Кітап оқитын ұрпақ қана емес, түсіне білетін ұрпақ тәрбиелей аламыз ба?
Кітап баланың дүниетанымына, көзқарасы мен сезіміне қалай әсер етеді? Психологтар әдебиеттің бала тәрбиесіндегі рөлін түсіндірді.
Қазақстанда кітап оқу мәдениетін дамытуға, балалардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, оқырман ұрпақ қалыптастыруға басымдық беріліп келеді. Алайда баланы кітап оқуға үйрету оның өзгенің сезімін түсініп, айналасына жанашырлық танытуына жеткілікті ме? Көркем әдебиет балалар арасындағы қатыгездік пен буллингтің алдын алуға көмектесе ала ма? Ал кейде ең ізгі оқиғалардың өзі неге баланың мінез-құлқына әсер етпейді? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарды психологтармен талқылады.
Көркем әдебиет балаға ойдан шығарылған оқиғаларды ғана емес, адам бойындағы алуан түрлі сезімді де танытады. Кейіпкерлердің тағдырымен танысқан оқырман күнделікті өмірде кездеспейтін жағдайларға ой жүгіртіп, өзге адамның неліктен белгілі бір әрекетке барғанын түсінуге және оқиғаға әр қырынан қарауға үйренеді.
Дегенмен шығарманы оқып, мазмұнын түсіну мен өмірде өзгенің көңіл күйіне жанашырлық танытудың арасында айырмашылық бар.
Психолог әрі эмоциялық интеллект бойынша оқытушы Айнұр Дүйсеннің айтуынша, әдебиет баланың эмоциялық тұрғыдан дамуына ықпал ете алады. Бірақ мұнда шығарманың мазмұнымен қатар, ересектердің баламен бірге оқығанын талқылауы да маңызды.
Кітап оқыған кезде бала шығармада сипатталған түрлі эмоцияны сезініп, соларды бастан өткергендей болады. Бұл – реніш, қорқыныш, ашу, қуаныш, мұң және тағы басқа сезімдер. Осы арқылы ол айналасындағы адамдарды, тіпті сыныптастарын да түсінуді үйренуі мүмкін. Алайда мұндай қабілет тек шығарманы оқумен қалыптаспайды. Оны талқылау да маңызды. Кейіпкер неліктен мұндай сезімге берілді? Бұған не себеп болды? Ол неге осылай ойлап, осындай әрекет жасады? – деп түсіндірді Айнұр Дүйсен.
Балалар мен отбасылар психологі Ольга Мачина да көркем әдебиет баланың адам арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін түсінуіне көмектесетінін айтады. Кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы бала әр адамның өз себебі, өмірлік жағдайы мен тәжірибесі болатынын аңғарады.
Сонымен бірге психолог кітапты тұрақты оқу адамды автоматты түрде мейірімді етеді деген түсінікпен келіспейді.
Бала оқиғаға үңілген кезде кейіпкерлердің сезімі мен уәжін түсінуге тырысады. Әр адамның өз тарихы, әрекетінің себебі және таңдау жасауына әсер ететін жағдайлары бар екенін ұғына бастайды. Бірақ кітаптың өзі баланы жанашыр адамға айналдырмайды. Ол оқығаны туралы ойлануды, талқылауды және кейіпкерлердің сезімін шынайы өмірмен байланыстыруды үйренуі керек, – деді Ольга Мачина.
Мамандардың пікірінше, әдебиеттің тәрбиелік мәні бала оқиғаны жай ғана бақылап қоймай, кейіпкерлердің әрекетіне баға беріп, сұрақ қойып, өз ойын еркін жеткізе алғанда ашылады.
Буллингтің алдын алуда кітап қаншалықты тиімді?
Балалар арасындағы жанашырлықтың жетіспеуінен туындайтын күрделі мәселелердің бірі – мектептегі буллинг. Қорлау, мазақ ету, ортадан шеттету және психологиялық қысым көрсету кей балалардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Көркем әдебиет оқушылардың мұндай әрекетке көзқарасын өзгерте ала ма?
Айнұр Дүйсеннің пікірінше, әділетсіздік, жалғыздық пен қатыгездік туралы оқиғалар балаға өзін жәбірленушінің орнына қойып көруге мүмкіндік береді. Ал өзгелерді қорлауға қатысатын бала мұндай шығарманы оқығаннан кейін өз әрекетінің салдары туралы ойлануы мүмкін.
Алайда психолог кітаптан әсерлену мінез-құлықтың міндетті түрде өзгеретінін білдірмейтінін ескертеді.
Баланың мінез-құлқы өзгермеуі де мүмкін. Дегенмен мұндай шығармалар ойлануға, буллингке ұшыраған адамды түсініп, оған жанашырлық танытуға алғашқы қадам болуы ықтимал. Бірақ тек кітапқа сүйеніп, мәселені шешу мүмкін емес, бұл жеткіліксіз. Мұндай жағдайда нақты жұмыс жүргізіп, оқиға болған ұжыммен сөйлесу, психологиялық қолдау көрсету және қолжетімді барлық тәсілді қолдану қажет, – деп атап өтті маман.
Ольга Мачина да көркем шығармалар баланың қатыгез әрекеттің салдарын түсінуіне көмектесетінін айтады. Оның сөзінше, шеттетілген немесе мазаққа қалған кейіпкер туралы оқығанда бала жағдайға сырттай бақылаушы ретінде ғана емес, жәбірленушінің көзімен қарауға тырысады.
Дегенмен психолог буллингтің алдын алу үшін ересектердің мұндай оқиғаларды талқылаумен шектелмеуі керегін ескертеді. Олар шынайы өмірде де өзгені қорлау мен кемсітуге жол берілмейтінін нақты әрекетімен көрсетуі керек.
Яғни көркем әдебиет баланың мәселеге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал ете алады. Алайда буллингті тоқтату үшін мектеп, отбасы және мамандар бірлесіп, нақты шаралар қабылдауы қажет.
Кітап пен экран: цифрлық орта балаға қалай әсер етеді?
Бүгінде көркем әдебиет балалардың назарын әлеуметтік желілермен, компьютерлік ойындармен және қысқа бейнероликтермен бөлісуге мәжбүр. Мұнда мәселе баланың экран алдында қанша уақыт өткізетінінде ғана емес, қандай эмоциялық тәжірибе алатынында да.
Айнұр Дүйсен қысқа бейнеконтентті қабылдаудың ерекшелігіне назар аударады. Оның пікірінше, бейнероликтерді үздіксіз ауыстырып көру баланың бір эмоциядан екіншісіне жылдам ауысуына әкеледі. Ал кітап оқу бір оқиғаға тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге маман қысқа бейнелерді көруді жанашырлық қабілетінің жоғалуымен тікелей байланыстыруға болмайтынын айтады. Бала эмоция сезінуді жалғастырады, бірақ оны қабылдау тәсілі өзгеше болуы мүмкін.
Ольга Мачина интернетте қатыгездік пен өзгені қорлауды ойын-сауық ретінде көрсететін контенттің таралуына алаңдайды.
Психологтің пікірінше, кей балалар қатарластарының назарын аудару үшін кемсітетін әзілдер мен келемежді қалыпты әрекет ретінде қабылдай бастауы мүмкін.
Қазір балалар интернеттен қатыгездікке толы дүниелерді, өзгелерді кемсітетін әрі ренжітетін әзілдерді көп көреді. Мұндай әрекеттер кейде күлкілі әрі қалыпты нәрсе ретінде ұсынылады. Ең алаңдатарлығы – бала лайк, қаралым жинап, танымал болу үшін біреуді ренжітетін әрекеттерді қайталай бастауы мүмкін. Оның басқа адамға қаншалықты ауыр тиетінін және қандай салдарға әкелетінін ойламауы да ықтимал. Балалар экранның ар жағында да сезімі бар, ренжитін тірі адам отырғанын әрдайым түсіне бермейді. Егер осы айырмашылықты уақытында түсіндірмесек, қатыгездік бірте-бірте қалыпты нәрсе ретінде қабылдануы мүмкін, – деп есептейді Ольга Мачина.
Оның айтуынша, ата-аналар баланың қандай контент көретінін бақылаумен шектелмей, интернеттен көргені туралы сөйлесуі керек. Белгілі бір әрекеттің неліктен өзгенің көңіліне тиюі мүмкін екенін және әзіл мен қорлаудың арасы қай жерден бөлінетінін түсіндірген жөн.
Балаға кітап таңдағанда нені ескеру керек?
Мамандар жанашырлықты міндетті түрде қалыптастыратын әмбебап кітаптар тізімі жоқ екенін айтады. Ең маңыздысы – шығарманы баланың жасына, қызығушылығына және эмоциялық дайындығына қарай таңдау.
Айнұр Дүйсен алдымен достық, өзара көмек пен әділдік туралы қарапайым оқиғалардан бастауды ұсынады. Бала өскен сайын әдебиет арқылы жауапкершілік, өз бетінше шешім қабылдау, адамдармен қарым-қатынас және өмірлік қиындықтарды еңсеру сияқты күрделі тақырыптарды талқылауға болады.
Сонымен қатар психолог баланы өзіне қызық емес шығармаларды оқуға мәжбүрлемеуге кеңес береді. Оның пікірінше, мәжбүрлеу оқу мәдениетін қалыптастырудың негізгі тәсіліне айналмауы керек.
Ольга Мачина кейіпкерлері жалғыздық, қорқыныш, жоғалту, әділетсіздік немесе қарым-қатынастағы қиындықтарға тап болатын шығармаларды таңдауды ұсынады.
Мен кейіпкерлері жалғыздықты, қорқынышты, жоғалтуды, әділетсіздікті, қарым-қатынастағы қиындықтарды бастан өткеретін және таңдау жасауға мәжбүр болатын кітаптарды таңдар едім. Кейіпкерлердің тек жақсы немесе жаман болып бөлінбеуі де маңызды. Бала адамның әрекеті әрдайым біржақты бола бермейтінін түсінуі керек. Кітап таңдағанда баланың жасын ғана емес, оның эмоциялық дайындығын, қызығушылығы мен өмірлік тәжірибесін де ескерген жөн, – деді психолог.
Кітап балаға өзін түсінуге қалай көмектеседі?
Айнұр Дүйсен психологиялық жұмыста әдеби шығармаларды пайдаланатын библиотерапия әдісіне де тоқталды.
Кей жағдайда балаға өзінің қорқынышы, реніші немесе қарым-қатынастағы қиындықтары туралы тікелей айту оңай емес. Ал ойдан шығарылған кейіпкердің басынан өткен жағдайды талқылау оған өз сезімін түсінуге көмектесуі мүмкін. Бала кейіпкердің оқиғасынан өзіне таныс жағдайды байқап, бұрын сөзбен жеткізе алмаған сезімдерін сипаттауды үйренеді.
Мұндай тәсіл ересектерге де баланың ішкі күйін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
Ольга Мачина әдеби шығармалар балаға қолдау сезімін бере алатынын айтады. Дегенмен кітап кәсіби психологиялық көмектің орнын алмастырмайды.
Кейде кітап балаға өзін жақсырақ түсінуге және көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеуге көмектеседі. Ол кейіпкердің бойынан өз сезімін танып, мұндай қиындықты тек өзі ғана бастан өткермейтінін түсінуі мүмкін. Бірақ баланың мәселесін бір кітаппен шешуге тырыспау керек. Егер ол қатты алаңдаса, қорқыныш сезінсе немесе басқа да қиындықтарға тап болса, ересектердің қолдауы, назары және қажет болған жағдайда психологтің көмегі қажет, – деп атап өтті маман.
Оқырман ұлт қалыптастыру үшін кітап оқу жеткілікті ме?
Кітап оқу мәдениетін дамыту қоғам алдына тағы бір маңызды сұрақ қояды: кітаппен бірге өсіп келе жатқан ұрпақ қандай болуы керек?
Қазіргі білім беру жүйесінде академиялық білімге, сыни ойлауға және цифрлық дағдыларға басымдық беріледі. Алайда мамандардың пікірінше, адамның зияткерлік қабілеті оның өзгені түсіне білуімен, тіл табысуымен және жанжалдарды шеше алуымен әрдайым қатар жүре бермейді.
Айнұр Дүйсен баланың эмоциялық дамуына білім алу мен кәсіби дағдыларды меңгеру сияқты маңызды деңгейде көңіл бөлу керек деп санайды.
Ол бұл үдерісті ең алдымен отбасынан бастауды ұсынады. Психолог баласына мейірімділік туралы кітап оқып беретін ересек адамның күнделікті өмірде айналасындағыларға керісінше қарым-қатынас танытуы балаға қайшы үлгі болатынын ескертеді.
Жанашырлық кітап арқылы ғана емес, жеке үлгі арқылы да қалыптасады. Сондықтан ата-аналар оны өз әрекетімен көрсетуі керек. Балаға мейірімділік туралы кітап оқып беріп, кейін оның көзінше өзгелерге мүлде басқаша қарым-қатынас жасауға болмайды. Халық бекерден-бекер «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» демейді. Ата-ананың бала тәрбиесіндегі ықпалы өте зор, – деді Айнұр Дүйсен.
Ольга Мачина да мектепте әдеби шығармалардың мазмұнын тексерумен шектелмей, баланың кейіпкерлердің сезімі мен әрекетін қалай түсінетінін талқылауға мән беру керек деп есептейді.
Менің ойымша, эмоциялық даму академиялық білімнен кем маңызды емес. Адам өте білімді әрі табысты болуы мүмкін, бірақ өзгелермен қарым-қатынас орнатуды білмеуі ықтимал. Кітаптар дүниетанымды кеңейтіп, әртүрлі көзқарасты түсінуге және өзгенің сезімін байқауға үйретеді. Алайда мұны отбасынан бастау қажет. Бала өзін тыңдайтынын, құрметтейтінін және қабылдайтынын сезінуі керек. Мектепте де баланың кітап оқыған-оқымағанын тексерумен шектелмей, кейіпкерлердің әрекетін, сезімін және таңдауын талқылаған жөн, – деп атап өтті психолог.
Осы тұрғыдан алғанда, оқырман ұлт қалыптастыру тек кітаптың қолжетімділігіне немесе оқуға деген қызығушылыққа байланысты емес. Оқығанын ой елегінен өткізу, кейіпкерлердің оқиғасын шынайы өмірмен байланыстыру және өз әрекетінің өзгелерге әсерін түсіну де маңызды.
Мамандардың пікірінше, көркем әдебиет баланың эмоциялық тәрбиесіне ықпал ететін маңызды құрал бола алады. Алайда жанашырлық тек оқыған кітаптың санымен өлшенбейді. Ол жеке тәжірибе, отбасындағы тәрбие және айналасындағы адамдармен қарым-қатынас арқылы қалыптасады.
Сондықтан оқырман ұлттың қалыптасуын балалардың қанша кітап оқығанымен ғана бағалау жеткіліксіз. Одан да маңыздысы – сол шығармалардан қандай ой түйгені және оқығанының өзге адамдармен қарым-қатынасына әсер ете алғаны.