Кипр жағалауында кеме суға батып кетті
Танзания туымен жүзген As Dream кемесі Пафос қаласынан 90 теңіз милі қашықтықта апатқа ұшыраған. Борттағы 10 теңізшінің барлығы аман-есен құтқарылды.
30 қазанда JRCC орталығына Кипр Республикасының іздестіру-құтқару операциялары аймағында, Пафос қаласынан батысқа қарай 90 теңіз милі қашықтықта Танзания туымен жүзіп келе жатқан As Dream сауда кемесінің суға батып жатқаны туралы хабар түскен. Кеме бортында 10 адам болған.
Құтқарылған теңізшілердің барлығы алдымен Msc Hannah III жүк кемесіне жеткізілген. Кейін порттық және теңіз полициясының Pentadaktylos катері оларды бортқа алып, Лимасол портына жеткізген. Бұл туралы Ларнака қаласында орналасқан Біріккен іздестіру-құтқару орталығы (JRCC) хабарлады.
Медициналық тексеру қорытындысы бойынша теңізшілердің жағдайы жақсы деп бағаланған.
JRCC мәліметінше, құтқару операциясына Кипр Ұлттық гвардиясының тікұшағы мен жағалау күзетінің патрульдік катері де жұмылдырылған.