Киноиндустрия: 2024 жылы мемлекет қаржысына түсірілген 30-ға жуық фильм прокатқа шығуы мүмкін
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландырумен әр жылдары түсірілген 29 толықметражды фильм дайын тұр. «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, олардың жартысының өндірісі енді ғана аяқталып жатса, бұрын түсірілген кей туындылар түрлі себепке байланысты әлі де прокатқа шықпаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осыған байланысты Кионоорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали бұл фильмдерді 2024 жылы жарыққа шығару мүмкіндіктерін талқылады.
Менен "Біздің ұлттық фильмдеріміз қайда?" деп сұрап жатады. Бұл өте орынды сұрақ. Соңғы жылдары мемлекетіміз кинематография саласына қомақты қаржы бөлгенімен, көрермен оның нәтижесін көрмей отыр. Фильмдер түсіріледі, алайда көбі прокатқа шықпайды. Әр туынды түсіріліп болған соң, сөреде шаң басып қалмауы тиіс. Прокат болсын, фестиваль болсын, стриминг платформалар, телеарналар арқылы болсын – отандық көрерменге қолжетімді болуы керек. Бұл халықтың ақшасына түсірілген фильмдер, сондықтан жауапкершілікті түсініп, оның көрерменге жетуіне күш салу қажет, – деді Құрманбек Жұмағали.
Басқарма төрағасының айтуынша, экранға шықпаған туындылардың қатарында тіпті 2019 жылғы конкурстың нәтижесінде түсірілген фильмдер бар.
Отандық прокаттан олжа тауып жүрген фильмнің бірі – жуырда ғана жарыққа шыққан "Burkit" экшн фильмі бір айда отандық прокаттан қомақты қаражат жинады. Ал "Ева. Батыр қыз" секілді деректі картина соңғы жарты жылдықта 13 халықаралық кинофестивальден жүлделі оралды. Бақыттас Санитастың "Тезек" картинасы қазір әйгілі "Netflix" компаниясымен келсіссөздер жүргізуде. Әділхан Ержановтың "Мүйізтұмсық" атты киносының әлемдік премьерасы келесі жылы беделді Роттердам кинофестивалінде өтеді. Жиналған қауым дайын тұрған 29 жоба 2024 жылы толығымен жарыққа шығуы керек деген шешімге келді.
Әрбір фильмнің ең басты жеңісі – оның өз көрерменін табуы. Біздің мақсатымыз – ұлттық киноны халыққа қолжетімді ету. Отандық кино ең әуелі өзіміздің көрерменге қажет! Сол үшін барлығымыз – Киноорталық, фильм авторлары және дистрибьютерлер бірігіп жұмыс істеуіміз керек, – деп қорытындылады Құрманбек Жұмағали.