Үкімет делегациясы Атырау облысына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жұмыс сапары барысында Ералы Тоғжанов өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, "Теңіз" кенішіндегі жұмысшыларды шығару мен  Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру мәселелеріне қатысты кеңес өткізді. 

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру өсімі 2-3% деңгейінде екенін атап өтті. Көрсеткіштің төмендеуі  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қабылданған нақты шаралардың нәтижесі.   

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің сөзінше, аймақтағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақты емес. Қазіргі кезде өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырған 458 адам тіркелген. Олардың 127-сі емделіп шықты. Ал "Теңіз" кенішінің 384 жұмысшысынан аталған вирус анықталған. Бұл азаматтар 20 жатақханада тұратын 33 мекеменің қызметкерлері.  

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, "Теңіз" кенішінде карантиндік талаптар жеткілікті деңгейде сақталмай отыр. Сондықтан, ол "Теңізшевройл" компаниясының мердігер және субмердігер компаниялары басшыларының жауапкершілігін арттыруға шақырды.  

Қазіргі кезде "Теңіз" кенішінен 17 мың адам өздерінің тұрғылықты мекенжайларына жеткізілген.   

Сондай-ақ кеңес барысында "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасын өңірде жүзеге асыру барысы қаралды. Үкімет биыл 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Атырау облысында бұл бағдарлама шеңберінде 63 жоба жүзеге асырылып, 7 мың жұмыс орны ашылады. Оған республикалық бюджеттен 35 млрд 308 млн теңге бөлініп отыр.   

Отырысты қорытындылаған ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстауды тапсырып, "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасын тиімді жүзеге асыру және жұмыспен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы