14 Қыркүйек 2026, 21:22 Фото: BAQ.KZ архив

«Кітап оқитын ұлт» марафонына миллион адам қосылды

Марафонға мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар, кітапханашылар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала мамандары және тұтас отбасылар қатысып жатыр.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық оқу марафонының ресми сайтында миллионыншы қатысушы тіркелді. Осылайша, жобаға Қазақстанның барлық өңірінен 1 миллион адам қосылды.

Марафонға мектеп оқушылары мен студенттер, мұғалімдер мен ата-аналар, кітапханашылар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі сала мамандары және тұтас отбасылар қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл көрсеткіш жай ғана тіркелгендер санын білдірмейді. Оның артында кітап оқуға қызығушылық танытып, білім мен дамуды таңдаған миллион оқырман тұр.

Жоба аясында қатысушылар кітап оқып қана қоймай, шығармаларды талқылап, өз әсерлерімен және жаңа идеяларымен бөліседі. Марафонның басты мақсатының бірі – оқу мәдениетін қалыптастырып, кітапты адамдарды біріктіретін ортақ құндылыққа айналдыру.

Марафонға отбасылардың, мектептер мен түрлі ұжымдардың белсенді қатысуы да ерекше маңызға ие. Кітап оқу арқылы жасы мен кәсібі әртүрлі адамдардың басын қосуға мүмкіндік туады.

«Кітап оқитын ұлт» жобасының ұйымдастырушылары миллион қатысушыға алғыс айтып, бұл көрсеткіштің бастамасы ғана екенін атап өтті.

Біз қазірдің өзінде 1 000 000 адамбыз. Алда – бұдан да көп кітап, оқырман және тарих бар, – делінген жоба хабарламасында.