Кипр жағалауында паром суға батып кетті
Кемеде 279 адам болғаны хабарланды, құтқару операциясы жалғасып жатыр.
Солтүстік Кипрдегі Гирне қаласының жағалауында жолаушылар паромы аударылып қалды. Бортта жүздеген адам болған, қазір ауқымды құтқару операциясы жүріп жатыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, Filo Denizcilik компаниясының кемесі жағалаудан шамамен 2-2,5 шақырым жерде болған кезде тұмсық бөлігінен су кіре бастаған. Капитан катамаранды бұрып, кері қайтуға әрекет жасағанымен, бұл мүмкін болмаған.
Оқиға орнына жағалау күзетінің іздестіру-құтқару топтары, көптеген қайықтар мен тікұшақ жіберілді. Жолаушылар жағаға эвакуацияланып жатыр. Онда оларды медициналық бригадалар күтіп алуда. Гирне ауданындағы барлық жедел жәрдем көліктері мен ауруханалар күшейтілген дайындық режиміне көшірілді.
Жергілікті БАҚ зардап шеккендер бар екенін хабарлағанымен, олардың нақты саны мен жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.
Кемеде болған адамдардың санына қатысты мәліметтер де әртүрлі. Бастапқыда бортта 259 жолаушы мен сегіз экипаж мүшесі болғаны айтылса, кейін кемеде барлығы 279 адам болғаны хабарланды.
БАҚ мәліметінше, борттағы 279 адамның 100-ге жуығы жағаға жеткізілген. Құтқару операциясы жалғасып жатыр.