Үкіметтік жұмыс тобы Түркістанда көпбалалы аналармен кездесті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.
Бүгін күннің екінші жартысында Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік жұмыс тобы Түркістан облысына барды.
Қ. А. Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ–Түрік университетінің Мәдениет сарайында көп балалы аналармен, аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесулер өтті.
«Бүгінде мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы халықтың лайықты тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету. Республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға барлық шығындардың 45% бағытталды. Түрлі бағдарламалар аясында ауқымды әлеуметтік инвестициялар іске асырылуда. Ең бастысы, әлеуметтік саясат теңдестірілген және әлеуметтік асырауда болуға итермелемеуі керек», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Халықпен кездесу аяқталғаннан кейін Гүлшара Әбдіқалықова аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша мемлекеттік шараларды түсіндіру бойынша азаматтардың жеке қабылдауын өткізді.
Түркістан облысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Күлтөбе қалашығындағы ғылыми-реставрациялық жұмыстармен танысты және мемлекеттік органдардың, ведомствоға бағынысты мекемелердің және ЮНЕСКО-ның халықаралық сарапшыларының өкілдерімен кездесу өткізді. Кеңес барысында Қазақстанның тарихи мұрасы — Қ. А. Яссауи кесенесін сақтау мәселелері талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысын тексеріп, жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек көрсету процесімен танысты. Бүгінгі таңда облыста АӘК алушылар саны 207 мыңнан 283 мың адамға дейін артты, осы мақсаттарға қаржы қажеттілігі 14 млрдтан 45 млрд теңгеге дейін өсті.
Жұмыс тобы «Кентау трансформатор зауыты» АҚ базасында аудандар, қалалар әкімдерімен, өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен, бизнес-құрылымдар, кәсіподақтық ұйымдар басшыларымен кеңес өткізді. Г. Әбдіқалықова өнеркәсіптік кәсіпорындардың, бизнес құрылымдардың басшыларын өздерінің табысы төмен қызметкерлерін қолдауға, тұрғын үй сатып алуға көмектесуге, оларды жөндеуге қаражат бөлуге, баспана несиелері бойынша бастапқы жарналарды төлеп беруге шақырды.
Бүгінде өңір кәсіпкерлері 11 көп балалы отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қазығұрт ауданының кәсіпкері С. Ертаев көп балалы Ержановтар отбасына үй сатып алып берді және Түркияда науқас баланың отбасына операция жасауға 4 млн теңге бөлді.
Жұмыс тобының мүшелері денсаулық сақтау, білім беру саласының қызметкерлерімен бірқатар кездесулер өткізді, азаматтарды қабылдады, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен құрылыс алаңдарына барды. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Кентау қаласында болды, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева мен Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов Түркістан қаласында болды.
Жұмыс тобының құрамына еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б. Сапарбаев, білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Ақтаева, Құрылыс және тұрғын-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М. Жайымбетов кірді.