Клиенттердің телефонын ломбардқа өткізген: Құмар ойынның құрбаны болған кәсіпкер өкінішін жеткізді
Тұрақты табыс, жеке кәсіп, кейін қарыз бен қылмыс… Құмар ойынның салдары қандай болғанын сотталған азаматтың өзі баяндады.
Қызылорда облысындағы №60 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде жазасын өтеп жатқан азамат құмар ойынға тәуелділіктің соңы ауыр қылмысқа алып келгенін айтып, өзгелерге сабақ болар оқиғасын бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігімен (алаяқтық) кінәлі деп танылып, үш жыл жеті айға бас бостандығынан айырылған.
Сотталған азаматтың айтуынша, ол бұған дейін жеке кәсіппен айналысып, телефон жөндеу қызметін көрсеткен. Тұрақты табыс тауып, қалыпты өмір сүргенімен, кейін құмар ойынға әуестеніп, барлық ақшасынан айырылған.
Жеке кәсібім болды. Телефон жөндеп, адал еңбегіммен нәпақамды тауып жүрдім. Табысым да жаман емес еді. Бірақ құмар ойынға әуестеніп, тапқан ақшамның бәрін ұтылып қалдым. Қарызым көбейіп, қаржылық қиындыққа тап болдым. Сол кезде ашкөздік пен жауапсыздыққа бой алдырып, клиенттердің жөндеуге қалдырған телефондарын ломбардқа өткізіп жібердім. Кейбір адамдардан «қайтарып беремін» деп ақша алып, оларды да алдадым. Қазір сол әрекеттерімнің бәріне қатты өкінемін, – дейді ол.
Оның сөзінше, небәрі 27 жасында жіберген қателіктері өмірін түбегейлі өзгерткен.
Көп нәрсенің қадірін бағаламадым. Бәріне өзім кінәлімін. Ақшаға деген құмарлық көзімді байлап, үлкен қателікке ұрындырды. Ашкөздігімнің кесірінен ең жақын адамдарымның да көңіліне қаяу түсірдім. Енді олардың сенімін ақтап, қоғамға пайдалы азамат болуға бар күшімді саламын. Басымнан өткен жағдай өзгелерге сабақ болса екен, – дейді сотталған.
Оның айтуынша, жазасын өтеу барысында өз ісіне сын көзбен қарап, өміріндегі басымдықтарды қайта саралауға мүмкіндік туған.
Қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері бұл оқиға оңай жолмен ақша табуға ұмтылудың, құмар ойынға тәуелділіктің және жауапсыз қаржылық шешімдердің ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін көрсететінін атап өтті.
Маманның пікірінше, мұндай тәуелділік адамның тек қаржылық жағдайына ғана емес, отбасы мен жақындарының сеніміне де кері әсер етіп, ақыр соңында заң алдында жауап беруге дейін жеткізуі мүмкін.
Ведомство азаматтарды құмар ойынның салдарын ескеріп, қаржылық қиындықтарды заңсыз жолмен шешуге тырыспауға шақырды.