13 Қазан 2026, 17:52 Фото: Ақорда

Кім мәслихат депутаты бола алады? Кандидатқа қойылатын талаптар

Қазақстанда мәслихат депутаттарының алдағы кезектен тыс сайлауында кандидаттарды саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ азаматтар өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысуға құқылы. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Орталық сайлау комиссиясының түсіндіруінше, сайлау аралас жүйе бойынша, яғни партиялық тізімдер және бірмандаттық сайлау округтері арқылы өтеді.

Осыған байланысты кандидаттарды ұсыну тәртібі де әртүрлі болады.

Партиялық тізім бойынша кандидаттарды Әділет органдарында тіркелген саяси партиялар ұсынады. Ал бірмандаттық сайлау округтері бойынша қоғамдық бірлестіктер ұсынған кандидаттар мен өзін-өзі ұсынушылар да сайлауға қатыса алады.

Кандидаттарға қандай талаптар қойылады?

Орталық сайлау комиссиясы мәслихат депутаты болу үшін Қазақстан Республикасының азаматы болу, 20 жасқа толу және сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес келу қажет екенін еске салды.

Сонымен қатар бір адам тек бір мәслихаттың депутаты бола алады.

Саяси партиялар өздерінің партия мүшесі болып табылмайтын азаматтарды партиялық тізімге енгізе алмайды. Сондай-ақ партиялық тізімге енгізілген кандидат бір мезгілде бірмандаттық сайлау округі бойынша да сайлауға түсе алмайды.

Бұдан бөлек, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастардың өкілдігіне қатысты талап бар. Олардың жалпы үлесі кандидаттардың жалпы санының кемінде 30%-ын құрауға тиіс.

Ал өзін-өзі ұсыну тәртібімен сайлауға қатысқысы келетін азамат тиісті округтік сайлау комиссиясына өтініш беруі қажет.