Үкімет басшысының орынбасары Арысқа барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласына келді, деп мәлімдейді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Үкімет басшысының орынбасары қаланы қалпына келтіру жұмыстары уақтылы әрі сапалы орындалуы керектігін айтты.

Сондай-ақ жөндеу жұмыстарын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры АҚ жүргізетін әлеуметтік нысандардың бірі – қалалық аурухананы көзбен көрген ол өзге де штабтардың жұмысымен танысты.


17 секторға бөлінген қаланың бүгінгі жай-күйінен хабардар болған Жеңіс Қасымбек Арыс қаласын қайта қалпына келтіру бойынша жиналыс өткізді. Жиында ол республиканың бірқатар облыстарына құрылыс жұмыстарын қарқындатуды тапсырды.

Сонымен қатар, жиында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамына, «Зерде «холдингі» АҚ, «Қазақелеком» және «Транстелеком» АҚ-на Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, «ақылды қала» құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

Бұдан бөлек, жиынның екінші бөлігінде Арыс қаласының тұрғындарын және жақын маңдағы ауыл шаруашылық үлестерін сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Қаланың құбыр жүйелерін және суару арналарын қысқа мерзімде жөндеу тапсырылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы