Кітап дүкендерінде неге поэзия кітаптары жоқ? – ақын себебін түсіндірді

Ақын Ерлан Жүніс Әдебиет порталына берген сұхбатында поэзия мен проза туралы ой қозғап, поэзияның неліктен азайып кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Проза – бәрібір әдебиеттің есеюі. Әрине, поэзия ол – авангард, алғашқы рух, алғадай, жаңа ойлар, жаңа идея, жаңа мазмұнды алып келуші. Дей тұрғанмен, әдебиет деген – негізі проза. Ол – үлкен еңбек, үлкен жол, ұлттың я болмаса адамзаттың шежіресі. Ол жазылуы керек солай. Қазір кітап дүкендеріне барсаңыз, поэзия кітаптарын көресіз бе? Кітап дүкеніне барыңыз, поэзия жоқ, - деді ол.

Ақын XXI ғасырды өте прозаикалық ғасыр деп атады.

XXI ғасырда тіпті соғыстардың өзі қайталанады. Технология дамыды әрине қол телефоны дейік, компьютер дейік, ғарышқа ұшу, Марсқа адам қондыру, жасанды интеллект деген секілді. Оның барлығы дамыды, бірақ адамзат ғашық емес. Адамзат ынтық емес, алаңғасар емес. Қазір адамзат ақылды болуға, бәрін білуге және қателеспеуге ұмтылады, сақ. Осы уақыттарда шынымен де әлемде поэзия жоқ. Өлең жоқ әлемде. Әлем аңғал емес, әлем 16-18 жастағы бозбала не бойжеткен емес, беті қызарып тұрған. Әлем романтик емес. Әлем өте есепшіл, тиянақты, реалистік. Осы уақытта прозаның дамуы да заңды, - деді Ерлан Жүніс.

Ол "тарихта қоғам бақытты болғанда, ақындар даңқты болатынын" айтты және "әлемнен поэзияның кетіп қалуының" астында психологтар мен әлеуметтанушылар тарапынан зерттеуді қажет ететін қауіпті тенденция бар деп болжады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы