18 Ақпан 2026, 17:06 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Кім кінәлі? Атырауда екі түлек дау болған "Алтын белгіні" сотпен қайтарып алды

Үздік оқыған оқушыларға жергілікті комиссия «Алтын белгі» беруден бас тартқан.

Атырау облысында мектепті үздік бітірген екі түлек Білім басқармасымен соттасып, өздерінің адал еңбегімен алған бағаларын қорғап қалды. 11 жыл бойы тек «үздік» оқыған оқушыларға жергілікті комиссия «Алтын белгі» беруден бас тартқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, Атырау облысының орта мектептерінің бірінің екі түлегі оқуды үздік аяқтап, тиісті үлгідегі аттестаттар алған. Осыған қарамастан, Білім басқармасының комиссиясы педагогтер енгізген бағалардағы түзетулерге сүйене отырып, оларға «Алтын белгі» беруден бас тартқан.

Мектеп түлектерінің заңды өкілдері бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген.
 
Сот Білім және ғылым министрінің бұйрығының ережелерін ескерді, оған сәйкес модерация рәсімі оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау бойынша даулы мәселелер болған кезде ғана қолданылады. Бұл жағдайда мұндай даулы мәселелер болмаған, бұл Білім басқармасының модерацияны жүргізу туралы талаптарын негізсіз қылады және белгіленген рәсімнің шегінен шығады. Мұндай жағдайларда сот педагогтар енгізген түзетулерге негізделген комиссия шешімін заң талаптарына қайшы деп таныды, мектеп бітірушілерге қатысты комиссия отырысының даулы хаттамасының күшін жойды және Білім басқармасына «Алтын белгі» беру туралы мәселені қайта қарауды міндеттеді, - деп хабарлады Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі. 
 
Сот актісі заңды күшіне енді және қазіргі уақытта орындалу сатысында.