Кім "резервтегі әскери адам" бола алады
Резервшілер қызметке ерікті түрде шақырылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи пленарлы отырыста заңды таныстырғанда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Резервтегі қызмет мәселелері туралы заң Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарына қолданылады. Бұл ретте жұмысқа қабылдаудың басты қағидаты – оның ерікті түрде болатыны.
Резервші болғысы келетіндерге мынадай талаптар қойылады:
- офицерлер үшін 60 жасқа дейін жас шектеуі;
- сержанттар мен сарбаздар үшін 50 жасқа дейін жас шектеуі;
- денсаулық жағдайына қойылатын талаптарға сай болуы керек.
Резервшілер тұрғылықты жерінде орналасқан әскери бөлімдерде дайындықтан өтеді. Бұл ретте резервтегі қызмет толығымен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады. Әскери резервтегі жауынгерлерге оқу кезеңінде ең төменгі айлық жалақы, ал 30 күндік оқу-жаттығу жиыны кезінде орташа айлық жалақысы көлемінде төлемақы төленеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда 2025 жылдан бастап резервтік қызмет енгізілетіні туралы жазған едік.