Өкінішке қарай, бұл - ақиқат. Дана Нұржігіт жаңа жазба жариялады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт тағы да елді карантин талаптарын сақтауға шақырды.

Қымбатты отандастар, әлемді бір сәтте тар қапасқа айналдырған індет жарты жылға жуық уақыт ішінде, өкінішке қарай, әрбір қазақстандық отбасын айналып өтпеді десек - қателеспейміз. Ата-анамыздан, бауырларымыздан, дос, таныс, әріптестерімізден қапыда айырылып жатырмыз. Көзге көрінбейтін, құбылып барып тұтқиылдан шабатын кесірлі індет еліміздің қаншама дарынын, дарасын арамыздан жұлып әкетті. "Жау жағадан алғанда, бөрі етіктен шалады" демекші, тар жерде қоғамның ескі жаралары - жемқорлық, алыпсатарлық сияқты жиіркенішті факторлар әшкереленіп жатса, екінші жағынан індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің жанкештілігі, оларға көмекке келген еріктілер, жер-жерде қайырымдылық жасап жүрген жандардың қатары көбейіп, адамгершілік пен отансүйгіштіктің ең биік үлгісіне куә болып жатырмыз, - дейді Дана Нұржігіт Instagram парақшасындағы бейнежазбада. 

Оның айтуынша, бұл күрес Қазақстан қоғамын өзгертіп жатыр. 

Ұлт ретінде, қоғам ретінде сыннан өтіп, ортақ қасіретке қарсы тұрып, беки түстік деп анық айта аламын. Бұл күрес біздің өмір салтымызды өзгертті. Сол арқылы санамызды өзгертіп жатыр. Індет ұлт, мемлекет ретінде сақталып, аман қалудың басты шарты - темірдей тәртіп екенін санамызға тұрып құйып жатыр. Кез келген тәртіп қанмен жазылады. Өкінішке қарай, бұл - ақиқат. Індет құрбандары осы сөзіме дәлел. Карантин тәртібін сақтау өзіңді ғана емес, ұлтты сақтау екенін ұмытпайық. Сабыр сақтап, той, жиынды тоқтатып, жаназаны да қазіргі жағдайға сай өткізіп, індеттің өршуіне жол бермейік. Барлығыңызға амандық тілеймін, - дейді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы