Кітапты сүйіп оқыған оқушылар беделді азаматтарға айналды - ардагер кітапханашы
24 қазан – кітапханашылар күні. Рухани мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапханашылар өмірімізге өң беріп келеді. Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы ретте BAQ.KZ тілшісі 30 жылдан астам уақыт кітапхана саласында еңбек еткен, ардагер кітапханашы Нұргүл Есқожаевамен сұхбаттасты.
– Кітапханашылыққа қалай келдіңіз? Мамандықты қалай таңдадыңыз?
Мен еліміз өз тәуелсіздігін алған жылдары кітапханаға жұмысқа кірдім. Дегенмен ол кездерде елдің экономикасы қиын болды. Тұрақты айлығымыз болмады, адамдардың көпшілігі саудамен айналыса бастады. Алайда кітапханашы мамандығы өзіме ұнап, осы салада қалуды жөн санадым. Осылайша, зейнетке шыққанға дейін 30 жылдан астам уақытымды кітапханаға арнадым. Үйренгенім, білгенім көп болды. Менің алғашқы мамандығым медицина саласына қатысты болатын. Бұл салада жұмыс ауыл-аймақтарда жоқтың қасы еді. Сол себептен екінші мамандықты оқуға тура келді. Қарап отырсам, өмірімнің көп бөлігін Алматы облысы Сарытөбе ауылында өткіздім. Кітапхана Мәдениет үйінің жанында болды. Ауласында алма бағы болатын еді. Оқушылар мен зейнеткерлер кітаптарын оқып, білім нәрімен сусындайтын. «Күш – білімде, білім – кітапта» демекші, кітапты сүйіп оқитын оқушылар қазір беделді де білімді азаматқа айналды. Олар да менің шәкірттерім секілді болып кетті.
– Алғашқы жылдары кітапханаға оқырман тарту үшін не істедіңіз?
Мен жұмысқа кіргенде кітап қорымыз 1500 дана болатын. Әрине, бұл бір ауыл үшін жеткілікті болар. Дегенмен 90-жылдарда елді мекендерде интернет желісі болмады, адамдардың барлығы қажетті ақпаратты да, экшн, комедия, фантазияны да кітаптан алды. Білімқұмар балалар сабақтан кейін бірден бізге келетін. Бір-бірімен кітапты жарыса оқып, көлемді романдарды бір аптаның ішінде тәмамдауға тырысатын. Ол кезде қазақ тілі мен әдебиеттен беретін мұғаліміміз тамаша жан болды. Осы ретте айта кетерлігі, баланың кітапқа деген қызғушылығын арттыратын бірден-бір жан – ұстазы. Мұғалімнің бағыт-бағдары оқушыға темірқазық сынды. Осыны естен шығармай, әр ұстаз тапсырманың арасында кітап оқуды қаузап отыру қажет. Дегенмен балалардың қатарында кітапты алып, бір айдан кейін бетін де ашпастан, өтірік оқыған болып, қайта әкеліп тапсыратындар да болатын. Бұндайда біз кітаптың мазмұнын сұрап, оқушылардан қандай ой түйгені жайлы сұрап, талдау жасайтын едік. Осының арқасында балалар кітапты аларда ойланып, ертең ұялмай айтып беретін шығармаларды таңдайтын. Біздің кітапханада қазақ әдебиетінің классиктерінің шығармалары көп болды. Дегенмен көп оқыған оқырмандарға шетел әдебиеті қызық еді. Ал ауылдағы ата-әжелеріміз арнайы газет-журналдарды іздеп келіп, соңғы жаңалықтармен таныс болатын. Қарап отырсам, бұл кездер де естелік болып қалған екен.
– Әңгімеңізге қарасам, бұрындары оқырмандардың қарқыны жақсы болған. Ал қазір ше? Дәл осылай кітапты ынтыға оқитындар көп пе?
Бұрындары интернеттің жоқтығынан ба, әйтеуір, адамдардың көпшілігі оқу-білімге ынтық болды. Кітапхана қорын тауысқан оқырмандар да болған еді. Дегенмен қазіргі жастардың қарқыны бәсең. Себебі біздің кітапханада жоқ кітаптарды олар электронды нұсқада оқиды. Олардың талғамы мен қызығушылығы да әртүрлі. Ал ауылдық кітапханада әдеби, ғылыми кітаптарды ғана таба аласыз. Ал жастардың психология, экономика тақырыбына қызығатынын байқадым. Сондай-ақ өмірімізге смартфон енгелі жастар да, үлкендер де көп уақытын осыған жұмсайды десем, артық айтқаным емес. Дегенмен бұл кітапқа қызығатындар мүлдем жоқ деген сөз емес. Оқырмандардың арасында да білімге құштарлары бар. «Таза мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» демекші, білімді де білгір, ойы ұшқыр жастарымыз кітапхананы қадірлейді.
– Кітапханашы болғаныңыздан не үйрендіңіз? Жас мамандарға қандай ақыл айтасыз?
Әр саланың өз ерекшеліктері бар. Әрқайсысынан адам баласы жыл өткен сайын үйренеді, білімі артады. Жаңашылдықпен танысады…
- Әңгімеңізге рахмет!