Кінәсін мойындамаған Аягөздің әкіміне қатысты сот үкімі шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында Аягөз қаласы әкімінің соты аяқталды. Ол 4 жыл 5 айға бас бостандығынан айырылды.

Қуаныш Азыхановқа жеке кәсіпкерден «пара талап етті» деген айып тағылған. Аягөз аудандық сотында хабарланғандай, 2020 жылдың 16 және 17 қыркүйегінде әкім «Көркем» мердігерлік ұйымынан орындалған жұмыс актілеріне қол қою үшін екі кезеңде 1 миллион 200 мың теңге көлемінде пара алған. 

Қала басшысы өз кабинетінде ұсталды. Алайда ол бұл қаражатты қарыз ретінде алғанын түсіндіріп, өз кінәсін мойындаған жоқ. 

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, әңгімелесулердің жазбаларымен, бейнежазбалармен, заттай дәлелдемелермен расталды. Сотталушының ақшаның қарызға алынғаны туралы дәлелдері куәгердің айғақтарымен теріске шығарылды, ол ақшаның орындалған жұмыс актілеріне қол қойғаны үшін берілгенін растады, - деп атап өтті Аягөз аудандық сотының баспасөз қызметі. 

Тергеу 9 айға созылды. Осы уақыт ішінде бұл іс бойынша үш судья ауыстырылды. Сондай-ақ деректерді бұрмалағаны үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушілері жауапқа тартылды.

Прокурор Аягөздің бұрынғы басшысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ жоғарыда аталған барлық мән-жайлардың негізінде сот 4 жыл 5 ай мерзімге мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып тағайындады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Кеше сот отырысында экс-әкім кінәмді дәлелдей аламайтындарына сенімдімін, себебі арым таза, мен қылмыс жасаған жоқпын деген болатын. 

Қылмыстық материалдардағы мәтіндер бірыңғай жала, маған арандатушылық қылмысы жасалған. 30 жылымды елге қызмет етуге арнадым. Бұл істердің бәрін маған Семей өңірі бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері ұйымдастырған. Қазір олардың өздерінің үстінен тергеу жүріп жатыр. Кәпір болып кетсем де, мен соңына дейін барамын. Қазір де прокурорлар істемеген қылмыс үшін маған жаза сұрап отыр. Қобалжып отырғаным жоқ. Ақталатын сияқтымын. Мұнда ақталмасам, облыстық сотта, болмаса Жоғарғы сотта ақталамын, - деген экс-әкімнің соттағы соңғы сөзін Azattyq Rýhy порталы жазған болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы