бүлдіршінінен бастап еңкейген қарияға дейін бар. Ақпан айының басында жұмысымызды бастадық. Жыл соңына дейін Абай атаның мерейтойына орай түрлі шаралар ұйымдастырамыз. Қара сөздері мен өлеңдерін мәнерлеп оқу, олардың мағынасын ашу, Абай туралы бейнероликтер, деректі һәм көркем фильмдер көрсету, жас ақындар мүшайрасы, эссе байқауы, әдеби кеш секілді шараларды өткіземіз, - дейді Шакизат Абдраманова.

Клубтың модераторы – Қызылорда университетінің студенті Елена Пак. Ол хәкімнің 200-ге жуық өлеңін жатқа біледі.

Клубтың жұмысының басталғанына көп болған жоқ. Бір шара ғана өткіздік. Сол кезде Абайдың рухани болмысын Пушкин, Лермонтов сынды орыстың ақындарымен салыстырып, ұқсастық таптық. Клуб мүшелері караокені қосып, "Көзімнің қарасы" әнін шырқап, көңіліміз де көркейіп қалды, – деген Елена Абай мұрасына қалай ғашық болғанын айтты.

Шиелі ауданының Ақмая елді мекенінде 19 жастағы арудың айтуынша, Пак әулеті қазақтың салт-дәстүрін және тілін жетік біледі.

Атам Виталий Пак күрішші, әжем Светлана Лян бухгалтер болып еңбек етті. Қазіргі таңда екі кісі де зейнетте. Әкем Владимир мен анам Татьяна да ауылдағы қарашаңырақта тұрақтады және "Ақмая" шаруашылығында жұмыс істейді. Сондай-ақ бір ағам, бір інім бар. "Қазақ тілінің болашағы зор" деген болар, әжем мені ауылдағы қазақ мектебінде оқытты. Сол мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарым Абай мұрасына деген қызығушылығымды оятты. Өлеңдері мен қара сөздерінен бөлек, "Ескендір" поэмасын да жаттадым. "Абай оқуларының" аудандық іріктеуінде жүлделі орын алып, ұстазымды, ата-әжемді қуантқаным есімде. Ұлы ақынның сөздерінде адамның мінезін түзейтін, адами қалыпты сақтайтын қасиет бар, – дейді Елена.
Кәріс ұлтының өкілі Елена Пак өмірдің қуанышы мен қиындығында Абайдың рухани мұрасы жол көрсететінін жеткізді. Сонымен бірге өзінің замандастарына ұлы ақынның сөздеріне – айнаға қарағандай күнде назар салып тұруға кеңес берді.

Клубтың мақсаты да осы. Абайға қарап бой түзеуге үгіттеу. Бұйырса, жыл бойы Абайдың есімін ұлықтап, еңбегін дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ал қазір клубқа мүшелікке қабылдау жүріп жатыр, яғни қатарымыз көбейе беретін болады. Әзірге 35 адамға арнайы дайындалған "Абай клубының мүшесі" куәлігін табыстадық, – дейді Елена.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы