Климат, қауіпсіздік, бірлік: АӨСШК саммиті қалай қорытындыланды
Осы аптаның басты оқиғасы – Астанада өткен АӨСШК саммиті болды. 11 елдің мемлекет басшысы қатысқан саммитте қандай мәселелер талқыланғанын бағамдап көрелік, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
АӨСШК – экономикалық өлшемнен туған сұраныс
Биыл осы Кеңесті шақыру туралы бастаманың көтерілгеніне 30 жыл толды. Ұйымды құру туралы бастаманы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында ұсынды. 1999 жылғы 14 қыркүйекте Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) өкілдерінің бірінші кездесуі өтеді. Онда АӨСШК-ке мүше мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін Қағидаттар декларациясы қабылданды. Бастапқыда АӨСШК құрамына Еуразия құрлығындағы 16 мемлекет кірді. Алғашқы саммит 2002 жылы Алматыда өтті.
АӨСШК – Азия континентіндегі аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін беделді құрылым.
Кеңеске 1999 жылы 15 мемлекет мүше болса, қазір олардың саны 28-ге жетті. Бұл, шын мәнінде, форумның Азия елдері және жалпы әлем қауымдастығы алдындағы беделі арта түскенін көрсетеді. Бұл қатарға енді Кувейт те қосылып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзара тұрақты байланыс жөніндегі АӨСШК Кеңесін құру дер кезінде қабылданған шешім екенін айтады.
Жаһандық логистикалық тізбектердің үзілуі тиімді көлік-транзит дәліздерін қалыптастыруға жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Жүк тасымалының оңтайлы әрі қолжетімді жолдары – экономикамыздың тұрақты өсімінің маңызды факторы. Коммуникация мен жүктерді жеткізудің әртараптандырылған бағыттарын пысықтау арқылы көлік-транзит әлеуетін жүзеге асыруға мән беру маңызды, - деді Тоқаев.
Саммитте Тоқаев климаттың өзгеруі уақыт өткен сайын болжап білуі қиын, әрі зардабы ауыр табиғат апаттарына алып келетінін айтты.
2021 жылы Азияда мұндай жағдайлардан 57 миллион адам зардап шекті. 2050 жылға қарай Азия экономикасына осындай табиғи катаклизмдерден келетін ықтимал залал ЖІӨ-нің 26 пайызына дейін жетуі мүмкін. Таяуда Пәкістанда болған жойқын су тасқыны орасан зор гуманитарлық апатқа ұшыратты. Осындай қиын кезде біз Пәкістан халқымен және үкіметімен бірге екенімізді тағы да дәлелдедік. Климаттық дағдарыс әскери қақтығыстарға алып келіп, алапат әрі басқаруға келмейтін миграциялық нөпірдің катализаторына айналуы мүмкін, - деді ол.
Азық-түлік қауіпсіздігі
Мемлекет басшысы АӨСШК кеңістігінде шын мәнінде жұмыс істейтін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін механизм қажет екенін айтты.
Азия әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің үштен бірін өндіргенімен, бұл саладағы олқылықтардан әлі де толық арыла қойған жоқ. Біз маңызды өнімдердің ұлттық стандарттарға сәйкестігін бағалаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуіміз керек. Сондай-ақ тауарлардың бұл санаты үшін АӨСШК-ге мүше мемлекеттер арасында «жасыл дәліздер» ашуымыз қажет. Штаб-пәтері Астанада орналасқан азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен АӨСШК арасындағы ынтымақтастықты жолға қою перспективті болмақ. Сонымен қатар елдеріміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін ескере отырып, біз мұқтаж елдерді азық-түлікпен және тыңайтқыштармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдай алар едік, - деп Тоқаев.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті адами өлшем, адами ресурстарды қорғау және дамыту басты назарда болу керек деп санайды.
Биыл шілде айында Астанада Жастар кеңесі отырысының сәтті өткізілуі осы бағыттағы өзара іс-әрекеттердің келешегі зор болатынын дәлелдейді. Осыған байланысты 2024 жылы Астанада Жастар кеңесінің қолдауымен АӨСШК-ке мүше елдердің еріктілер қозғалысы көшбасшыларының слетін өткізуді ұсынамын. АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің жетекші университеттерінің серіктестік желісін құрудың да перспективасы зор. Осы желі арқылы IT, нанотехнология және жаңартылатын энергия көздері сияқты инновациялық салалардағы әзірлемелерді алмасуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның АӨСШК-ні одан әрі дамытуға ниетті екенін тағы да нақтылады. Сондай-ақ кеңестің бірегей форматы мен географиясын ескере отырып, оның перспективалары мен болашағы зор екеніне сенім білдірді.
Мемлекет басшылары не деді?
Саммитте БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Содан кейін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР Төрағасының орынбасары Ван Цишань, Вьетнам Вице-президенті Во Тхи Ань Суан, сондай-ақ Беларусь Президенті Александр Лукашенко сөз сөйледі.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бүгінде сенім мен ынтымақтың әлсіреп бара жатқанын, сонымен бірге қақтығыстардың геосаяси шиеленісінің артып отырғанын атап өтті.
Менің баяндамамда біздің ортақ күн тәртібімізде аймақтық профилактика мен аймақтық ұйымдармен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлетін, бейбітшіліктің жаңа күн тәртібін талап етеді. Соңғы 30 жылда АӨСШК Азия елдері арасындағы маңызды диалог алаңына айналды.Біз бәріміз бейбіт және гүлденген Азиядан пайда көріп отырмыз. Мен серіктестігімізге, ортақ мақсаттарымызға – тұрақты дамуды ілгерілетуге, адам құқықтарын, бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуге, көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға ризамын. Заманымыздың сынақтарын бірге еңсеріп, Азия мен әлемнің жақсы болашағын қамтамасыз етейік. Сіздерге сәттілік тілеймін, - деді БҰҰ Бас хатшысы.
Өз кезегінде Ресей басшысы Владимир Путин Украина туралы ләм-мим демеді.
Бүгінгі кездесу жаһандық саясат пен экономикадағы елеулі өзгерістер аясында өтіп отыр. Әлем шын мәнінде көпполярлы болып келеді, ал Азия бұл жерде басты рөл атқармаса да, өте маңызды өңір болып отыр.
Ресей Президенті Азияның дамуы мен өркендеуін және осы мақсатта өзара тиімді сауда және инвестициялық ынтымақтастық үшін кең ашық кеңістік құруды жақтайтынын атап өтті. Оның айтуынша, өңірде ашаршылық пен әлеуметтік сілкіністің қаупі бар. Ол өз сөзінде Ауғанстандағы күрделі жағдайға тоқталды.
Біз ауған халқына оккупация жылдары үшін өтемақы төлеуге және заңсыз бұғатталған ауған қаражатын босатуға шақырамыз, - деді ол.
Украинадағы жағдай туралы айтқан жалғыз президент Режеп Тайип Ердоған болды.
Біздің мәселелеріміз – ортақ. Мұны ортақ ақылмен шешім табуымыз керек.Қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасы неғұрлым әділ және әділ түсіністік негізінде қалыптасуы керек.Біз бәріміз Украинадағы дағдарыстан кейінгі салдарды аймақтық және жаһандық деңгейде көріп отырмыз. Мен әрдайым бейбітшілікке тек дипломатия арқылы ғана қол жеткізуге болатынын айтып келемін. Қазіргі әділетті әлемдегі соғыста жеңімпаз болмайды. Екінші жағынан, соғыстың салдарын жоюға бағытталған біздің БҰҰ-мен бірге күш-жігеріміз бүкіл әлемді мойындатып жатыр.Біздің мақсатымыз – қандай жердегі қиындықтарға қарамастан қол жеткізілген қарқынды сақтап қалу және бітімге қол жеткізіп, қантөгісті тезірек тоқтату, - деді Ердоған.
Ал Беларусь басшысы Александр Лукашенко жаңа геосаяси шындықты қалыптастыру туралы айтты.
Шын мәнінде бұл қырық жылдан астам уақыт бұрын қалыптасып қойған. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін өз жеңісіне мас болған ұжымдық Батыс деп аталатын мемлекет жаһандық реттеуші және тұрақтылықтың кепілі функциясын орындай алмады. Оның зардабын бүкіл әлем көріп жатыр.Жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белгілі бір үлес қостық. Беларусь посткеңестік кеңістіктегі ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің бірі болды. Бірақ оның орнына не алдық? Нақты халықаралық-құқықтық кепілдіктердің орнына кепілдіктер, Будапешт меморандумы сияқты бос, дәлелсіз мәлімдемелер, тыныш, еңбекқор Беларусьтегі жағдайды шиеленістірді, - деді Лукашенко.
Александр Лукашенконың айтуынша, мұндай сценарий бұрын Украинаның басынан өтіп жатыр.
Мұның бәрі неге әкелді – көріп отырмыз. Бақытымызға орай, 2022 жылы біз осы жер бетінде – Қазақстанда бейбітшілікті сақтай алдық, - деді Президент.
АӨСШК-дегі Астана мәлімдемесі
Президенттер ынтымақтастықтың бағытын айқындады.
- Осымен біз АӨСШК-ні толыққанды өңірлік халықаралық ұйымға біртіндеп, кезең-кезеңімен және консенсусқа негізделген қайта құрудың құрылымды, инклюзивті және ашық келіссөздер процесін іске қосамыз;
- АӨСШК-ні қайта құру үдерісі келесі негізгі мақсаттарды көздейді: біздің болашақ ынтымақтастығымыздың жан-жақты салаларын айқындау және ықпалдастығымыздың ұйымдық және институционалдық негізін нығайту;
- Сондай-ақ, біз ұйымымызды оның мүше мемлекеттерінің серпінді, әділ, жан-жақты және теңгерімді экономикалық өсуіне, байланыстарына, әлеуметтік және мәдени дамуына ықпал етуші ретінде қарастырамыз. Біз қауіпсіз және гүлденген өңірге қол жеткізу жолында жиырма бірінші ғасырдағы ортақ мәселелеріміздің бірлескен шешімдерін іздестіру және БҰҰ Жарғысына сәйкес дауларды бейбіт жолмен шешуге ұмтылу үшін ұйымымыздың бір бөлігі ретінде ұжымдық жұмысымызды нығайтамыз;
- Біздің ұйым нәтижелерге бағытталған және біздің өңірде консенсусқа негізделген көпжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлық мүше мемлекеттер үшін мүдделі салаларда, сол мақсаттар мен қағидаттарды бөлісетін басқа мемлекеттермен, ұйымдармен және форумдармен өзара іс-қимыл жасайды және ынтымақтасады;
- Трансформация процесінің алғашқы қадамы ретінде мынадай шешімдерді қабылдадық:
- мемлекет немесе үкімет басшыларының кездесуі (Саммит) және Сыртқы істер министрлерінің кездесуі (министрлер кездесуі) бұдан былай тиісінше мемлекет немесе үкімет басшыларының кеңесі (Саммит) және сыртқы істер министрлерінің Кеңесі (Министрлер Кеңесі) деп аталады;
- АӨСШК Хатшылығының Атқарушы директоры бұдан былай Бас хатшы деп аталады;
- Хатшылық мүше мемлекеттерге төрағалық арқылы тиісті басқарушы органдардың бекітілуіне АӨСШК-нің тиісті құжаттарына түзетулер бойынша ұсыныстар енгізеді;
- Мүше мемлекеттер трансформациялық процестің элементтерін (қашан және егер бұл орынды болған жағдайда), оның ішінде мүшелік критерийлерін анықтайды. Осы бағытта нақты ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында біз Бас хатшының қолдауымен Төрағалық етуді және мүше мемлекеттермен тығыз үйлестіре отырып, 2023 жылы мүше мемлекеттердің қарауы үшін трансформация процесін іске асырудың қажетті шараларының жол картасын қалыптастыру жөнінде ұсыныстарды әзірлеуді сұраймыз;
- Біз АӨСШК дамуының 30 жылында қол жеткізген елеулі жетістіктерімен құттықтаймыз және Төрағалықтан Министрлер кеңесі мен Мемлекет және үкімет басшылары кеңесінің келесі кездесулеріне трансформациялық процестің барысы туралы есеп беруді сұраймыз.
Сондай-ақ Астанада өткен АӨСШК VI саммитінде бірқатар құжат қабылданды. Олардың бірі – АӨСШК трансформациясы.
АӨСШК Бас хатшысы АӨСШК қайта құру процесі бірлестікке мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының ұйымдық және институционалдық базасын нығайтуды көздейтінін айтады.
Трансформация, яғни ұйымның бағытының өзгеруі біздің тиімді диалог алаңымызға айрықша мәртебе береді. Осылайша Азия мемлекеттерінің әлемдік процестерге ықпал ету тетіктерін айтарлықтай нығайтады, бұл оның жаһандық рөл атқаруына мүмкіндік ашпақ, - деді АӨСШК Бас хатшысы Қайрат Сарыбай.