Үкіметтің жұмыс тобы Маңғыстау облысында жүр

Маңғыстау облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шалғай аймаққа жұмыс сапарымен келген Үкімет мүшелерін Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастап жүр.


Сапар мақсаты - Мемлекет басшысының «Әлеуметтік  қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын іске асыру тетіктерін облыс жұртшылығына түсіндіру. 



Жұмыс тобының  құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шамшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтар бар.

Сондай-ақ ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов пен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдиновтер де өлке тұрғындарымен жүздесті.

Үкімет мүшелерінің Маңғыстау облысына жұмыс сапары Жаңаөзен қаласынан басталды.

Мұнайшылар шаһарында «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және әлеуметтік қолдауды күшейту жөніндегі тапсырмаларын нәтижелі жүзеге асыру жолдары айтылды.

Мәселен, вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова Елбасының нақты тапсырмасына сәйкес шағын және моноқалаларды дамытуға үш жыл бойы жыл сайын қосымша 10 млрд теңгеден бөлінетінін көпшілікке жеткізді.

"Осы ретте Жаңаөзен қаласына биыл республикалық бюджеттен 2 млрд теңге жұмсалады деп шешілді" - деді Премьер-министрдің орынбасары.



Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев қазақ елінде ай сайын аз қамтылған отбасының әр баласына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайыздық мөлшерінде кепілді көмек төленетіні жөнінде көпке жан-жақты ақпарат берді.

"Маңғыстау облысы бойынша осы саладағы бүгінгі көрсеткіш 23 мың 749 теңгені құрап отыр" - деді Бердібек Сапарбаев.

Жаңаөзен тұрғындарымен кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов республика бойынша жеті облыста он аурухана тұрғызуға қазынадан 120 млрд теңге бөлінетінін, аталған аймақтардың қатарында Маңғыстаудың барын айтып, халықтың көңілін сергітіп тастады.

"Осы жобалардың бірі Мұнайлы ауданында жүзеге асады деп жоспарланған. Бұл жерде 150 кереуетке есептелген аурухана құрылысы жөнінде айтып отырмын" - деді Елжан Біртанов.

Үкімет мүшелерінің айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде 40 мыңнан астам жалға берілетін пәтер салынады.

"Маңғыстау облысында 304 жалға берілетін пәтерлі-тұрғын үй құрылысына қажет қаржы бөлініп отыр. Мұнымен қоса, тағы 292 пәтер құрылысына өтінім берілді" - деді Гүлшара Әбдіхалықова.

Алқалы кездесуде Үкіметтің жұмыс тобы азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау салаларын жақсарту, өңірлерді кешенді дамытуға қатысты қойған сауалдарына тұщымды жауар берді. 

Айта кетейік,жиыннан соң ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шəмшидинова осы шаһардағы іргелі саналатын мектеп-гимназияға арнайы барды. Оқушылармен жүздесіп, жағдайларын сұрады. Ата-аналар сұрақтарына жауап беріп, олар көтерген кейбір мәселелердің шешімін табуға жұмыс істейтінін жеткізді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы