+23

KIOSH 2025: Дрондар мен роботтар еңбек қауіпсіздігін қалай өзгертеді?

Астанада KIOSH 2025 еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі XIII халықаралық көрме өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биылғы көрменің тақырыбы – еңбек қауіпсіздігі. Іс-шараға 12 елден келген қонақтар қатысып, 95 компания өз өнімдері мен технологиялық шешімдерін ұсынды.

Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігін бақылау жұмыстары бұрынғыдай емес, цифрландырылып жатыр. Шетелден келген компаниялар күнделікті жұмыс барысында қолданылатын тәжірибелерімен бөлісті. Олар жұмысшыларды алыстан бақылау, сондай-ақ кен орындары мен шахталарда роботтар мен дрондарды тиімді пайдалану жолдарын көрсетті. Бұл шаралар жұмысшыларды түрлі қауіптен сақтап қалуға бағытталған. Мұндай өзгерістер болашақта елімізде де қолданысқа енуі мүмкін, – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерболат Әбілхатин.

Ол елімізде былтырдан бастап "нөлдік жарақат" тұжырымдамасы енгізілгенін атап өтті.

Көрмеге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Халықаралық еңбек ұйымы, Еңбек инспекторларының халықаралық қауымдастығы, кәсіптік білім беру ұйымдарының өкілдері мен Австралия, Ұлыбритания, Ресей, Армения және өзге елдерден келген халықаралық сарапшылар қатысты.

Еңбекті қорғау – әр адамның өмірі, денсаулығы мен әл-ауқатына тікелей қатысты. Әсіресе күнделікті нақты қиындықтарға тап болатын жұмысшылар мен жұмыс берушілердің пікірін тыңдау өте маңызды. Іс қағаз жүзінде бір басқа, ал нақты тәжірибе – мүлде басқа. Біз тек тығыз қарым-қатынас арқылы шынымен қауіпсіз әрі заманауи еңбек жағдайын жасай аламыз, – деді Үкімет басшының орынбасары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы