Кир Стармер: Путиннің өзі келіссөзге отыруға мәжбүр болады
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Ресей президенті Владимир Путиннің “ерте ме, кеш пе” Украинадағы жағдайды реттеу үшін келіссөздерге отыруға мәжбүр болатынын мәлімдеді.
Осы аптада Украина мен АҚШ Сауд Арабиясында келіссөздер жүргізгенін еске салған Стармер, Украина президенті Владимир Зеленскийдің “Украина – бейбітшілікке мүдделі тарап екенін дәлелдегенін”, себебі 30 күндік шартсыз атысты тоқтатуға міндеттеме алғанын атап өтті.
Ал Путин туралы айта келе, британдық премьер оның “уақытты созуға тырысып жатқанын” жеткізді.
Егер Кремль басшысы бейбітшілікке шын мәнінде ұмтылса, ол Украинаға қарсы қатыгез шабуылдарын тоқтатып, атысты доғару туралы келісімге келуі керек. Менің ойымша, ерте ме, кеш пе оған келіссөздер үстеліне отырып, маңызды талқылау жүргізуге тура келеді. Бірақ біз қол қусырып, бұл сәтті күтіп отыра алмаймыз. Біз ілгері жылжып, бейбітшілікке дайындалуымыз керек – бұл қауіпсіз әрі тұрақты бейбітшілік болуы тиіс, – деді Кир Стармер.
Бұл үшін Украинаның қорғанысын нығайту, кез келген келісімді “қатысуға ниетті елдер коалициясымен” қамтамасыз ету және Путинді келіссөздерге отыруға мәжбүрлеу үшін қысымды жалғастыру қажет, деп түйіндеді Ұлыбритания премьер-министрі.