Қазақстанда кімдер донор бола алады?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 14 маусым – Дүниежүзілік донор күні. Бұл күн қан тапсырудың денсаулыққа тигізер пайдасы жайлы айтып, жұртшылықты қан құюды қажет ететін адамдарға қолұшын беруге жұмылдыруды көздейді. Бұл туралы МСҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Әдетте бұл күні өз еркімен қан тапсыратын және ол үшін бір тиын сұрамайтын, сол арқылы талай адамды ажал аузынан арашалап алуға септігін тигізіп жүрген азаматтарға ілтипат көрсету дәстүрге айналған.
Мамандар пікірінше, адам ағзасында 5,5 литрге жуық қан болады. Бір рет қан тапсырғанда 350-450 миллилитр қан алынады. Бұл оның жаңарып тасуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде тұрақты түрде қан тапсыратын адамдардың өмірі орта есеппен 5 жылға ұзарады.
Дәрігерлер қан алар алдында донордың денсаулығына, қанының тазалығына ерекше мән береді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының биылғы шараны қан қауіпсіздігіне арнауы да сондықтан.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ мәліметінше, Қазақстанда донорларға бірқатар артықшылық қарастырылған. Мәселен, олар ВИЧ/СПИД, сифилис, қандағы гемоглобин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды талдау түрлерін кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін тапсыра алады.
«Бүгінде елімізде трансфузиялық көмек көрсететін медицина ұйымдарының саны 470-тен асып жығылады. Пациенттерді қанмен қамтамасыз ететін мұндай орталықтардың денсаулық сақтау саласы үшін маңызы зор. Донорлар ВИЧ, В, С гепатиті, сифилис сынды ауруларға анализді бюджет қаржысы негізінде тегін тапсырады. Қан тапсырған күні студенттер мен оқушылар сабақтан, жұмыскерлер жұмыстан босатылады. Бірақ жалақысы толық төленеді", - делінген хабарламада.
Трансфузиология ұлттық-өндірістік орталығының хабарлауынша, Қазақстанда жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан тапсырады. Оның 18 мыңнан астамы тұрақты түрде қан беретін донорлар. Елорданың өзінде жыл сайын 40 мың адам қан қан тапсыратын көрінеді.
«Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық донорларды күн сайын 08:00-ден 13:00 дейін, демалыссыз қабылдайды. Қан тапсырушының жеке куәлігі болуы тиіс», - делінген МСҚ хабарламасында.
Кімдер донор бола алады?
Донордың жасы ең алдымен 18-ге толған болуы керек. Қан тапсырмас бұрын міндетті түрде медициналық тексеруден өткізіледі. Ал, гепатит, сифилис, туберкулезбен ауырғандар, ВИЧ-індетін жұқтырғандар, нашақорлар донор бола алмайды. Сонымен қатар, донор бауыр, бүйрек, жүрек-қан тамыры жүйесінде кездесетін созылмалы аурулармен ауырмаған болуы тиіс.
Қандағы гемоглобин мөлшері төмен адамдар да (әйелдер – 110 г/л, еркектер – 120 г/л) донор бола алмайды. Сондай-ақ, қан тапсырардан біраз бұрын ота жасатқандар, тісін емдетіп немесе жұлдырғандар, дәрі-дәрмек ішкендер, екпе салдырғандар, жұқпалы аурулар таралған аймақтарға барып келген азаматтардың донор болуына уақытша шектеу қойылады.