Кітап жәдігерлері – құнды мұра: Қазан қаласында көрме өтуде

Қазан қаласындағы Ғабдолла Тоқай атындағы әдеби мұражайда Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасы «Кітап жәдігерлері – құнды мұра» көрмесін ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Көрме Татарстан астанасының тұрғындары мен қонақтарына Абай кітапханасының сирек қорындағы әдеби мұралар мен бірегей басылымдармен танысуға мүмкіндік береді.

Көрме екі тақырыптық бөлімнен тұрады: «Ғасырлар үндестігіндегі рухани мұра» және «Қазан қаласында басылған сирек кездесетін кітаптар». «Абай сирек басылымдар беттерінде» атты бірінші бөлім келушілерге Абай Құнанбаевқа арналған шығармалармен, сондай-ақ қазақтың ұлы ойшылына рухани азық болған кітаптармен танысуға мүмкіндік береді.

«Қазан қаласында басылған сирек кездесетін кітаптар» атты екінші бөлім Қазан қаласында басылып шыққан және қазір Абай кітапханасының қорларында сақталған ХХ ғасырдың басындағы сирек кітаптарға арналған.

Экспонаттар арасында Ресей мен Татарстан тарихына қатысты басылымдар, ғылыми және медициналық кітаптар, сонымен қатар сол кезде жарық көрген көркем әдебиеттер бар. Араб және латын графикасында басылған бұл кітаптар мәдени алмасу мен тарихи мұраның бірегей дәлелі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы