Кипр Президенті Қазақстанның саяси және экономикалық реформалар бағытын құптайды

Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис Қазақстанның Кипрдегі Елшісі Сатыбалды Бұршақовты қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында Н. Христодулидис Қазақстан-Кипр қарым-қатынасының жоғары деңгейін және ресми Никосияның екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге мүдделі екенін растап, өзара шарттық-құқықтық базаны кеңейтудің және тараптардың сауда-экономикалық іс-қимылды күшейту жөніндегі тиімді бастамаларын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Кипр басшылығының ерекше назары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған кешенді саяси және экономикалық реформаларға аударылды. С. Бұршақов экономика, инвестиция, ауыл шаруашылық, логистика, АT, білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жаһандық жобаларды жүзеге асыру бойынша жаңа үкіметтің алдағы жылдарға қойған міндеттері туралы хабардар етті.

Кипр басшысы Қазақстандағы қоғамдық-саяси реформалардың дамуы мен демократиялық қайта құру үдерісін, сондай-ақ жаңа үкіметінің нысаналы көрсеткіштерін құптады.

Бұдан бөлек Никосияға сапары аясында С. Бұршақов Кипр Сыртқы істер министрі Константинос Комбос пен Өкілдер палатасының Сыртқы және еуропалық істер жөніндегі комитетінің төрағасы – Кипр-Қазақстан парламентаралық достық тобының тең төрағасы Харрис Георгадиспен, Кипр Сыртқы істер министрлігінің Тұрақты хатшысы Кириакос Куроспен келіссөздер жүргізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: СІМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы