Кинология: Қызметтік иттер 11 млн иіске дейін ажырата алады
Ресейлік кинологтар қызметтік иттерді ұшқышсыз ұшу аппаратын 700 метрге дейінгі қашықтықтан анықтауға үйретіпті. Бүгінде әлем елдері қару жарақтың жаңашыл бұл түрін түрлі қақтығыстарда да кеңінен қолданатыны белгілі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жау дронын алыстан сұлатып түсірмесе де, сұлбасын танып, сұрапылдың сұсынан сескенбей, алдын ала хабар беретін төрт аяқты жауынгердің заманауи майданда маңызы өте зор. Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің кинология қызметі де жыл сайын заман ағымына сай аршынды қадам басып, ілгері дамып келеді.
Қазіргі таңда Өскемен қаласындағы 5518 әскери бөлімінде 15 ит із кесу, есірткі, жарылғыш заттарды іздеу, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бойынша әскери қызметкерлерге көмектесіп, пайдасын тигізіп жүр. Әр иттің өзіне жүктелген міндеттері бар. Жалпы, овчаркалар әскери қызметте 8 жасқа дейін қызмет етеді.
Осы қазанда 4 жасқа толған Джессидің кинология мамандар тобының бөлініс бастығы (топ бастығы) кіші сержант Қабдұлхамит Жалғастың бірге әскерде қызмет етіп жатқанына үш жыл болыпты.
Жалпы кіші сержант өзінің қызметтік иттермен жұмыс істеп, үйретіп жүргеніне 10 жылдан асқан. Иттерді асырап, баптау үшін де аз қаражат кетпейді. Олар дүкендерде сатылып жатқан құрамында дәрумендері бар дайын тамақ түрлерімен күніне екі уақыт тамақтандырылады.
Қорғаныс саласында, әскери қызметте жаңадан қолданылып жатқан Джесси тамыз айында өткен жылы Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер бойынша өткен іс кесуші иттер арасындағы арнайы байқауда бірінші орынды жеңіп алған. Иттер иісті ажыратып, оны шатастырып алмас үшін әскерилер оларға күшік кезінен бастап көптеген жаттығулар жасатқызып, із кесуге үйретеді.
Жалпы иттің иісті ажырату қабілеті өте күшті және тәжірибеден өтіп шыңдалғандары ешқашан шатаспайды екен. Ғалымдар иттің бір иісті 5 жылға дейін ұмытпайтынын айтады. Тіпті олар 11 миллион иіске дейін ажырата алатын көрінеді.
Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе күшті көрінеді. Жалпы қызметтік иттердің жұмыс істеу қабілеті сегіз жыл үш айды қамтиды. Дегенмен, жасына қарамастан қызметте белсенді болса, әрімен қарай да жұмыс жасай береді.
- Джессидің өзге қызметтік иттерден айырмашылығы неде?
- Джесси шығыс Еуропа овчаркасы. Жалпы төртаяқтының бұл түрі күн райының құбылмалығына мән бермей, қызметін жалғастыра береді. Жалпы мұндай қызметтік ит із кесу жұмыстарына жұмылдырылады. Иттердің сезімталдығы адамдарға қарағанда әлдеқайда ерекше дамыған. Мысалы, Джесси менің вальерге қандай көңіл-күймен келе жатқанымды сезіп тұрады? Сенесіз бе? Арнайы кинология ғылымының зерттеулерінде, иісшіл ит тастай қапас түнекте 100 метрге дейін кимылдаған затты байқап, сонымен қатар 25 метр қашықтықтағы дауысты ажырата алады екен. Жалпы, иттердің мінез-құлқы да тура адамдардікіне ұқсас. Сангвиник, меланхолик, флегматик, холерик сияқты төрт типтен тұрады. Ал қызметтік иттің мінезі меланхолик пен холериктерден таңдап алынады. Итпен байланыс орната білуде, көбіне сабырлы иттер қажет. Джесси холериктер тобына жатады. Ұрғашы ит болғандықтан мінезі тұрақты, бұйрыққа тез бағынышты келеді. Ал, кинология қызметінде иттердің еркек ұрғашы бөлінуін де жер мен көктей айырмашылық бар. Қызметті атқару барысында еркек ит таяу маңда ұрғашыны көрсе, ойы он саққа бөлініп, жүктелген тапсырманы орындай алмай қалады. Менің ойымша, кинолог мамандығын психолог мамандығына ұқсатуға болады. Төрт аяқтының тілін табуда, қызметтік иттің алдымен сеніміне кіру қажет. Ал, жаттығу жұмыстарына алғашында небары жарты сағат арналса, кейінірек бір жарым сағатқа дейін ұласады. Күшік берілген тапсырмаларды орындауда алғырлығымен ерекшеленсе, озық топтағы иттермен күрделі жаттығу түрлерін орындауға көшеді. Тапсырмаларды бұлжытпай орындаған төрт аяқтының қызметі ескеріліп, кейбір итке иесі тәтті тағам берсе, кейбірі сүйікті ойыншығын ұсынады.
- Ал кинологиялық білімді осы әскери бөлімнен игердің бе?
- Жоқ. Алдымен Қаракемердегі оқу орталығынан арнайы кинологиялық білім алдым. Бұдан кейін қызметтік міндетіме кірістім. Осы орайда әскери бөлімдегі кинолог мамандардың біразынан ақпарат алдым. Тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға машықтанбас бұрын, иттердің табиғатын зерттеп, сенімділігіне кіру қажет екендігін ұғындым. Міне, тамыз айында Джессимен жеңіс тұғырына шықтық. Бұл менің кинолог ретінде жеткен айрықша жетістігім.
- Сайыс қалай өтті? Джессидің жеңісіне сенімді болған шығарсың?
- Мен бе? Мен, әрине сенімді болдым. Бірақ шыны керек, қатарластарыммен үзеңгі қағысып келіп, жеңіске иық тіресе жетемін деген ойда болдым. Өйткені, атағынан ат үркіген қызметтік иттердің талайын көзбен көрмесек те, сыртынан хабардармын. Олар да Қаракемердегі көпсайыстың көркін қыздырып, таласқа түсті. Дегенмен төрт күнге созылған сайыстың әр күнінде Джесси ғана үздік саналды. Негізі иттің көбі атыс қаруынан оқ атылғанда жасқанып қалып, иесіне бағынбай абдырап қалады. Менде де қорқыныш болды. Тапсырма орындау барысында, атыс қаруынан оқ жаудыратын кезеңде таяп жетті. Ішімнен «менің итім дауысқа мән бермесе екен деп құдайдан қалай дұға тілеп кеткенімді өзім де білмей қалдым. Себебі осы бір сын өткелден сүрінген иттер көп болды. Ал менің азуын айға білеген Джессиім аянып қалмады. Дәл желке тұсынан атылған оқтан жасқанбай, айналасындағы тосқауылдарды ысырып тастап, жасырынған адамды табуға ұмтылды. Нәтижесінде, іздестіру қызметі бойынша «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының кинолог мамандары арасында өткізілген көпсайысында бірінші орынды жеңіп алды.
- Джессидің бүгінгі жетістігінен кейін, қызметтік итке деген көзқарас әскери бөлімде өзгерген болар?
- Джесси көпсайыста енді топ жарып көзге түскенімен Өскемен қаласының тұрғындары үшін өзіндік бір мәртебеге ие. Себебі қызметтік ит қаладағы біраз қылмыстың бетін ашуға себепкер болған. Әсіресе, ұрлық, тонау болған жағдайда қылмыскерлердің ізін суытпай анықтау үшін қызметтік иттің көмегіне жүгінген оқиғалар жиі тіркелді, - дейді ол.
Олардың біріне тоқталсақ, былтырғы жылдың шілде айында полиция департаментінен жоғалған адамды табу үшін көмек ретінде 5518 әскери бөлімінен кіші сержант Қабдұлхамитті қызметтік иті Джессимен бірге шақырады. Жоғалған адам баспанасынан төрт шақырымдай жерде асылып қалыпты.
Беталысы белгісіз жанды табуға жедел іздестіру тобындағы Джесси өз ісінің үздігі екендігін тағы да бір мәрте дәлелдейді. Иісшіл ит небары аздаған уақытта қасат қар ортасындағы иен үй ішінде асылған адам мәйітін тауып алады.
Кіші сержантпен өткен аз-кем сұхбаттан кейін, қызметтік итті кинолог маман тәлімбаққа алып келіп, түрлі жаттығулар орындауға кірісті. Джесси құдды додаға түсер дүлдүлдей тыпыршып тұр. Әрбір қадамын аңдап басатын төртаяқты жауынгер із кесу жүйесін жетік игерген.
Бүгінгі таңда әлемде иттердің 400-ден астам тұқымы бар көрінеді. Бірнеше жыл бұрын Канадада ғылыми зерттеулердің негізінде ең ақылды иттер рейтингі анықталып, әскерилердің сенімді серігіне айналған неміс овчаркасы үшінші орынды иеленіпті. Одан кейінгі орындарды сары түсті ретривер, доберман-пинчер, шотландық төбет, лабрадор-ретривер және кішкентай папийон еншілеген.
Қызметтік иттердің бастарын қауіпке тігіп адамдарды түрлі апаттан, ҰОС соғысы кезінде неміс танктерін жойып, жауынгерлерді минадан сақтап, құтқарып қалған, адамдарға тигізген басқа да көмектері өте көп. Иесіне деген асқан махаббаттымен халықты таң қалдырған «Хатико» хикаясы да ит адамның сенімді досы екендігін тағы бір айғақтай түседі.
Шетелдік Scientific Reports журналында шыққан ғылыми мақалада ит ұстайтын адамдардың өзгелерге қарағанда ұзағырақ өмір сүретіні туралы деректер келтірілген. Ғалымдар мұның нақты себебін әлі таппаған.
Біздің деректерімізге сүйенсек, ит асырау адамдардың мезгілсіз қаза болу қаупін 33%-ға қысқартады және жүрек-қан тамырлары ауруын 11%-ға азайтады. Ең қызығы, біз бұрыннан білетін жалғыз басты адамдардың өміріне жақсы әсер еткен, - дейді Упсал университетінің (Швеция) маманы Мвенья Мубанга.
Психолог ғалымдар зерттеулері көрсеткендей, иттің адам денсаулығына өте жағымды әсер ететіні анықталған. Ит асырайтындар басқаларға қарағанда айтарлықтай ұзақ өмір сүреді және олардың мезгілінен бұрын өлуі де едәуір сирек. Бұған иттің қандай тұқым екені де әсер етеді екен – басқа иттерді емес аңшы иттерін ұстайтындар орташа алғанда ұзағырақ өмір сүреді.
Лейтенант Рүстем МҰХАМЕТРАҚЫМ