Кітап оқуға уақыт таппай жүргендерге жаңалық: Ұлттық кітапхана жұмыс кестесін ұзартты
Министр шығармашылық қауыммен кездесіп, ұлттық мәдениетті дамыту мен әдебиетті қолдау мәселелерін талқылады.
Алматыда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және жастармен кездесті. Жиында Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттары, ұлттық мәдениетті дамыту, әдебиетті қолдау және зерделі ұлт қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесуге мәдениет және өнер қайраткерлері, жас қаламгерлер мен креативті индустрия өкілдері қатысты.
Жолдауда айқындалған міндеттер және цифрландыру мүмкіндіктері
Министр Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттерге тоқталып, оларды іске асыруда цифрландырудың және жастардың белсенді қатысуының маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды стратегиялық құжат. Президент Жолдауындағы идеяларды жүзеге асыру мәдениет саласы мен креативті индустрия өкілдерінің еңбегіне, олардың әрқайсысының осы жұмыстағы өз рөлін түсінуіне тікелей байланысты. Цифрландыру мен жасанды интеллект шығармашылыққа тың мүмкіндіктер ашып, мәдени мұраны көпшілікке қолжетімді ете түседі. Біздің басты мақсатымыз – шығармашылық бастамаларға жол ашу, өнер мен әдебиетті халыққа жақындату және жас ұрпақтың жасампаз қуатын ел дамуына бағыттау, – деді министр.
Зерделі ұлт қалыптастыру
Мемлекет басшысының зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамасын іске асыруға ерекше назар аударылды. reading-nation.kz платформасында 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркелген. Олар 842 мыңнан астам кітап оқып, 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Қоғамдық құндылықтар және инфрақұрылымды дамыту
Қатысушылар Мемлекет басшысының 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын да талқылады. Сондай-ақ әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды жаңғырту, жастарға арналған заманауи кеңістіктер құру мәселелері сөз болды.
Ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамдық әдепті нығайту мәселесіне тоқталған министр «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарының маңызын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық бірегейлікті нығайтуда, тарихи мұра мен қазіргі Қазақстанның жасампаздық әлеуетін әдебиет пен өнерде бейнелеуде шығармашыл зиялы қауымның рөлі зор екенін айтты.
Кездесу ашық пікір алмасуға ұласты. Қатысушылар министрге сұрақтарын қойып, өз бастамаларын ұсынды және мәдениет пен әдебиеттің алдағы даму бағыттарын талқылады.
Ұлттық кітапхана түн ортасына дейін жұмыс істейді
Кездесу барысында Арман Қырықбаев Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының қызметімен және оқырман белсенділігі жөніндегі деректермен де танысты.
2026 жылдың мамыр-қараша айларында кітапханаға 26 мыңнан астам жаңа оқырман тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,8 пайызға көп. 15-35 жас аралығындағы оқырмандар саны 33 пайызға өсіп, 24 мыңнан асқан. Осы кезеңде оқырмандарға 1,6 миллионнан астам құжат берілген. Ал онлайн қызметтерді пайдаланушылар саны 13 пайызға артып, 932 мыңнан асты.
Оқырман белсенділігінің артуы мен келушілердің өтініштерін ескерген министр Ұлттық кітапхананың жұмыс уақытын сағат 24:00-ге дейін ұзарту туралы шешім қабылданғанын хабарлады. Жаңа жұмыс кестесі студенттерге, жұмыс істейтін азаматтарға және өзге де келушілерге кешкі уақытта да кітапхана қорын және қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.