19 Қазан 2026, 16:22 Фото: gov.kz

Кім жәрдемақы алады, кім алмайды? 2027 жылдан енгізілетін өзгеріс туралы не білу керек

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда республикалық бюджеттен төленетін кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі мен нақты мұқтаждығы ескеріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 түрлі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне мұқтаждық критерийі енгізіледі. Ал қалған 22 төлем бұрынғы тәртіппен тағайындалады. Бұл өзгеріс аясында отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, әлеуметтік жағдайы да бағаланады. Сонымен қатар азаматтар eGov Mobile қосымшасындағы жаңа калькулятор арқылы өз отбасының әл-ауқатын алдын ала есептей алады.

Бұрынғы тәртіптен не өзгереді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік қолдаудың жаңа қағидаттарын түсіндірді.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік қолдау ең алдымен өз қажеттілігін өз бетінше қамтамасыз ете алмайтын азаматтарға бағытталуы керек. Осыған байланысты жәрдемақыны формальды түрде тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшу көзделген.

Біз жәрдемақыны формальды тағайындаудан отбасының нақты мұқтаждық деңгейін бағалауға көшіп жатырмыз, – деді Асқарбек Ертаев.

Жаңа тәсіл бойынша отбасының материалдық жағдайы мен әлеуметтік тұрақтылығы бағаланады. Бұл ретте төлем алушының жеке табысы ғана емес, бір үй шаруашылығына кіретін адамдардың табысы мен мүлкі де есепке алынады.

Министрдің түсіндіруінше, табысы бірдей екі отбасының әлеуметтік жағдайы бірдей болмауы мүмкін. Мәселен, бір отбасының асырауындағы адамдар саны көп болса, оның әлеуметтік жүктемесі де жоғары болады. Сондықтан жаңа әдістеме отбасының кірісімен қатар, оның құрамын және әлеуметтік жағдайын да ескеруге бағытталған.

Отбасының әл-ауқаты қалай бағаланады?

2026 жылғы 30 қыркүйекте бекітілген Әлеуметтік әл-ауқат деңгейін айқындау әдістемесі жаңа жүйенің негізіне айналады.

Әдістеме екі негізгі компоненттен тұрады:

  • Материалдық әл-ауқат. Кіріс пен жұмыспен қамту, жылжымайтын мүлік, көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы активтері және кредиттерді қамтитын алты бағыт бойынша 59 көрсеткіш қарастырылады.
  • Әлеуметтік тұрақтылық. Отбасының құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы ескеріледі.

Бағалау мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде автоматты түрде жүргізіледі. Министрдің айтуынша, азаматтардан қосымша анықтамалар талап етілмейді.

Жаңа тәртіпте бағалау нысаны жәрдемақы алушының өзі емес, тұтас үй шаруашылығы болады. Бір мекенжайда тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдардың табысы мен мүлкі есепке алынады.

Сонымен қатар белгіленген тәртіпке сәйкес, бөлек тұратын ата-аналардың балалары да отбасы құрамын анықтау кезінде ескерілуі мүмкін. Министр мұндай тәсілдің мақсаты – мемлекеттік төлем алу үшін отбасының жасанды түрде бөлінуіне жол бермеу екенін айтты.

Отбасылар бес санатқа бөлінеді

Министрлік атағандай, үй шаруашылықтарын әл-ауқат деңгейіне қарай А, В, С, D және Е санаттарына бөлу көзделген. Санаттарды анықтау кезінде жекелеген бір көрсеткіш емес, бірнеше белгінің жиынтығы ескеріледі.

А санаты – әл-ауқаты жоғары отбасылар.

Бұл санатқа жатқызу үшін кемінде екі белгі қатар болуы қажет. Олардың қатарында бір адамға шаққандағы айлық кірістің 356 мың теңгеден басталуы, жалпы ауданы 120 шаршы метрден асатын бірнеше тұрғын үйдің, коммерциялық жылжымайтын мүліктің, ірі бизнестің, люкс санатындағы автокөліктің және ауыл шаруашылығы активтерінің болуы бар.

Министрдің дерегінше, бұл санатқа 329 мың үй шаруашылығы немесе жалпы санның 5%-ы жатады.

В санаты – экономикалық тұрғыдан тұрақты отбасылар.

Бұл санат үшін де кемінде екі белгі болуы керек. Олардың қатарына бір адамға шаққандағы табыстың 305-356 мың теңге аралығында болуы, бірнеше жылжымайтын мүліктің, премиум санаттағы автокөліктің, орта бизнестің немесе коммерциялық көліктің болуы кіреді. Ауыл шаруашылығы техникасы, жер учаскелері мен мал басы да ескеріледі.

Министрдің мәліметінше, В санатына 1 миллион 50 мың үй шаруашылығы немесе 15% жатады. Төрт адамнан тұратын отбасы үшін табыс өлшемі айына 1,2-1,4 миллион теңге аралығында көрсетілген.

С санаты – әл-ауқаты қанағаттанарлық отбасылар.

Бұл санатқа бір адамға шаққандағы табысы 203-305 мың теңге аралығында болатын, отбасының екі немесе одан да көп мүшесі жұмыспен қамтылған, жеке тұрғын үйі мен автокөлігі бар немесе шағын бизнеспен айналысатын отбасылар жатуы мүмкін.

Министрдің баяндамасында бұл санатқа 2,8 миллион үй шаруашылығы немесе 45% кіретіні айтылды. Мұндай отбасылардың тұрақты табысы болғанымен, жекелеген мемлекеттік қолдау шараларына мұқтаж болуы мүмкін.

D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар.

Бұл топқа бір адамға шаққандағы табысы күнкөріс минимумының бір-екі есесі аралығында болатын, еңбекке қабілетті мүшелері жұмыссыз, мерзімі өткен кредит берешегі бар немесе тұрғын үймен жеткіліксіз қамтамасыз етілген отбасылар жатады.

Баяндамада бір адамға шаққандағы табыс шамамен 51-102 мың теңге деп көрсетілген. D санатындағы үй шаруашылықтарының саны шамамен 1,8 миллион немесе 29% болады.

Е санаты – әлеуметтік осал отбасылар.

Бұл санатқа табысы жоқ немесе кедейлік шегінен төмен, кредит бойынша ұзақ мерзімді мерзімі өткен берешегі бар, еңбекке қабілетті мүшелері немесе жеке баспанасы жоқ отбасылар жатады.

Министрдің мәліметінше, Е санатына 212 мың үй шаруашылығы немесе 3% кіреді. Мемлекеттік қолдау ең алдымен осындай отбасыларға бағытталуы керек.

Министр атап өткендей, С, D және Е санатындағы отбасылар 14 төлем бойынша мемлекеттік қолдау алу құқығын сақтайды. Жалпы алғанда, бұл шамамен 4,8 миллион үй шаруашылығын қамтиды.

Қандай жәрдемақыларға мұқтаждық критерийі енгізіледі?

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 түрлі мемлекеттік жәрдемақының 14 түріне ғана мұқтаждық критерийі енгізіледі.

Олардың қатарында балалы отбасыларға берілетін жекелеген төлемдер, мүгедектікке, күтімге және асыраушысынан айырылуға байланысты жәрдемақылар, жерлеуге берілетін төлемдер мен арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар бар.

Жаңа тәртіп бойынша А және В санатындағы отбасылар үшін осы төлемдерді алу мүмкіндігі шектеледі. Ал С, D және Е санатындағы отбасылар төлем алу құқығын сақтайды.

Министрдің баяндамасында қалған 22 түрлі жәрдемақы бұрынғы тәртіппен тағайындалатыны айтылды. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ұрыс қимылдарына қатысушыларға, ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға арналған төлемдер бар.

Сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың жекелеген санаттарына және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істеген азаматтарға арналған төлемдер үшін үй шаруашылығының әл-ауқат деңгейі ескерілмейді.

Бала тууына және бала күтіміне байланысты төлемдер қалай өзгереді?

Министрдің түсіндіруінше, бала тууына және бала күтіміне байланысты төлемдердің бәріне бірдей жаңа талап енгізілмейді.

Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі жыл және одан да көп уақыт қатысқан әйелдерге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлем отбасының әл-ауқат санатына қарамастан сақталады.

Ал республикалық бюджеттен төленетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мұқтаждық критерийі бойынша тағайындалады. Министрдің баяндамасында жұмыс істемейтін әйелдерге республикалық бюджеттен берілетін бала тууына байланысты біржолғы жәрдемақы мен бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақының да мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалатыны айтылған.

Бұл жағдайда С, D және Е санатындағы отбасылар төлемдерді алу құқығын сақтайды, ал А және В санатындағы отбасыларға аталған жәрдемақылар тағайындалмайды.

Сонымен қатар анасы бала 1,5 жасқа толғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем белгіленген мерзім аяқталғанға дейін төлене береді. Яғни әйелдің жұмысқа оралуы төлемнің тоқтауына себеп болмайды.

Ал жүктілікке және босануға байланысты төлем отбасының санатына қарамастан, бұрынғы тәртіппен сақталады.

Отбасының әл-ауқаты қайта бағаланып отырады

Жаңа жүйені іске асыру Отбасының цифрлық картасы арқылы қамтамасыз етіледі. Министрдің айтуынша, жүйеде 6,2 миллион отбасы қамтылған, ал деректер 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынады.

Мәліметтер күн сайын жаңартылып, отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта қаралады.

Егер отбасының табысы төмендеп, ол мемлекеттік қолдауға мұқтаж санатқа өтсе, кезекті қайта бағалау кезінде уақытша тоқтатылған төлемді алу құқығы қалпына келтірілуі мүмкін.

Осылайша, отбасы белгілі бір санатқа біржола бекітілмейді. Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы өзгерген сайын әл-ауқат деңгейі де қайта бағаланады.

Министрдің айтуынша, реформаның мақсаты – әлеуметтік көмекті қысқарту емес, оны нақты мұқтаж адамдарға бағыттау. Сонымен бірге әлеуметтік қолдаумен қатар азаматтардың жұмысқа орналасуына және кәсіптік білім алуына жәрдемдесу көзделген.

200-ден астам қазақстандық жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты

Қазақстанда 200-ден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдаған. Олардың қатарында тұрмыстық жағдайы жақсарып, отбасын өз бетінше қамтамасыз ете алатын кәсіпкерлер мен көпбалалы ата-аналар бар.

Бұған дейін әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын кейбір отбасыларға Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер негізінде SMS-хабарламалар жіберілген. Хабарламада азаматтарға тиісті төлемнен өз еркімен бас тарту мүмкіндігі түсіндірілген.

Азамат шешімін SMS-хабарламаға жауап беру арқылы білдіре алады. Бұл ретте тек өзі бас тартқан төлем тоқтатылады. Өзге жәрдемақыларға қатысты құқықтары сақталады. Өз еркімен бас тартқан азаматтардың тиісті төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатылады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова да көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан. Оның айтуынша, кәсібін енді бастаған кезде мемлекеттік қолдау отбасы үшін маңызды болған, ал қазір отбасын өзі қамтамасыз ете алады.

Өз кәсібімді енді бастаған кезде бұл қолдаудың біз үшін пайдасы зор болды. Қазір кәсібім дамып, отбасымды өзім қамтамасыз ете аламын. Сондықтан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым, – дейді Қалауша Садықова.

Қай санатқа жататыныңызды тексере аласыз

Отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысу үшін азаматтарға eGov Mobile мобильді қосымшасында жаңа сервис қолжетімді болды.

Калькулятор арқылы пайдаланушылар отбасының табысы мен мүлкін ғана емес, отбасы құрамын, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуын ескеретін бағалау талаптарымен танысып, әл-ауқат деңгейін алдын ала есептей алады.

Есеп адамның өзі енгізген мәліметтер негізінде жүргізіледі. Сондықтан калькулятор нәтижесі тек ақпараттық сипатқа ие және мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау немесе оны тоқтату туралы шешім болып саналмайды.

Отбасыңыздың әл-ауқат деңгейін алдын ала есептеп көрсеңіз болады. Ол үшін eGov Mobile қосымшасындағы калькуляторды пайдаланып, қандай санатқа жатуыңыз мүмкін екенін анықтай аласыз.