Кір жуу орындары қаншалықты қауіпсіз? Мамандар нені ескертеді
Өндірістік қуаты жоғары химиялық тазалау орындары тұрғын үйлерден белгілі бір қашықтықта орналасуы тиіс.
Кір жуу және химиялық тазалау қызметтері бүгінде көпшілік үшін күнделікті тұрмыстың бір бөлігіне айналды. Әсіресе көлемді көрпе-төсек, қысқы киім немесе арнайы күтімді қажет ететін бұйымдарды көпшілік кәсіби қызмет көрсететін орындарға тапсырады. Алайда мұндай нысандардың санитариялық талаптарды қаншалықты сақтайтынына кез келген тұтынушы мән бере бермейді.
Мамандардың айтуынша, кір жуу және химиялық тазалау орындары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтаған жағдайда ғана тұрғындар үшін қауіпсіз болады.
Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұқамғали Арыспаевтың айтуынша, мұндай объектілердің қызметі тұрғындардың денсаулығына теріс әсер етпеуі тиіс.
Кір жуу және химиялық тазалау объектілері тұрғындардың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайын нашарлатпауы керек. Сондықтан оларды орналастыру кезінде санитариялық-қорғау аймақтары сақталып, желдету жүйесі, шу мен иістің таралуын болдырмайтын инженерлік шешімдер қарастырылуы тиіс, - дейді ол.
Санитариялық талаптар не үшін қажет?
Қолданыстағы санитариялық қағидаларға сәйкес, өндірістік қуаты жоғары химиялық тазалау орындары тұрғын үйлерден белгілі бір қашықтықта орналасуы тиіс.
Бұл талап химиялық заттардың иісі, өндірістік шу мен басқа да факторлардың тұрғындарға қолайсыздық туғызбауы үшін енгізілген, - дейді ол.
Ал тұрғын үй кешендерінің ішінде орналасқан шағын кір жуу орындары да бірқатар талаптарды орындауға міндетті.
Мысалы, олардың желдету жүйесі ғимараттың жалпы желдету жүйесіне қосылмауы қажет. Сонымен қатар бу, жылу, ылғал мен жағымсыз иістің пәтерлерге таралуына жол берілмеуі тиіс.
Лас және таза кірдің араласуына жол жоқ
Кір жуу орындарында ең маңызды талаптардың бірі – технологиялық процестің дұрыс ұйымдастырылуы. Яғни лас кір мен жуылып болған таза кір ешқашан бір жерге қойылмауы керек.
Әсіресе медициналық ұйымдардан жеткізілген төсек жабдықтары мен арнайы киімдер басқа тапсырыстардан бөлек өңделеді. Лас және таза кірді тасымалдайтын арбалар да арнайы таңбаланып, тек өз мақсаты бойынша пайдаланылады, - дейді Арыспаев.
Химиялық тазалау орындарында қандай қауіпсіздік шаралары сақталуы керек?
Химиялық тазалау кезінде түрлі еріткіштер мен реагенттер қолданылатындықтан, мұндай нысандарға ерекше талап қойылады. Жұмыс орындары жергілікті сорғыш желдеткішпен жабдықталуы, ал сарқынды сулар жабық жүйе арқылы шығарылуы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздігі расталған химиялық заттар ғана пайдаланылуы қажет.
Химиялық реагенттер арнайы жабдықталған қоймаларда сақталуы керек. Қызметкерлер олармен жұмыс істеген кезде міндетті түрде жеке қорғаныш құралдарын пайдаланады, - дейді ол.
Тұтынушы нені ескергені жөн?
Мамандардың пікірінше, кір жуу немесе химиялық тазалау қызметін таңдағанда тек бағаға ғана емес, қызмет көрсететін орынның санитариялық жағдайына да назар аударған жөн. Нысанның тазалығы, қызметкерлердің арнайы киіммен жұмыс істеуі, жағымсыз иістің болмауы және дайын тапсырыстың қапталып берілуі – қауіпсіз қызметтің маңызды белгілері.