Кітапханашы: Біз кітапқұмар ұлт болуымыз керек

Бүгін — кітапханашылар күні. Мерекеге орай Ақтөбе қаласындағы С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы, құжаттарды жөндеу, жинақтау, каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің редакторы Жанат Нұрымқызымен сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

— Ең алдымен бұл салаға қалай келдіңіз? Қандай жетістіктерге жеттіңіз? Сол туралы айтып берсеңіз.

Биыл менің Сағи Жиенбаев атындағы Ақтөбе облыстық жасөспірімдер кітапханасында қызмет еткеніме он жыл толды. Қазір мұнда құжаттарды жөндеу, жинақтау, каталогтарды ұйымдастыру бөлімінің редакторы болып жұмыс істеймін. Менің осы күнге дейін жеткен басты жетістігім — жас ұрпақтың кітап оқып, білімге талпынуына жағдай жасау. Бұдан бөлек, маман ретінде жарыстардан қалмауға тырысамын. Атап өтсек, Жұбан Молдағалиевтің туылғанына 100 жыл толуына орай өткен халықаралық «Жұбан оқулары» байқауында бірінші орынды, Сағи Жиенбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай өткен мүшәйрада үшінші орынды иелендім. Сондай-ақ облыстағы белгілі ақын Нұрлыбек Қалауовтың алғы сөзімен «Таңғы тамшы» атты жыр жинағым жарық көрді. Жалпы, менің бұл салаға келуіме ақындық қабілетім мен кітапқа деген құштарлығым ықпал етті.

Қазіргі уақытта Алтын Орданың атасы Жошы ханға арналған халықаралық мүшәйрада бағымды сынап жатырмын.

Менің негізгі мамандығым — журналист. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегімін. Өз мамандығым бойынша бірнеше жыл радиода қызмет еттім. Бірақ сол кітапқа деген махаббат рухани ордаға жетелеп келді десек те болады.

Қазақта: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, менің атам да, әкем де қазақ әдебиетін сүйіп оқитын кісілер. Мен кітап оқитын, әдебиетке жанашыр отбасында өсіп, тәрбиелендім. Менің бауырларым бала кезден кітап жастанып өсті. Сол қызығушылық маған қызмет бабында да көп көмегін тигізді. Қазір түскі үзіліс кезінде қалаған кітабымды оқимын. Кітапханамызда кітап қоры көп, іздегеніңді табасың. Сондықтан кітапқұмар адам үшін бұдан артық жұмыс болмайды деп ойлаймын.

— Нағыз жастардың ордасында жұмыс істейсіз. Кітап оқитын жастар көп пе? Жалпы келушілер жайында айтып берсеңіз.

— Ел болашағы — білімді ұрпақ десек, біз сол ұрпақтың білімді, жаңашыл, сауатты болуы үшін тер төгіп жүрген адамдармыз. Біз өзімізге артылған жауапкершілікті білеміз. Сол үшін заман талабына сай жұмысымызды нәтижелі жүргізіп келеміз. Қазір облыста кітап оқитын жастар өте көп. Қазіргі жастар білімге құштар. Бәрін білуге тырысады. Кітапханамыз модернизациядан өткелі оқырмандар қатары тіпті көбейді. Қазір біздің кітапхана аптасына жеті күн бойы жұмыс істейді. Себебі оқырмандардың қалауы — сол. Демалыссыз жұмыс жасасақ та келушілер қатары өте көп. Кейде оқу залдары лық толы болады. Ондай кезде өз кабинеттерімізді босатып беріп, дәлізге шығып кетеміз. Кітапханада түрді жанрда кітаптар бар. Мұнда бизнес, ағылшын, психология, комикс кабинеттері — жастардың сүйікті орындары. Жасақталуы да ұнаса керек, үнемі сол залдарға сұраныс көп. Аталмыш кабинеттерде атауына сай кітаптар тұрады. Сол жақтан алып оқып, қажет болса үйлеріне алып кетеді. Мен секілді қазақ әдебиетін сүйіп оқитын жастар да бар. Олармен менің әңгімем ортақ, түсінігіміз ұқсас. Өзіме ұқсайтын кітапқұмар жастардың басын құрап, «Зейін» белсенді оқырмандар клубын құрып, қазір соған жетекшілік етемін. Клуб отырысы аптасына бір рет болады. Өзіміздің жылдық жоспарымыз бар. Басты бағытымыз — кітаптарды оқып, талқылау, қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысу, рухани ордаларға (театр, музей, кинотеатр, Өнер орталығы) бірге барып, көріп-білгенімізді ортаға салу, әлеуметтік видеороликтер түсіріп, пайдалы істермен айналысып, жастарды жақсы ортаға тарту. Бұдан бөлек, кітапханамызда бірнеше клуб жұмыс жасап жатыр. Атап айтсақ, Лондоннан білім алып келген Мағжан Жұмаев атты кітапхананың тұрақты оқырманы бізге келген жастарға тегін ағылшын курсын өткізеді. Бұл курсқа кітапхана жастарының қызығушылығы өте жоғары. Апта сайын зал толы болады. Сонымен қатар мобилографияның қыр-сырын үйрететін «Дамушы орта», қолөнерге баулитын «Бәдізші» клубы және «Жан жылуы» психологиялық-терапиялық курсы, «Ақ қауырсын» поэзия клубы, «Ер Едіге» жыр мектебі және 3D модельдеу курсын оқытатын «Көз тартатын қазына» жобасы бар. Орталықта жастардың дамуына зор септігін тигізіп жатқан дыбыс жазу студиясы мен фотостудия, жазғы аймақтардағы шығармашылық шеберханалар, кешкі көрсетілімге арналған кино экраны бар көше реакциялық аймағы жастардың жобаларын жүзеге асыруға, контент жасауға, таланттарын шыңдауға мүмкіндік береді. Осы жұмыстардың бәрін бір арнаға тоғыстырып отырған руханияттың дәнін сеуіп, кітаптың қадір-қасиетін дәріптеп отырған кітапхананың қоғамдағы орны ерекше.

Кітапханамыз жасөспірімдер кітапханасы болғанымен, біз үлкен-кішіге бірдей қызмет көрсетеміз. Мемлекет басшысы айтқандай, болашақта біз кітапқұмар ұлт болуымыз керек. Ол үшін қазіргі жастардың кітап оқуына қолайлы жағдай жасауға тиіспіз.

— Облыстық кітапханада қанша кітап қоры бар? Кітапхана базасында жаңадан ашылған орталықтың жұмысы қалай жүріп жатыр? Қанша кітапханашы бар?

— Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы — жарты ғасырлық тарихы бар рухани орда. Өз тарихында кітапхана бірнеше рет ғимарат ауыстырды. Мен мұнда келгенде кітапхана «Алақай» қуыршақ театрымен бір ғимаратта болған еді. 2015 жылы қаңтар айында ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, қоныс аударды. Ал 2023 жылы облыстық жасөспірімдер кітапханасына облыс әкімдігі және бас демеуші «Самұрық- Қазына» акционерлік компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қорының қаржылай колдауымен тағы да жөндеу жумыстары жүргізілді. Бүгінде ғимараттың сыртқы келбетіне қызыққан адам кітапхананың ішіне міндетті түрде кіріп, оның көп функционалды екенін, жоғары технологиялармен жабдықталғанын, яғни заман талабына сай орталық екенін көріп, үзбей келіп тұрады.

Қазіргі жаһандану заманында жастар арасында кітап оқу трендке айналып келеді. Бүгінде заманауи үлгіде қызмет көрсетіп отырған кітапхана Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту бағытындағы тапсырмасын бұлжытпай орындап отыр. Жайлы кітапханалық орта, SMART-кеңістік, жаңа компьютерлер мен интерактивті жабдықтар, жылдам және ақысыз интернет, үздік кітап қоры — осының барлығы кез-келген пайдаланушыға қолжетімді. Модернизациядан кейін жаңа кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, сонымен қатар оқырмандар өздерінің инновациялық бағыттағы шығармашылық әлеуетін іске асыратын, білім алмасатын, диалог алаңына айналды. Дәстүрлі оқу залдарымен қоса, мұнда бірнеше ІТ, қоғамдық диалог, «Comics room», ағылшын, өнер, әлем әдебиеттері сынды тақырыптық бөлмелер жұмыс істеуде. «Ата салтың — халықтық қалпың» дегендей, қазақ әдебиеті мен дәстүр залында бабадан балаға мирас болып, заман көшімен жалғасып бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз, қазақтың мәртебесін көтеретін, мұраларымызға құрметпен қарап, қастерлеуге бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Және де жоғарыда атап өткен «Ер Едіге» жыр мектебі өзінің сабақтарын осы қазақылықтың исі аңқыған дәстүр бөлмесінде өткізеді. Домбыраның қоңыр үні біздің кітапханамыздың төрінде жиі күмбірлейді. Кітапхананың кітап қорына тоқталып өтсем, 78 мыңнан астам кітап пен мерзімді басылым бар. Оның 5000 мың данасы магниттік чиппен қамтылған. Қорды сақтауға арналған қауіпсіздік кұралдары, озық технологияға сай электронды ресурстармен жабдықталған арнайы терминал, керек материалдарды цифрлық нұсқаға аударып алу үшін сканер қызметі де күнделікті жұмыс жасап тұр.

Кітапханамызда бүгінде отыздан астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде жартысынан көбі — кітапханашылар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кітапханашылар қауымы қашан да барлық жұмысты бірге атқарамыз. Ұйымның ұйымшылдығының бір көрінісі болар, кітапханашылар іс-шара өткізгенде бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетеді. Мұндағы барлық кітапханашы Сағидың өлеңдерін жатқа біледі. Жалпы, ұйым шығармашылық жағынан да, ұйымшылдық жағынан да өте жақсы деңгейде.

— Кітапханашылық қызмет көп ізденуді, шұқшиып отырып жұмыс жасауды талап етеді. Осы орайда қандай қиындықтар бар? Өз жұмысыңыз ұнай ма?

Кітапханашылық — жауапкершілікті қажет ететін жұмыс. Сондай-ақ жан-жақты болуға тиіспіз. Мәселен, жастардың алдында біз ғалым да, ұстаз да, психолог та, әнші де, әртіс те бола білуіміз керек. Сол себепті біз үнемі ізденіс үстінде жүреміз. Шет елдермен жиі байланысқа шығамыз. Шараларымызды да жиі басқа елдермен байланыс жасап өткізуге тырысамыз, ақпарат алмасамыз. Заман талабынан қалмай, әрдайым көшбасшы болу біздің ұжымның ұраны десек болады. Жаңашылдық жанымызға жақын.

Мен бұл қызметке өз қалауыммен келдім. Сондықтан маған сүйікті жұмысымның қиындығы көрінбейді. Болса да өзіңнің ерік-жігеріңмен шешіп аласың. Бастысы — жұмысым өзіме өте қызық. Үлкендердің батасын алып, жастармен бірге заман көшімен ілесіп келеміз. Өзім ана болған соң, әрдайым оқушыларға жаным ашып, барынша қолдау білдіруге тырысамын.

— Биыл кітапханаға келушілерге қандай шаралар өткіздіңіздер? Сағи Жиенбаевтың мерейтойына арналып қандай іс-шаралар ұйымдастырылды?

Жоғарыда атап өткенімдей, қазір біздің кітапханаға келушілердің қатары күрт өсті. Кейбір кезде кешкі сағат 18.00-ден кейін келіп, кітап оқитындар бар. Біздің кітапханада қазір бос зал жоқ. Сондай-ақ іс-шаралар легі де толассыз ұйымдастырылуда. Мәселен, күні кеше оқырмандардың сұранысы бойынша кітапхана директоры Гүлнәр Рамазанқызы өзі тізгінін ұстап, облыстық «IT Hup» басшысы Серік Сүндетовпен бірлесіп, жасанды интелект тақырыбы аясында кездесу өткіздік. Шараға жастар өте көп келді. Оған дейін осы тақырыпты тұрақты оқырманымыз, ағылшын клубының жетекшісі Мағжан Жұмаев өткізген болатын. Салтанат залында ине шаншар орын болмады.

Биыл өлкелік ақын-жазушылардың мерейтойлары да назардан шет қалмауда. Сонымен қатар бірнеше жұмыс орындарымен меморандумға отырып, бірлесіп шаралар өткізіп келеміз. Биыл Сағи ақынға байланысты біраз шара өткіздік. Республика көлемінде Сағи жырларының челленджі ұйымдастырылды. Үнемі мектептерге барып танымдық сағаттар өткіземіз. Кітапханамызда осы тақырыпта жиі басқосулар болады. Мәселен, Сағи Жиенбаевтың туғанына 90 жыл толуына орай өлкеміздің ақын-жазушыларының қатысуымен «Сағи жыры санамызда тұр сайрап» атты әдеби кеш өтті. Шараның мақсаты — лирик ақын Сағи Жиенбаевтың өмірі мен шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері — Жақсылық Айжанов, Еркін Құрманбек, Нұрдәулет Алдашев, Сәтжан Дәрібай, Есентүгел Әзи, Амангелді Қонақбаев, Нұрбол Сәдуақасов сынды азаматтар келіп, қатысты. Әдеби кеш барысында ақын-жазушылар өз заманының шындығын жырына арқау еткен ақын Сағи Жиенбаев жайында әңгіме өрбітіп, ой-толғаныстарын айтты. Ақынға арнап жазған арнау өлеңдерін оқыды.

Сондай-ақ биыл кітапханамызда «Сағи лирикасы — сурет әлемінде» атты республикалық сурет байқауы ұйымдастырылды. Байқауда барлығы 136 үміткердің жұмыстары қабылданып, нәтижесінде атыраулық жас өрен Ұлықбек Талғатұлы бас жүлдені жеңіп алды. Барлық жүлделі орындарға ие болған суретшілерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Жалпы, бұл шаралар Сағи ақынның шығармашылығы мен рухына арналған шаралардың алғашқысы да, соңғысы да емес. Ақынның жары Өзипа апаймен және балаларымен кітапхана қызметкерлері үздіксіз байланыстамыз. Біз әрдайым Сағидың және барлық қазақ ақын-жазушыларының, тарихи тұлғалардың еңбегін дәріптеп, жас ұрпаққа насихаттау жұмысын жүргізе береміз.

Сағи Жиенбаев — нағыз лирик ақын. Ол кісінің өлеңдерінде өмір шындығы тұнып тұр. Сағи жырларының қазақ әдебиетінде шоқтығы биік. Ол кісінің жазу мәнері де ерекше. Осындай қазақтың қайталанбас дара тұлғасының, қайсар ұлының шығармашылығын дәріптеу — біздің басты бағытымыз. Осы бағытта біздің ұжым әлі талай биік белестерді бағындырып, зор жетістіктерге жетеді деп сенемін. Сөз соңында, барша әріптестерімді, кітапханашылар қауымын кәсіби мерекемен құттықтаймын! Жауапкершілігі мол қызметте еліміздің мәдениетін көтеруде жүргізіп жатқан жұмысымыз жемісті болсын!

— Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы