Кімнің дроны жүйрік: Күштік құрылымдар республикалық турнирде сынға түсті
Қазақстанда күштік құрылымдар арасында өткен республикалық турнирде 15 команда дрондарды басқару және заманауи технологияларды қолдану бойынша бақ сынады.
Бұрын арнайы операция кезінде ғимарат ішіндегі жағдайды анықтау үшін әскери қызметшілердің өздері барлау жүргізсе, қазір бұл міндетті ұшқышсыз аппараттар да атқара алады. Дрондар арқылы аумақты бақылап, жағдайды алдын ала бағалауға мүмкіндік бар. Мұндай технологияларды іс жүзінде қолдану дағдыларын жетілдіру мақсатында Қазақстанда күштік құрылымдар арасында «MILITARY DRONE CHALLENGE» турнирі ұйымдастырылды. BAQ.KZ тілшісі күштік құрылымдардың басын қосқан сайысқа барып, заманауи дрондардың мүмкіндіктері мен оларды арнайы тапсырмаларда қолдану ерекшеліктерімен танысып қайтты.
17 қарашада Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында өткен сайысқа 15 команда өтінім берген. Олардың қатарында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
Жарысты ҚР Мемлекеттік күзет қызметі «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен өткізді. Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары – Айрықша мақсаттағы күштердің қолбасшысы Айдын Хасеновтің айтуынша, бұл бастама Мемлекет басшысының ұшқышсыз ұшу аппараттарын дамыту және әскери даярлықты жетілдіру жөніндегі тапсырмаларымен үндеседі.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ұшқышсыз ұшу аппараттарын дамыту, оларды жетік меңгеру міндеті қойылып отыр. Әскери қызметшілердің дрондарды құрастыруды, жинауды және басқаруды үйренуі маңызды. Сондықтан бұл жарысты басқа күштік құрылымдармен тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырып жатырмыз, – деді ол.
Айта кетейік, Мемлекеттік күзет қызметінің бастамасымен мұндай жарыс үшінші рет өткізіліп отыр. Биылғы турнир төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар әуеден барлау жүргізу, ұшқышсыз аппараттарды басқару, антидрондық құралдарды қолдану және командалық эстафета бойынша сынға түсті.
Айдын Хасенов заманауи технологияларды меңгеру үшін тек аппаратты басқаруды үйрену жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның сөзінше, әскери қызметшілер дрондарға қарсы іс-қимыл тәсілдерін де үнемі жетілдіріп отыруы керек.
Біз әрдайым жаңа технологиялардан хабардар болып, заман ағымынан қалмауымыз керек. Ол үшін үнемі үйреніп, жаттығып, аппараттарды құрастырып, тек ұшыруды ғана емес, оларға қарсы әрекет етуді де меңгеру қажет, – деді Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары.
Қазақстанда дрон өндірісі енді дамып келеді
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхамедқалиев дрон технологияларының маңызы тек әскери салада ғана емес, азаматтық бағытта да артып келе жатқанын айтты.
Дрондар бүгінде өмірімізге айтарлықтай әсер етіп отыр. Олар әскери салада да, азаматтық секторда да белсенді қолданылады. Сондықтан азаматтарымыздың бұл технологияларды іс жүзінде қолдану дағдыларын меңгеруі еліміз үшін маңызды, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда дрон өндірісі әзірге бастапқы кезеңде. Дегенмен Үкімет ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамытуға арналған кешенді жоспар қабылдаған. Оның негізгі бағыттарының бірі – дрон өндірісін ел аумағында жолға қою және технологияларды жергіліктендіру.
Қазақстанда дрон өндірісі енді бастапқы кезеңде. Мұны жақсы түсінеміз. Дегенмен келесі жылдан бастап өндірісті кеңейту жұмыстары белсенді жүргізіледі. Қазірдің өзінде Түркістан, Жамбыл облыстарында және басқа да өңірлерде өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Мәселен, Түркістан облысында ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару басталды, – деді Бақтияр Мұхамедқалиев.
Вице-министр дрон саласын дамытуда өндіріс пен технологиялық инфрақұрылымнан бөлек, білікті мамандар даярлаудың да маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, балаларға арналған дрон-футбол сияқты бағыттардан бастап, студенттер мен азаматтық сектор өкілдеріне арналған жобаларға дейінгі бастамалар осы саланың дамуына ықпал етеді.
Дрондарды өздері құрастырады
Турнирге қатысушылардың айтуынша, бөлім әскери қызметшілерді дрондарды басқаруға ғана емес, оларды өз бетінше құрастыруға да үйретеді.
Дрондарды өзіміз жинаймыз. Қажетті бөлшектерді сатып алып, құрастырып, баптаймыз. Содан кейін тексеріп, жарысқа алып келеміз. Бұл тәжірибемізді арттыру үшін маңызды. Өйткені қажет болған жағдайда дайын аппаратты сатып алу мүмкіндігі болмауы мүмкін, – дейді қатысушылар.
Жарыс қорытындысы бойынша:
- Бірінші орын – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің командасы;
- Екінші орын – ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы;
- Үшінші орын – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының командасы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер күштік құрылымдар арасындағы өзара тәжірибе алмасуға, заманауи технологияларды меңгеруге және мамандардың кәсіби даярлығын жетілдіруге бағытталған.