Кинологпен сұхбат: Қызметтік иттердің қыр-сыры

Есірткі мен жарылғыш заттарды, адамды іздеуде қызметтік иттердің еңбегі орасан. Оларды бұл қызметке даярлау ұзақ жыл мен қажырлы еңбекті қажет етеді. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі арнайы дайындық бөлімінің жедел уәкілі, полиция капитаны, кинолог Асхат Алнұрұлымен сұхбаттасты.

– Кинология қызметіне қалай қалай келдіңіз? Үйретілген иттеріңіз жайлы айта кетсеңіз.

– Осы қызметтік иттермен жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Жұмысымды ең алдымен шекара қызметінен бастағанмын, осы жерге келіп офицер атағын алып, кинолог атандым. Қазіргі уақытта өзімнің үйретіліп, жедел шараларға қатысып жүрген дайын белгиялық овчарка итім бар. Оның лақап аты Астра, жасы 3,5-да. Ол өте ақылды. Астра есімді белгиялық итімді 4 айынан бастап бағып келемін. Ол ит қазіргі таңда жарылғыш заттарды іздеу бойынша жұмыс істейді. Өзінің бағыты бойынша жарыстарға қатысқан. Әртүрлі мемлекетаралық іс-шараларға қатысты. Барлық жерде оң нәтижесін беріп келеді. Сонымен қатар күшік болса да, көпшіліктің көзіне түскен тағы бір итім бар. Ол неміс овчаркасы Дос, 12 айлық, қазір баптау барысында. Кішкентай болса да елгезек. Мен оны 3 айынан бастап қолыма алып, баптап келемін. Оны есірткі іздеу бағытына баулып жатырмыз. Меніңше, иттің өзінің мінез-құлқына байланысты қиындықтардың да оңай жері болады. "Әр істің өз машақаты бар" демекші, біздің де жұмыс сондай.

– Қызметтік иттерді әр салаға қалай бөлесіздер?

– Иттер қызметке екі бағытта таңдалады. Оның бірі тұқымына қарай болса, енді бірінің қабілеті ескеріледі. Негізінде белгиялық, неміс овчаркасы, спаниэль сияқты кішкентай иттер есірткі, жарылғыш заттарын іздеуге қолайлы. Сонымен қатар лабрадор-ретривер тұқымдас иттер тез шаршағыш келеді, сондықтан одорологиялық сәйкестендіру, иісті іздеу бағыттарында жақсы жұмыс істейді. Із кесу бағытында көбіне неміс және бельгиялық иттер қолданылады. Біз иттерді күшік кезінде қабілетіне қарай бөлеміз. Жарылғыш заттарды іздейтіндерді байыпты, байсалды, қопарып кетпейтін күшіктерден таңдаймыз. Қазақта «Ақырын жүріп, анық бас» деген сөз бар ғой. Сол секілді иттердің байыптылығына қараймыз. Ал қозғалысы белсенді, тез қозғалатын күшіктерді есірткі іздеу бағытына жұмыс істеуге баулимыз. Сондай-ақ адам исін іздейтіндерге көбіне тамаққа жақын, ашуланшақ иттер таңдалады. Жалпы, күшіктерді жарылғыш, есірткі іздеуге ойыншықпен үйретеміз. Доптың қасына әртүрлі иістерді қойып, таныстырамыз. Жасырынғанда, ойыншықты іздеп жатырмын деген ойда болады. Сол себептен итті тамақ және доп арқылы үйретуге болады.

– Иттер адамдарды жарақаттап, зиян келтірмей ма?

– Бізде із кесуші иттер болады. Олар қауіпті, қылмыскерлерді тістеу арқылы ұстау барысында шабуылдайды. Оларға арнайы адамды тістетіп үйретеді. Сол себепті шабуылдаушы иттер деп атайды. Жалпы, күшік кезінде иттер адамды тістемейді. Бізге келген оқушылар мен студенттер оларды сипалап, ойнап, суретке түседі. Ал жасқа толған иттерді әрқайсысы келіп сипап кете алмайды. Дегенмен олар адамдарды қабады деп айтуға да болмайды.

– Үйретілген иттердің бір күні қалай өтеді?

– Таңғы таратылым болады. Ол кезде міндетті түрде қызметтік итке барып, күнделікті астын тазалаймыз. Сосын таңғы тамақтарын беріп, қыдыртып алып шығамыз. Одан әрі қарай күнделікті жұмысымызды, жаттығуымызды жасап, дайындаламыз. Жедел тапсырма келіп түссе, оны орындаймыз. Иттер үнемі өз бабында болады. Ал біз жазғы демалысқа кеткен уақытта, қасымыздағы қызметкерлер көмектесіп, осы процесс бойынша жұмыс істейді.

– Үйретілген ит пен қожайын бірін-бір сезе ала ма?

– Ит пен қожайынның арасында байланыс болады. Жазғы демалыстан келгенде, бір-бірімізді сағынып қаламыз. Әр қожайын өзінің итінің жай күйіне қарап ауырып тұрғанын, көңіл-күйі болмай тұрғанын сезеді. Жұмыс барысында күшік кезінен мінез-құлқын жатқа білеміз. Сол арқылы қай кезде жұмыс істегісі келіп тұрғанын, еркелеп тұрғанын бірден байқаймыз. Күнделікті қасында жүргендіктен, ит те өзінің қожайынының ашуланып тұрғанын, көңіл-күйі жоқтығын дауысынан, іс-қимылынан сезеді. Көптеген жыл жұмыс істеп, қабілетінен айырылған иттерді теңгерімнен шығарады. Теңгерімнен шыққан иттерді бірге қызмет істеген кинолог үйіне алып кете алады.

– Дайындық барысында итке добын лақтырса да, бұйрықты күтіп қозғалмады. Осы жайлы айта кетсеңіз.

– Үйретілген иттермен жұмыс бұйрық арқылы жасалады. Бәрі тәртіппен болады. Адамдардың арасында тәртіп болса, иттердің арасында да тәртіп сақталады. Алдағы уақытта ит өз бетімен бірдеңені бүлдіріп қоймас үшін, барлығы бұйрықпен істеледі. Добы лақтырылады, оны алуға бұйрықты күтеді. Оның барлығы күшік кезінен бастап кезең-кезеңмен жасалады. 

– Үйретілген күшіктер Алматыда даярланады екен, сол жайында айта кетсеңіз. 

– Бізде кішкентай күшіктерді өсіріп, тудыратын арнайы орталық бар. Күшіктер көшеде немесе басқа жақтан сатып алынбайды. Арнайы комиссия тексерістен өткізіп, қарым-қабілетін зерттеп, тексеріп, еліміздің әр өңіріндегі кинология қызметіне жібереді. Сол себептен иттер тегіне қарай тексеріліп алынады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы