«Кітапханаңа келгісі де келмейді»: Кітапханашылар кітап оқи ма немесе кітапхана жағдайы қалай

Ұлттық құрылтайдың соңғы екі отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқуға, кітапханашылар мәртебесіне қатысты мәселе көтерген болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл бастама кітапханашылар арасында қолдау тапты ма? Жалпы кітапханашы мәртебесін көтеру бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында Қазақ ұлттық өнер университеті Ақпараттық кітапхана қызметінің басшысы Ғалия Бөкейқызымен әңгімелескен едік.

- Ғалия апай, Ұлттық құрылтай отырыстарында Мемлекет басшысы кітапхана саласына қатысты бірнеше бастама көтерді. Ал кітапханашылар бұл бастамаға үн қоса алып жатыр ма?

- Бұл – өте орынды көтеріліп отырған мәселе. Жалпы әлемде кітап және кітапхана саласы бойынша үлкен-үлкен тың жаңалықтар бар. Әлемдік дамудың өзін кітап пен кітапханасыз елестету мүмкін емес. Қуатты мемлекеттің кітапханасы да қуатты болуы керек. Бұлай дейтін себебіміз, яғни, білімнің өзі кітапта. Сондықтан Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхананы қарастыруымыз керек» деп атап өтті. Ал Атырауда өткен ІІІ Ұлттық құрылтайдағы «Адал еңбек. Адал адам. Адал табыс» атты баяндамасында да кітапхана ісіне ерекше көңіл бөлді.

- Кітапхана мәселесіне мемлекет көңіл бөле бастады дейсіз ғой?

- Иә, солай деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, кітапхана – мемлекеттің, қоғамның дамуында ерекше орны бар мекеме екендігін және біздің кітапханаларда тарихи құжаттардың, кітаптардың, қолжазбалардың барлығы сақталатын үлкен қор екендігін, мемлекеттің және ұлттың дамуының негізгі жады – кітапхана деп атап көрсетті Президент. Бұл – үлкен баға.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолға алған тағы бір мәселесі – Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар салуға тапсырма бердім деді. Одан бөлек, жастарды кітап оқуға баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Олай дейтініміз, кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Ол не деген сөз? Ол – білім, ол – бәсекеге қабілеттілік, ол – қоғамдық даму, ол – адам санасының қалыптасуының барлығы – кітапта деген сөз. Ал жастары білімді елдің дамитыны айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан жастар кітап оқитын болса, олар – білімді болары белгілі.

- Біз, мысалы, Президентімізден бастап кітап оқитын ұлт болуға талпынып жатырмыз. Ал осыған кітапханаларымыз сай ма?

- Өз басым Еуропаның, Азияның, жалпы шетелдің көптеген кітапханаларында болдым. Сол кітапхананың барлығы заманауи, ғимараттары кең, өте үлкен, келушілерге, оқырманға, пайдаланушыға барлық мүмкіндік жасалған. Бізде де Мемлекет басшысы қолға алып, осындай кітапханалар салуды жоспарлап отыр.

Шетелдегі әлемдік деңгейдегі кітапханаларға барсаңыз, өзіміз де барып, тәжірибесін көріп жүрміз, «Кітап патшалығы» журналында әлемдік кітапханашылардың іс-тәжірибелерін жазып жатырмыз, сонда бір байқағаным, үлкен-үлкен зәулім ғимаратты кітапқа арнап отыр. Ол жерде ешкімнің жас ерекшелігіне қарамайды. Еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін сол жерде жүр. Қызығушылық. Сонымен қатар заманауи технологияның барлығын пайдалана отырып жасалған. Тіпті 5-6 жастағы балалардың өзі құлаққап киіп алып, ескі пластинкаларды тыңдап отырады.

- Бізде ондай мүмкіндік жоқ қой...

- Иә, біздің кітапханаларда ондай мүмкіндік жоқ. Әйтпесе, жас балалар келіп, ескі пластинкалардағы «Алпамыс батыр» жырын, «Қобыланды батыр» жырын құлаққаппен тыңдап отыруына немесе ескі күйлерді, әндерді тыңдауларына болар еді ғой. Бірақ ол жоқ. Осы жағынан біз әлі де кешеуілдеп жатырмыз.

- Жаңа Президент тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар туралы айтқанын айттыңыз. Сол туралы толығырақ мәлімет бере кетіңізші?

- Президент тек үлкен қалаларда ғана емес, облыстарға да тоқталып, әкімдерге құлаққағыс жасады. Алматы қаласындағы көптеген кітапхананы заманауи деңгейде қайта жабдықтауды тапсырды. Облыс басшыларына өңірлердегі кітапханаларды дамыту үрдісін қолға алуды тапсырды.

- Бұл тапсырмалар тапсырма күйі қалды ма, жүзеге асып жатқандары бар ма?

- Бар. Біз осы тапсырмалардың жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Кеше ғана өткен 5 күндік кітап жәрмеңкесінде жас та, кәрі де жүр. Солардың барлығы да өздерінің шамасы келгенінше кітап алып жатыр. Осыдан-ақ біздің қоғамның кітап оқуға деген жалпы бетбұрысы бар екенін байқауға болады.

Бізде Жоғарғы оқу орындары кітапханашыларының ассоцациясы деген бар. Сол ұйым бірнеше күн бұрын Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде қазіргі заманауи тақырыптарды қозғайтын, жаңа технологиялармен кітапхана жұмысын қалай жүргізу керек деген тақырыпта үлкен конференция өткізді.

- Ол жерде не талқыланды?

- Кітапханашылар заманауи технологияларды дамыту үшін қазір екі түрлі бағдарламамен жұмыс істеп жатыр. Бірі – МегаПро, бірі – ИРБИС деген заманауи бағдарламалар. Осы екі бағдарламамен жұмыс істеп, жаңа технологиялардың тетіктерін үйретуді Кітапханашылар ассоцациясы қолға алып отыр. Басшысы Гүлжан Ержанова министрлікпен бірлесе жұмыс істеп, қазіргі кітапханашыларға керек дүниелерді түгендеуге атсалысып жүр.

Жақында Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана бір аптаны «Кітап апталығы» деп жариялады. Себебі биыл аталған кітапхананың құрылғанына 20 жыл толды. Сол апталық аясында түрлі сала өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен, жазушылармен, тіпті саясаткерлермен кездесулер өткізді. Бұл өте дұрыс бастама. Осындай оқырманды ойландыратын дүниелер жасауымыз керек. Кітап не үшін керек? Қоғамды ойландыру үшін керек. Адамның санасын жаңғырту үшін керек.

- Кітап оқитын ұлт болуымыз керек дегенді жиі айтып кеттік қой. Жалпы кітапты қай кезде оқу керек? Яғни, қай жастан бастап кітап оқыған дұрыс?

- Кітап оқуды біз мектептен емес, балабақшадан бастауымыз керек. Кітап оқуға қатысты көп жұмыс балабақшада жасалуы керек. Біз жоғарғы сыныпқа келгенде ғана «сен кітап оқы!» десек, ондай бала кітап оқуы мүмкін емес. Немесе студентке кітап оқы деп оқыту мүмкін емес. Сондықтан кітапқұмарлықты балабақшада бастаған дұрыс. Кейде бір болады, ересек адамдардың өзі таңдаған кітапты ғана оқуға деген ынтасы. Ал жалпы, қоғам болып айналысатын жұмыс сол балабақшадан басталуы керек.

- Бұл жөнінен қандай да бір тәжірибе, шетелдік әдістеме деген секілді дүниелер бар ма?

- Мен бірде Швециядағы жабық конференциялардың біріне қатысқаным бар. Сол кезде олардың кітап оқу мәселесі бойынша 2010 жылдан бастап дабыл қаға бастағанын көрдім. Сол кезде Еуропа «жастар сауатсызданып барады», «жастар кітап оқымайды», «мектеп оқушылары сауатсыз бола бастады», «бұдан қалай арыламыз?» деген мәселені қозғады. Сонда «Латвияның тәжірибесін алайық» деген ұсыныс болды.

- Ол қандай тәжірибе?

- Ақындарға, жазушыларға арналған ірі-ірі шығармашылық байқаулар бар ғой, мүшәйра деген секілді, сол бәйгеге қатысатын кітаптарды балаларға оқытады екен. Яғни, қазылар алқасы балалардан құралады. Біріншіден – бала өтірік айтпайды. Қай кітап ұнайтынын, қай кітап жақсы жазылғанын бірден айтады. Екіншіден – балаларды кітап оқуға тартудың бір формасы. Жалпы әлемдік деңгейдегі үлкен-үлкен жиындарда кітап мәселесі, кітап оқу мәселесі жиі қолға алынады.

- Ал біздің елдегі жағдай қалай?

- Өзіңіз білесіз, біздің елде, бұрын, кеңес үкіметі тұсында кітапқұмарлар көп еді. Оның да өз себебі бар. Телеарна аз еді, ал қазіргі жаулап алған смартфондарыңыз мүлде болған жоқ. Кітап, газет-журнал, негізінен оқылымы жақсы басылымдар ғана болды. Ал тәуелсіздік алған алғашқы жылдары кітапхана саласы біраз құлдырап кетті. Кітапханалар жабылды. Осының бәрін қайта қалпына келтіру үшін Мемлекет басшысы ерекше қолға алып, ұлттың дамуына үлес қосатын бірден-бір сала екендігін танытып отыр.

Бұл сала дамыту үшін тек қана заманауи технологияларды қолдану керек. Себебі қазіргі жастар, қазіргі балалардың өздері, тіпті балалар ғана емес, қоғамның барлық мүшесі әлеуметтік желіні көп қолданады. Бұл – БАҚ емес, бар болғаны әлеуметтің, қоғамның ішкі қыжылын шығарып, қоғамдық мәселені ғана қозғайтын алаң. Алайда, біздің қоғамда осы алаң алға шығып кетті.

Сондықтан кітапқа көңіл бөліп, кітап оқытудың жаңа тетіктерін табуымыз керек. Кітапхана жұмысын жандандыруымыз керек. Бұл – қазіргі қоғамның алдындағы үлкен мәселелердің бірі. Десе де сең қозғалды. Айтылған жағдайлар біртіндеп жүзеге асып келеді.

- Осы орайда кітапханашының білімі туралы білгім келеді. Бізде көбінде жұмыс таба алмаған филологтар кітапхана жағалайтын секілді...

- Жалпы кітапхана мәселесінде кітапхана мамандарының біліктілігін арттыруды да жолға қою керек. Өйткені қазір кітапханашыны дайындайтын оқу орындары бір кезде өте төмен деңгейде болған. Қазір Құдайға шүкір болып қалды. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Кітап тарихы және кітапхана факультеті бар. Сол факультетте магистратура да бар, докторантура да бар. Одан бөлек Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде де биылдан бастап осы сала бойынша магистрлік оқуға мүмкіндік жасалмақшы. Бір сөзбен айтқанда, елімізде кітапхана саласының мамандарына деген сұраныс артып келеді. Себебі бар мамандар қартайды, қалғаны азайып кетті. Жас ерекшелігі де көп нәрсені аңғартса керек.

Қазір қоғам сергек болуы үшін, қоғам дамуы үшін кітап оқыту керек дегенді жиі айта бастадық. Яғни кітап оқыған адам – жаманшылыққа бармайды. Әр жазушы өз шығармасын жазып отырған кезде ізгілікке, махаббатқа, адалдыққа, әр кейіпкерінің бойындағы жаман қасиеттерді де көрсете отырып, содан жиренуге үндейді. Сондықтан кітап оқыған адам ешуақытта жемқор болмайды деп ойлаймын. Кітап оқыған адам еш уақытта біреудің ала жібін аттамайды. Адамгершіліктен аттамайды. Сондықтан біз қоғамды кітаппен тәрбиелейміз деп отырған Мемлекет басшысының жаппай халықты кітап оқитын ұлтқа айналдыру үшін жасап жатқан қадамдарына, біз – жалпы кітапханашылар қауымы кітап оқитын адам ретінде өте жоғары дәрежеде қолдаймыз. Сол бағытта жұмыс істеуге тырысамыз.

- Кітапханашының мәртебесін қалай көтере аламыз?

- Менің негізгі мамандығымның өзі – кітапханашы. Алматыдағы Ұлттық кітапханада, Астанадағы академиялық кітапханада басшылық қызметте істедім. «Әділет» жоғарғы құқық мектебінің кітапханасында басшы болдым. Енді қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің кітапханасында басшымын. Осы қызметтерді атқара жүріп байқағаным, кітапханашының мәртебесін көтеру – кітапханашының тікелей өзіне байланысты. Мысалы, кітапханашы ештеңе оқымай, білімін жетілдірмей, «мен кітапханашымын, таңғы 9-дан, кешкі 18-ге дейін – 8 сағат жұмысымды істеймін де, айлығымды алып кетемін» десе, ондай кітапханашының қоғамға пайдасы аз.

Қазір заман басқа. Технология дамып жатыр. Қоғам өзгерді. Өзің қызмет істейтін кітапханаңа өзің жанашыр болмасаң, сенен кітапханашы шыға қоюы қиын. Мен Өнер университетінің кітапханасына келгенде электронды кітапхананы жасауды қолға алдық. Толық мәтінді өнер дерекқорлар базасын жасай бастадық. Қазақ ноталары жетіспейді екен, соған байланысты ноталар архивін жасақтауды қолға алдық.

Жалпы кітапхананы заманауи тұрғыдан қарастыра отырып, кітапханаға келген әрбір пайдаланушының сұранысын қанағаттандыру керек. Егер сенің кітапханаңа келген пайдаланушы өз сұранысын қанағаттандыра алмаса, келесі жолы ол оқырманыңнан айырылдым дей бер. Ол тіпті сенің кітапханаңа келгісі де келмейді. Ал біз өз кітапханамызда пайдаланушыға керек кітап болмай қалса, кітапханааралық абономент арқылы өзге кітапханалардан міндетті түрде тауып беруге тырысамыз. Оқырман өзіне керек кітапты ары кетсе 5 күн, әйтпесе үш күн ғана күтеді.

Сондықтан, тағы қайталап айтамын, әрбір кітапханашы маман ретінде өз біліктілігін арттыруы керек. Мысалы біз «Кітап патшалығы» журналына әлемнің мықты деген тәжірибелі кітапханашыларының іс-тәжірибесін аударып басып отырмыз. Бірақ соны оқитындар аз. Бұған қатысты бір ғана мысал айтайын. «Кітап патшалығы» журналына ағам Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай «Алаш» сыйлығының иегері Шәрбану Бейсенова апамыз «Оралхан Бөкей шығармаларындағы әйел образы» деген мақаласын берді. Көлемді мақала екен. Екі нөмірге бөліп бердім. Алғашқы нөмірі шыққан соң Шәрбану апамызға беріп жібердім. Ол кісі журналды бастан-аяқ оқып шығып, маған хабарласты. «Ғалия, әлемде осындай кітапханалар бар ма? Біздің елде Маяковский кітапханасының тәжірибесімен жұмыс істейтін кітапхана бар ма екен?» деп сұрады. Ал сол журналды алатын кітапханашылар ондай сұрақ қойған емес. Содан кейін Шәрбану апайға: «Иә, ондай кітапханалар бар» дедім.

- Иә, біз де хабардар болып жүрейік, ол қай кітапханалар екен?

- Бұл – Петербургтағы Маяковский атындағы кітапхана. Оның технологиясы өте жақсы дамыған. Біздің елде осы тәжірибені қолданып жұмыс істейтін екі кітапхана бар. Бірі – Назарбаев университетінің кітапханасы, екіншісі – Қарағандыдағы Букетов университетінің кітапханасы. Осы екі білім ордасында ғана кітапханашыларға барлық мүмкіндік жасалған. Нұрлан Дулатбеков өзі ғалым адам, қоғам қайраткері, депутат болды. Кітапханасына заманауи жағдай жасаған. Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықтаған. Кітапханашыларын Голландияға дейін апарып, көрсетіп, оқытып, тәжірибеден өткізіп, кітапханасын жоғарғы деңгейге қойды.

- Демек, кітапхананы көркейтуге біздің елде мүмкіндік бар дейсіз ғой.

- Әрине, бар.

- Астана, Алматы секілді орталық қалалардағы жағдай түсінікті. Ал өңірлердегі кітапханалардың жағдайы қалай?

- Жалпы облыстар бойынша Шығыс Қазақстан облысының кітапханаларында жаңа технологияны қолдану өте жоғары деңгейде. Одан кейінгі орындарда Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Ал мына оңтүстік, батыс өңірлерде өкінішке қарай, технология мешеулеп жатыр.

- Бұл тығырықтан олар қалай шыға алады?

- Ол үшін кітапханашыны оқыту керек. Біліктілігін арттыру керек. Шетелдік озық кітапханалардың тәжірибесін игерту керек. Сол кезде ғана кітапханашының мәртебесі көтеріледі. Егер кітапханашы өзі ештеңе білмей отырса, оның мәртебесі қалай өседі? Кітапханашының мәртебесі жоғары болса, кез келген ортада, қоғамда оның өз орны болады.

Бұрын кітапханашы мәртебесі көтерілмеді дегенді жиі айтатын. Қазір бұл мәселе көтерілді. Бірақ соған үн қосатын, соны жетілдіретін кітапхана мамандарының өздері. Мүмкіндік болса, офлайн барып қатысып, білімін жетілдірсін. Болмаса онлайн форматта біліктілік арттыруға ешкім кедергі келтірмейді.

- Сіздің ойыңызша кітапханашы қандай болуы керек?

- Жалпы кітапханашы – тек қана кітап қоймасының күзетшісі немесе кітап беріп қана отыратын «робот» адам болмауы керек. Кітапханашы кез келген адамның сұрағына жауап бере алатын жағдайда болуы керек. Бұл – бір. Екіншіден – шынын айту керек, белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай ағамыз былай дейді: «Кітапханашылар кітапхананың ішінде жүреді, бірақ кітап оқымайды» - дейді. Бұл пікірмен келісуге болады. Кітапханада істейтін мамандардың көбінің кітап оқымайтыны жасырын емес. Ал шетелдік тәжірибеге, әсіресе жапондардың, қытай мен еуропалықтардың тәжірибесіне қарайтын болсақ, тек кітапханашы ғана емес, кез келген адам күніне кемінде 4-5 бет кітап оқуы керек. Сол арқылы дағды қалыптасады.

- Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы