26 Тамыз 2026, 20:55

Кино, туризм және креатив: Қазақстан мен Вьетнам жаңа бірлескен жобаларды белгіледі

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Фам Тхи Тхань Ча өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын талқылады.

Кездесу Вьетнамдағы Қазақстанның мәдениет күндері аясында өтті.

Басты назарда кино, мәдени туризм, креативті индустриялар, тарихи-мәдени мұра мен дәстүрлі қолөнерді сақтау салаларындағы бірлескен жобалар болды.

Тараптар шығармашылық индустрия өкілдері арасындағы тәжірибе алмасуды және жаңа мәдени бастамаларды іске қосу мүмкіндіктерін жеке талқылады.

«Қазақстан-вьетнам қатынастары стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді, бұл мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Аида Балаева.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды дамытуға және екі ел арасындағы мәдени байланыстарды кеңейтуге дайын екендіктерін растады.