Кітап қалай жарыққа шығады?

Қазақ баспасы бүгінде ерекше дамып келеді. Елімізде түрлі салада сапалы рухани қазына – кітап шығарып жүрген айтулы баспалар мен баспагерлер бар. Бұл салада әдеби редактор жұмысы ерекше мәнге ие. Бүгін «Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашаловамен сұхбат өрбіттік.

– «Бұқаралық ақпарат құралдарының алғашқысы да, қуаттысы да – кітап» деген. Кітап идеология мен саясатқа шындайтын ғылыми-техникалық, әлеуметтік даму ұйытқысы саналады. Фарида Рахымжанқызы, сіз еліміздегі беделді баспа, тіпті халықаралық деңгейде әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып жүрген «Фолиант» баспасының бас редакторы қызметін атқарасыз. Ең әуелі баспа ісі, кітапты құрастыру бойынша әңгіме қозғаңызшы. Кітап баспаға қалай келеді? Алғашқы жұмыс процесіне тоқталыңызшы?

– Жалпы баспа саласының жұмысы көпшілік оқырман үшін қызығушылық тудыратыны рас. Оқырмандар тарапынан кітапты шығаруға дейінгі процесс қалай жүреді деген тәрізді сұрақтар қойылып жатады. Баспа ісі саласы, жалпы кітап шығару қиындығы мен қуанышы қатар жүретін ең қызықты жұмыстың бірі деп айтар едім. Олай дейтінім, кітапты баспаға дайындауға үлес қосатын баспаның әр қызметкері ең алдымен руханиятқа, өскелең ұрпақты кітаппен сусындатуға өз үлесін қосады.

Ең алдымен, нарық қажеттілігі, оқырман сұранысын зерттей отырып, шығаратын кітап таңдалады. Содан кітаптың авторлық құқығы алынып, келісімшартқа қол қойылған соң редакциялық жұмыстарына кірісеміз. Егер кітап шетелдік автордың туындысы болса, қазақ тіліне аудару үшін аудармашыға жіберіледі. Қазақ тіліндегі нұсқасы дайын болған соң аударманы редактор редакциялайды.

– Дайын қолжазбаны өңдеу, редакциялау процесіндегі редактордың рөлі қандай? Нені ескеру керек?

– Кітапты редакциялауда редактордың маңызы зор. Редакторға қойылатын талап – әр кітаптың жанрына байланысты автордың стилін сақтай отырып, жалпы стилистикасының дұрыстығын, сөйлемнің дұрыс құрылуына мән беру. Ең бастысы, жауапкершілік, қырағылық, шыдамдылық, мұқият болуы. Редактор – қолжазбадан бастап, кітап баспаханаға кеткенге дейін жауапты адам. Сондай-ақ ол психолог болуы, автормен сөйлесе алуы, тіл табыса білуі қажет. Сағаттап отырып шұқшиып кітап оқу да оңай жұмыс емес, кейбір авторлардың немесе аудармашылардың шимай-шатпағын бір ізге келтіріп, жып-жинақы етіп редакциялап, оқырманға сауатты, көркем дүние ұсыну асқан шыдамдылықты талап етеді.

– Осы орайда, редактордың авторлармен байланыс орнатуы – әріптестік байланыс аясындағы ынтымақтастық немесе кедергілер туралы айтып өтсеңіз?

– Жоғарыда айтып өткендей, мәтінде кездесетін қате тіркестерді, сөздер мен сөйлемдерді редактор бірден түзетпей, авторға ескертіп, оның мақұлдауымен ғана түзеткен жөн. Әрине, көп жағдайда автор мен редактордың көзқарасы бір жерден шығып, ортақ келісімге келіп жатады. Алайда тілдік қолданыстағы ережеге кереғар болса да өзінің нұсқасын дұрыс деп, қателікті мойындамай, қандай да бір түзету енгізуге қарсы авторлар да ішінара кездесіп жатады.

– Рет-ретімен келе берейік. Редактордың жүйелеуінен кейін шығарма немесе мәтін қайда жіберіледі?

– Редактор аннотациясын жазып, шығарманы толық редакциялап болғаннан кейін кітап беттеуге жіберіледі. Бет құрушы кітапты беттеген соң, қағазға шығарып корректордың оқуына беріледі.

– Енді корректор деген қауым бар... «Корректордың ажалы бір әріптен» немесе «Корректордың көзі түзу болсын» деген әзіл-шыны аралас тіркестер бұл саланың өте жауапты кезең екендігін растайды. Корректордың міндеті қандай?

– Иә, оныңыз рас. Қате – ұры. Корректордың міндеті - мәтінді пунктуациялық, орфографиялық қателерден тазарту. Негізі ең жауапты жұмыс корректорда деп айтар едім. Себебі редактордың байқамай қалған қателерін корректор байқап, кітаптың қатесіз шығуына жауапты болады.

– Бүгінгі баспа ісінде дизайнер деген айтулы кәсіп иесінің рөлі жоғары. Осы жағын түсіндіре кетсеңіз?

– «Адам көркі шүберек» дегендей, кітап мұқабасы оқырманды өзіне тартатындай әдемі, ерекше болғаны жөн. Баспамыздағы редакциялық-техникалық бөлімде көркемдеуші редактор, дизайнерлер кітап дизайны бойынша жұмыстанады. Олар кітапты редакциялау барысында-ақ мұқаба дизайнын ойластыра бастайды. Дизайнерлер мұқаба дизайнының бірнеше нұсқасын ұсынып, ол көркемдік кеңесте талқыланады.

– «Кітап басуға кетті» немесе «Кітапты басуға келісемін» деген автор келісімінен соң басуға жібересіздер...

– Иә, кітап авторы болған жағдайда кітаптың тексерілген соңғы нұсқасын автордың тексеруіне ұсынамыз. Автор кітапты басуға рұқсат деп мақұлдаған соң ғана баспаханаға басуға жіберіледі. Бұл баспа саласындағы кәсібилік әрі авторғадеген құрмет.

– Ал басылып шыққан кітап – автор мен редактордың төл перзенті іспеттес күй сыйлайды ғой. Осы бір кәсіби һәм рухани сезім туралы ой бөліссеңіз?

– Иә, жылына 200-ге тарта кітап шығарып жатсақ та, әр кітаптың өзіндік орны бар. Кітап басылып шықты дегенді ести сала, сол кітапты қолымызға ұстап көргенше асығамыз. Себебі ол бірнеше адамның ұзақ уақыт бойғы жұмысының нәтижесі. Осы сәтте кітапты дайындау кезіндегі туындаған қиындықтарды ұмытып кетеміз.

– Фарида Рахымжанқызы, сіз кәсіби редакторсыз. Бұл салаға қалай келдіңіз? Шығармамен жұмыс істеу қаншалықты қызық?

– Мен еңбек жолымды ұстаздық қызметтен бастап, біраз жыл газетте жұмыс істедім. Баспа саласында қызмет жолымды жалғастырғаныма біраз жыл болды. 2011 жылы Орал қаласынан арман қуып Астанаға келген болатынмын, сол кезден бері баспада қызметтемін. Баспадағы жұмысым өзіме ұнайды, ешқандай басқа жұмысқа айырбастамас едім. Әрине, өте жауапты жұмыс, бұл қызметтің қызығы да, шыжығы да жетіп артылады. Кітап шығып, оқырманның қолына тигенге дейін ине ұшында отырғандай боласың. Егер байқамай қате жіберіп алған болсаң, бет құрушы, дизайнер сияқты мамандардың – бүкіл ұжымның еңбегі зая кетеді деген сөз. Бұл жұмыстың ең басты артықшылығы – кітап оқығаның үшін жалақы аласың, керемет емес пе!

– Есіңізде қалған (кітап шығару ісінде) қызықты немесе қорқынышты оқиға туралы

– Нақты бір оқиға есіме түспей отыр. Қорқынышы – кітап шығып, оқырман қолына тигенге дейін қате кетіп қалмады ма деген уайым. Ең жағымды жағы – кітабы жарыққа шыққанын айтып, авторды қуанту. Елден бұрын алғашқы болып автордың қолтаңбасын алу.

– Ендігі сауал: бүгінгі кітап шығару ісі қай деңгейде. Біле білсек, руханияттың қайнар көзі – кітап. Дегенмен осы іске қызығушылық қандай? Кітапқа қатысты кенже қалып бара жатқан не мәселе?

– Осы кезге дейін кітап нарығы елімізде кенжелеу қалған сала екені рас. Қазіргі уақытта кітап шығару оңай жұмыс емес. Кітаптың баспада дайындалуы мен оқырман қолына жеткенге дейінгі кітапқа кететін шығын өте қымбат. Осы себептен кітаптың өзіндік құны қымбатқа түседі. Қалың оқырманға қолжетімді болатындай кітап шығаратын баспалардың аз болуы да осыдан. Себебі кітап шығару – пайдасынан шығыны көп іс. Мысалға, авторға немесе мұрагерлерге, суретшілерге, аудармашыларға қаламақы төлеу, шет тіліндегі шығармалардың шетелдік құқығын сатып алу, редакциялық және типографиялық шығындарды қоса алғанда, әжептәуір қаражатты талап етеді.

Дегенмен дәл қазіргі таңда кітап шығару ісі қарқын алып келеді. Бұған соңғы жылдары бірнеше баспаның пайда болуы дәлел. Баспалардың көбейгені бізді қуантады, себебі бәсекелестік ортада сапа да артады, оқырман талғамы қалыптасады. Қазір өзекті болып тұрған мәселе – кітап басуға қажетті шикізаттың қымбаттауы, көрші елдердегі саяси жағдайларға байланысты мемлекетаралық тасымалдау мәселесінің қиындауы. Мұның бәрі кітап бағасының қымбат болуына алып келеді.

– Кітаптар шығарылып жатыр, сатылып жатыр. Демек сұраныс, оқырман деңгейі қандай?

– «Фолиант» баспасы 1996 жылы құрылып, тоқырау кезеңінен тайсалмай өтіп, отыз жылға жуық уақыттан бері қызмет етіп келе жатқан жеке баспа. Заман талабына сай соңғы үлгідегі озық технологиямен жабдықталған «Фолиант» баспасы санымен де, сапасымен де ерекшеленіп, отандық баспа өндірісінде көш бастап келеді. Баспамыздың кітап қоржынында 1000-ға жуық кітап (оқулықтарды қоспағанда) бар. Кішкентай оқырмандарымыздан бастап, еңкейген кәріге дейін оқитындай барлық жанрдағы кітапты шығарып келеміз. Осы жерде бұл кітаптардың барлығы баспаның жеке қаражатына шығарылғанын баса айтқым келеді. Себебі қарапайым оқырманды айтпағанда, тіпті журналистердің арасында бұл кітаптар мемлекет қаржысына шығып жатыр деген қате түсінік бар. Оқырман тарапынан сұраныс бар, соңғы жылдары кітап оқитын оқырман санының көбейіп келе жатқаны, кітап оқудың сәнге айналғаны қуантады.

– Фарида Рахымжанқызы, өзіңіз осы саланы бес саусақтай білетін мамансыз. Бүгінгі оқырман аудиториясы кімдер, жастар жағының қызығушылығы, ізденіс, сұраныс деген қай бағытта?

– Көпшілікке мәлім, қазіргі жастардың көпшілігі психологиялық, мотивациялық, іскерлік бағыттағы кітаптарға әуес. Қазіргі оқырман сұранысы осындай кітаптар болып тұр. Дегенмен біз құндылығы жоғары кітаптарды ұсына отырып, оқырманды дұрыс бағытқа жетелеуіміз керек. Мысалы, қазақ баласы қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінің озық туындыларын өз ана тілінде оқып, көштен қалмай таным көкжиегін кеңейтуі керек. Соңғы жылдары осы бағытта жұмыстанудамыз.

– «Фолиант» – елімізде ғана емес, әлемде орны бар баспа. Жыл сайын ұйымдастыратын ауқымды жобаларыңыз бар. Сол жайында айта кетсеңіз?

– «Фолиант» баспасы – биыл VIІ рет өткелі отырған «Astana Eurasian Book Fair-2024» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі ұйымдастырушысы. Биыл бұл көрме 17-21 сәуір аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Көрме алыс-жақын шетелдерден – Түркия, Қытай, Ресей, т.б. елдер мен отандық баспаларды және кітап дүкендерін бір алаңға біріктіруді, елдегі баспа ісі индустриясын дамыту мақсатын көздейді. Кітапсүйер оқырмандар үшін үлкен кітап мерекесіне айналған бұл ауқымды көрме-жәрмеңке аясында қаламгерлермен кездесу, жаңа кітаптар таныстырылымы болады.

– «Фолиант»-тың тағы бір ауқымды бағыты – көркем аударма. Бұл өте жанкешті жұмыс. Екінің бірі, әсіресе редакторлардың кез келгені бұл бағытқа бет бұра қоймайды. Сіздерде кәсіби аудармашы, әдеби аудармашылармен жұмыс қалай жүреді?

– Бұдан 5-6 жыл бұрын көркем шығармаларды аудару жұмысын алғаш қолға алған уақытта оқырман аудармаға үрке қарайтын. Соңғы жылдары оқырмандарымыз көбейіп, кітаптың аудармасына қатысты жылы пікірлерін білдіріп жатады. Әрине, талғамы жоғары оқырмандар тарапынан айтылар сын да, ұсыныс та бар, барлығын ескеруге тырысамыз. Жалпы, аударма саласының жылдан-жылға дамып келе жатқанын да айта кету керек.

Негізі аудармашыларға қойылатын талап жоғары, олар арнайы сынақтан өтеді. Кітапты аудару барысында автордың өзіндік баяндау стилі мен негізгі ойынан ауытқымай, тілі жатық, түсінікті етіп аударылуына баса мән береміз. Ал аудармадағы калька сөздер сияқты үлкенді-кішілі қателіктер баспамызда редакторлар тарапынан түзетіледі. Әрине, қазақ тіліне аударылып отырғандықтан, көркем әдеби стильді қолдануға тырысамыз. Аудармашы сондай-ақ басқа елдің мәдениеті мен менталитетін түсіне отырып, қазақтілді оқырманға бейімдеп беруі қажет. Дегенмен кейде кітаптың стилі мен жанрына байланысты кейбір ерекшеліктердің сақталуы да маңызды.

Сөз соңында айтарым: қанша жерден интернет дамып, электрондық кітаптар қолданысқа ене бастаса да, қолға ұстап жастанып оқитын кітаптың қадір-қасиеті ерекше екені белгілі. Сондықтан алдағы уақытта кітап оқу жаппай сәнге айналады деген сенімдемін. Мысалы, қазірдің өзінде әлеуметтік желіде белгілі бір тақырып бойынша челлендж жіберіп, кітап оқу үрдісі бар. Сондықтан жылдан-жылға кітап оқитын оқырман қатары көбейе түседі деп ойлаймын.

«Фолиант» баспасының кітаптарын асыға күтіп оқитын, әлеуметтік желіде белсенділік танытып, қолдау білдіріп жүрген барша оқырманға айтарым, бізбен бірге болғаныңыз үшін рахмет! Алдағы уақытта да көзіқарақты оқырмандарымызды жаңа кітаптармен қуанта бермекпіз.

– Фарида Рахымжанқызы, бүгінгі баспа ісінде, кітап шығару процесі бойынша бірқатар мәліметтер айттыңыз. Ұлт руханияты жолында атқарып жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын. Сұхбатыңызға рахмет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: жеке мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы