Кітапқа деген құрмет үйдегі тәрбиеден басталады – Бақыт Жансейітқызы

Бүгінгі дамыған заманда жастар мен кітапты байланыстыратын алтын көпір – кітапхана. Көне жазбалар мен сирек кітаптар секілді кітапхананың да тарихы өте ескі дәуірлерден басталады. Кітапхана – әлемдік, ұлттық мұраны жинақтап, оқырманға жеткізеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кітапханашы бүгінде тек оқырманға кітап беріп қана қоймай, көптеген маңызды жұмыстарды атқарады. Ол - кітапхананың бай қорын сақтаушы, насихаттаушы. Биыл 24 қазанда алғаш рет "Кітапханашылар күні" кәсіби мерекесі аталып өтті.

Осы ретте мектеп қабырғасында 40 жылдан аса уақыт кітапханашы қызметін атқырып келе жатқан Дюзкенева Бақыт Жансейітқызымен сұхбаттасқан едік.

Бақыт Жансейітқызы сіз Өскемен қаласындағы №45 орта бейіндік мектепте кітапханашы болып қызмет атқарасыз. Кітапхана жұмысында көп жылдық еңбек өтіліңіз бар? Бұл мамандыққа қалай келдіңіз, таңдау себебі неде?

Сонау 1982 жылы оқу бітіргеннен бері кітапханада жұмыс жасаймын. Ауылдық кітапхана мен мектеп кітапханасында жалпы 40 жылдық еңбек өтілім бар. Бұл мамандыққа келу себебім жалпы жаным әдебиетке жақындығында болар. Кішкентайымнан кітап оқуға, сосын оны талдауға құмар болдым. Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында шығарма жазуға да еркеше ықыласпен кірісетін едім. Сол оқуға, әр-түрлі қызық кітаптарға деген қызығушылығым осы мамандыққа жетеледі десем қателеспеймін.

Бұл мамандықтың қандай қызықты ерекше тұстары бар?

Не қилы қызықтар, өткен жылдар еншісінде қалды, тоқырау жылдары кітапханаларды жаппай жапқан кезде мектептің иелігіндегі бүкіл әдебиттік қорды тасыдық. Кітапханашы мамандығы көп жылдар бойы басқа мамандықтардың көлеңкесінде қалып келгені өте өкінішті. Қуанарлығы осы жылдан бастап «Кітапханашылар күні» аталып өте бастады. Бұл осы мамандық иелері үшін үлкен мәртебе және қуаныш. 

Айта кетейін, жалпы қазір елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар. Онда 328 млн-нан астам кітап қоры сақталған. Ең үлкен кітапхана Алматыда орналасқан Ұлттық кітапхана. Мұнда жеті миллионнан астам кітап қоры бар. Бұл дегеніңіз өте үлкен рухани байлық.

Жалпы балалардың кітапқа деген қызығушылығы қандай? Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

2020-2025 жылдарға арналған «Оқуға құштар мектеп» бағдарламасы аясында қала мектептерінде жас буынды кітап оқуға бағыштай отырып, олардың қызығушылығын арттыруға бағытталған жұмыстар жоспарлы жүргізіледі.

Біз де өз тарапымыздан үш тілде кітап оқыту, буккроссинг, кітап жарнамалау және тағы басқа көптеген формада балаларға рухани құндылықты дәріптеу жолында жұмыс жасаймыз. Әрине, балалар кітап оқиды, бірақ әлі де жұмыс жасау керек. Мектептегі кітапхана жұмысы тек кітапханамен шектелмейді, мектептің тәрбие жұмысымен біте қайнасып жатады. Бала кітап оқу үшін ең бірінші арнайы жас мөлшеріне лайықты әдеби қор болуы керек.

Мысалы, 6-11, 12-15, 16-18-дегендей. Екінші бала бойына әдебиетке деген қызығушылықты баулу үшін ата-ана да кітап оқу керек. Үшінші кітапханашылардың жан-жақтылығы үлкен орын алады. Себебі бүгінгі кітапханашы өзі техниканы меңгерген информатик, өзі тәлімгер, ұйымдастырушы, керек жерде баламен бірге бала болатын және тағы басқа мамандықтың бәрі өн бойынан табылатын жан болуы керек.

Оқушыларды оқуға, кітапқа баулуда еркеше тәсілдеріңіз бар екен, сол туралы айта кетсеңіз?

Оқуды қалыптастыруда мектепте он минуттық оқу, сынып кітапханасы, ойын түріндегі формаларды көптеп қолданамыз. Сыныптар арасында әртүрлі сайыстар, дөңгелек үстелдер және кітап жарнамасы ерекше орын алады. Кітапқа деген құрмет отбасындағы тәрбиеден бастау алады, әрі қарай мектеп тәрбие жұмысымен бірге ұштасып жалғасын табады.

Кітапхана мен кітапханашының еңбегінің еленуіне жұмыс жасап отырған ортаның әсері өте зор. Мен өзім жұмыс жасайтын Өскемен қаласының нөмірі 45-ші орта бейіндік мектебінің ұжымына алғысым шексіз. Мектебіміздегі осы бір керемет сыйластық пен түсіністік, әр бастамаларда қолдау жасайды.

Сұхбатыңызға рахмет! Кітапты бағалайтын оқырмандарыңыз көбейе берсін!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы