Кінәлі ме, жоқ па? Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Сәпиев ісіне қатысты түсініктеме берді
Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті бұқаралық ақпарат құралдарында Серік Сәпиевтің орынбасары Дәурен Есімхановпен болған жанжалда кінәлі деп танылғаны туралы тараған ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекеттік орган өкілдері әлеуметтік желілерде тараған құжаттың қорытынды нұсқа емес екенін атап өтті.
Интернет желісінде тараған материал қызметтік құжаттың соңғы нұсқасы болып табылмайды және жұмыс барысындағы сипатқа ие. Құжат тек қызметтік мақсатта пайдаланылып, белгіленген тәртіпте танысу үшін ұсынылған. Оның интернетте жариялануы құжат айналымы аясынан тыс. Департамент спорт басқармасының басшысы мен оның орынбасарына қатысты екі қызметтік тексеру жүргізді. Осыған сәйкес, басшы орынбасарының жауапкершілігі мәселесі 2026 жылғы 30 қаңтарда Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралатын болады, - деп мәлімдеді ведомствода BAQ.KZ-ке.
Бұған дейін Серік Сәпиев өңірдегі спорт ұйымдарын басқару төңірегіндегі жағдайға байланысты жария түрде үндеу жасаған болатын. Оның айтуынша, орын алған оқиға жеке немесе тұрмыстық сипатта емес, белгілі бір ықпалды тұлғалардың кадрлық үдерістерге араласу әрекеттерімен байланысты.
Сондай-ақ Олимпиада чемпионы мемлекеттік қызметтегі міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік қызметші этикасын сақтайтынын айтқан. Оның сөзінше, бала кезінен жаттықтырушылары өзін «рингтен тыс жерде күш қолданбауға» тәрбиелеген.
Полиция мәліметінше, денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейінірек желіде жанжал сәті түсірілген видео тарады.
Облыс әкімдігінде Серік Сәпиевтің ықпалды тұлғалардың кадрлық үдерістерге араласуы туралы мәлімдемесіне байланысты тиісті тексерулер жүргізілетіні айтылды.
Өз кезегінде Дәурен Есімханов та жағдайға қатысты пікір білдіріп, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та шынайы емес ақпарат тарап жатқанын мәлімдеді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкіметтегі брифинг барысында аталған жанжалға қатысты өз ұстанымын жеткізді.
Ал Қарағанды облысының әкімі бұл оқиға бойынша қатаң жауапкершілік талап ететінін атап өтті.