Клебанов әкімді де, министрді де адам деп санамайды. Депутат олигархтардың әбден есіргенін айтты
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өндіріс саласындағы олигархтардың билік өкілдерін елемейтінін айтып, А.Клебановқа қатысты оқиғаны мысалға келтірді. Бұл туралы «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Екібастұзда төтенше жағдай орын алған кезде оқиға орнына бардым. Сонда байқағаным, Александр Клебанов деген олигарх әкімді, министрді адам құрлы көрмейді. Тіпті мүлдем сөйлеспейді, керек қылмайды, — деді ол.
Депутаттың айтуынша, олигархтардың бұлайша өктемсуі тегін емес. Елдегі заңның басым дені ауқатты өндіріс иелерінің мүддесіне сай өзгертілген көрінеді.
Кезінде Клебанов секілді олигархтар депутаттарға қысым жасап, барлық заңды өз мүддесін сай өзгерткен. Олардың ығына жығылған депутаттар көп заңға түзету енгізді. Қазір Мәжілісте бұрын негізсіз өзгерген заңдарды қайта қарап, өзгертіп жатырмыз. Мемлекет құзыретін арттырып және еңбек, өндіріс қауіпсіздігіне қатысты өзгерістерді енгізудеміз, - дейді депутат.
Депутат 3 баладан көп баласы бар аналарға жалақы тағайындауды ұсынды
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров «ADAL ADAM» youtube-арнасына берген сұхбатында әлеуметтік мәселені көтеріп, көпбалалы отбасыларға жәрдемақы түрін көбейту туралы ойын айтты.
Көпбалалы отбасыларды мемлекет қамқорлығына алып, жәрдемақыны көбейту керек. Сондай-ақ Үкімет 3 баладан көп баласы баласы бар аналарға жалақы төлеу керек. Себебі олар тәрбиеші қызметін атқарып отыр, — деді депутат.
Сонымен қатар Ерлан Сайыров Ұлттық қордан балаларға аударылатын қаржы мөлшерінің аз екенін және ата-аналарды жұмыспен қамту қажетін айтты.
Қазіргі таңда Ұлттық қордың біршама қаржысы балалардың есепшотына аударылып жатыр. Бірақ бұл — өте аз. Сол үшін балалардың ата-анасын жұмыспен қамту, жәрдемақыны көбейту, қоғамдық қорлар арқылы көмек көрсету ісін жолға қою керек, — деді ол.