Кітапханашыларға педагог мәртебесі берілетіні рас па?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Педагог-кітапханашы» лауазымын енгізуге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Жұлдыз Сүлейменова, Сырымбек Тау, Кенжеғұл Сейтжан,  Ажар Сағандықова Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Онда елімізде «Кітапхана ісі» мамандығын жетілдіруге және «Педагог-кітапханашы» мамандығына лицензия қарастырып, біліктілік санатын беру мәселесін қарастыру туралы сөз қозғады.

 «Педагог-кітапханашы» мамандығына лицензия қарастыру туралы сөз қозғамас бұрын сауалнама нәтижелерімен бөліссек. Жүргізілген сауалнама нәтижесі көрсеткендей, 2021 жылы кітап оқуды өте жақсы көретін қазақстандық оқушылардың үлесі (53%) 2016 жылғы деректермен (71%) салыстырғанда 18%-ға төмендеп кеткен. Осыған орай депутаттардың пікірінше, аталған нәтиже мектеп кітапханасының жұмыс мазмұнына жаңаша қарауға негіз болды. 7 мыңнан астам мектеп кітапханасы оқушыларымыздың білім көкжиегін кеңейтіп, мәдениет деңгейін үлес қосуы қажет. 

Қоғамда оқу сауаттылығы, сыни ойлау дағдыларын, ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын және функционалды сауаттылығын дамыту үшін «Педагог-кітапханашы» мамандығын ашып, гранттар бөліп, кітапхана қызметінің мазмұнын трансформациялау қажет деп ойлаймыз. Біріншіден Оқу-ағарту министрлігі «Педагог-кітапханашы» біліктілікті арттыру бағдарламасын әзірлеп, мектеп кітапханашыларының біліктілігін арттыру, аттестациядан өтуін жүзеге асырсын. Екіншіден Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек нарығындағы сараптамалық талдау негізінде кітапханашы мамандығына қажеттіліктерді болжап, осы мамандыққа гранттар бөлуге негіз болатын кітапханашы мамандығымен қамтамасыз етудің кешенді бағдарламасын әзірлесін. Үшіншіден Ғылым және жоғары білім министрлігі биылғы оқу жылына «Журналистика және ақпарат» бағытындағы мемлекеттік тапсырысты орындау бөлігінде «Кітапхана ісі» мамандығына мемлекеттік грантты 30% көбейтуді қарастырсын, - делінген депутаттық сауалда.

Осыған қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Педагог-кітапханашы» лауазымын енгізуге қатысты түсініктеме жасады.

ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 30 қаңтардағы № 77 «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» қаулысында «Педагог-кітапханашы» лауазымы қарастырылмағанын ескере отырып, білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларды «Педагог» лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты зерделеніп (қажеттілік, лауазымдық нұсқаулық, жалақы т.б.), пысықталатын болады. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде кітапханашылар «педагог» лауазымына теңестірілген жағдайда «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңында қарастырылған барлық норма, оның ішінде аттестаттаудан өту де оларға қатысты болады, - деді Дүйсенова.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адамды құрайды, соның ішінде кітапханашылар – 5 226 адам, кітапхана қызметшілері – 1 696 адам, кітапхана жұмыскерлері – 65 адам. 

Еңбекминінің басшысы биылғы оқу жылында «Кітапхана ісі» мамандығына мемлекеттік грант көбейтілетінін айтты. Бұл қажеттіліктер бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі 2023-2024 оқу жылына «В043-Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру грантын бөлуді жоспарлауда. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75%-ға жоғары. 

Осы ретте «Кітапхана ісі» мамандығына мемлекеттік грантты 30% көбейту туралы ұсыныс ескерілгенін хабарлаймын. Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын республикалық 007 «Мәдениет және өнер саласындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау» бюджеттік бағдарламасы аясында еліміздің мемлекеттік мәдениет ұйымдарының қызметкерлері үшін алыс және жақын шетелдерде біліктілігін арттыру шараларын ұйымдастырады. Осы ретте 2023-2025 жылдары аталмыш бюджеттік бағдарлама аясында еліміздегі көпшілікке арналған кітапхана қызметкерлерін оқытуды жоспарлап отыр. Бюджеттік жоспарға сәйкес 2023-2025 жылдары көпшілікке арналған кітапханалардың 18 қызметкері (2023 жыл – 6, 2024 жыл – 6, 2025 жыл – 6) біліктілігін арттырады деп күтілуде, - деді Дүйсенова.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы