Бүгiн 2026, 17:08 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Кітап оқу мәдениеті – ұлттың зияткерлік қуаты: Қазақстан «Зерделі ұлт» бағытын таңдады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

Аталған құжат адами капиталды дамытуға, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтуға, кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттауға және шығармашыл, жасампаз әрі бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыруға бағытталған маңызды стратегиялық бастама болып табылады.

Мемлекет басшысының бұл Жарлығы кітап оқу мәдениетін дамыту мен зерделі ұлт қалыптастыруды мәдениет, білім беру және инновациялар салаларындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындайды.

Жарлықта оқырмандарға арналған заманауи инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, цифрлық құралдарды кеңінен пайдалана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар мен қоғамдық кеңістіктер құру, заманауи ақпараттық жүйелер мен сервистерді енгізу көзделген.

Сонымен қатар құжатта:

– балалар мен жастар арасында кітап оқудың орнықты дағдыларын қалыптастыру;

– отандық жазушылар мен ақындарды қолдау;

– баспагерлер мен кітап өнімін таратушылардың мемлекет үшін пайдалы қызметін ынталандыру;

– ұлттық әдеби мұраны ел ішінде және шетелде кеңінен насихаттау бағыттарына басымдық берілген.

Жарлыққа сәйкес, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы іске қосылады. Сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін жасанды интеллектіні дамыту жағдайындағы кітап оқу мәдениеті мен кітап ісін насихаттауға арналған 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.

Сонымен қатар 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңының жобасын әзірлеу, кітап оқу мәдениетін дамытудағы жетістіктері үшін Ұлттық сыйлық тағайындау және бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру жоспарланып отыр.

2025 жылдан бастап елімізде «Кітап оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылып келеді. Пилоттық кезеңде жоба Қарағанды және Қостанай облыстарын, сондай-ақ Шымкент қаласын қамтып, мектеп оқушыларын, студенттерді, педагогтерді, мемлекеттік қызметшілерді және тұтас отбасыларды кітап оқу мәдениеті төңірегіне біріктірді.

Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын әулет» және «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» бағыттары іске асырылуда. Қатысушылар қазақстандық және әлем әдебиетінің үздік шығармаларын оқып, әдеби марафондар мен ағартушылық бастамаларға қатысуда. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жобаға 189 мыңнан астам адам қатысқан.

Бұл Жарлық – Қазақстанның болашағын қандай қоғам ретінде көргісі келетінін айқындайтын маңызды мемлекеттік шешім. Зерделі ұлт – терең ойлай алатын, саналы шешім қабылдайтын және өз құндылықтарын қалыптастыра алатын қоғам. Бастаманың мектеп оқушысынан бастап мемлекеттік қызметшіге дейінгі барлық азаматты қамтуы – оның басты ерекшелігі, – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков.

Қол қойылған Жарлық кітап оқу мәдениетін қолдауды бір реттік акциялар деңгейінен ұзақмерзімді ұлттық стратегия деңгейіне көтереді. Бұл бастама білім сапасын арттыруға, креативті индустрияны дамытуға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға және Қазақстанның халықаралық мәдени беделін күшейтуге ықпал етеді.

Бүгін біз кітапты әрбір отбасының рухани өміріндегі табиғи әрі ажырамас құндылық ретінде қайта орнықтыруға бағытталған маңызды қадам жасап отырмыз. Өйткені кітап оқу мәдениеті – тек білім мен мәдениеттің ғана емес, ұлттың зияткерлік деңгейін, ойлау сапасын және елдің болашақ даму бағдарын айқындайтын стратегиялық негіз. Зерделі ұлт қалыптастыру – Қазақстанның ұзақмерзімді өркендеуінің басты кепілі, – деді «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.

Жарлықтың қабылдануы мемлекет, қоғам, бизнес, білім беру ұйымдары және шығармашылық қауымдастық арасындағы өзара ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.