Бақыттың кілті – «Берік отбасында»

Тараз, BAQ.KZ. Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде ата-аналар мен олардың жасөспірім-балаларының арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған «Берік отбасы» халықаралық жобасы енгізілуде.

Жеті апта бойы мектептің сертификатталған жаттықтырушылары –педагог-психолог Нұрбану Байтелиева мен куратор Сая Пискентбаева 20 оқушы және олардың ата-аналарымен отбасылық сабақтарын өткізді.

Әр сабақтың басында ата-аналар мен балалар өздерінің мәселелерін талқылап, тиісті дағдыларды дамыта отырып, жеке-дара жұмыс істеді. Содан кейін олар ойындар мен пікірталастар түріндегі интерактивті әдістерге негізделген бірлескен тапсырмаларды орындады.

Тренингтерді өткізу барысында ата-аналар балалармен сенімді қарым-қатынас жасауды және оларды тереңірек түсінуді үйренді, отбасында мінез-құлық ережелерін орнату, балаларды бақылау және оларды басқару, сондай-ақ тәртіпті қамтамасыз ету, ал жасөспірімдер – стрессті жеңу және жағымсыз әсерге қарсы тұру сияқты дағдылармен танысты.

"Мен осындай тренингке алғаш рет қатысып отырмын. Көптеген жаңа және пайдалы дүниелер үйрендім. Бала тәрбиесінде білмейтінім өте көп екен. Белгілі бір кемшіліктер жібергенімді де байқадым. Мысалы, курстардан кейін мен шамалы уақытқа үй шаруасын ысырып қойып, ұлыммен көбірек сөйлесуді бастадым. Бұрын мен оны басқа заттармен қатар жасайтынмын", – дейді тренингке қатысушы ананың бірі Римма Анабекова.

Бағдарламаның жаттықтырушысы Нұрбану Байтелиева жобаның арқасында ата-аналардың бала тәрбиесіне және олардың психикалық дамуына деген қызығушылығы айтарлықтай артып отырғанын атап өтті. Олар балаларының өміріне көбірек қызығушылық танытып, олардың мектептегі өміріне де ынта-ықыласпен көңіл бөле бастағаны байқалған.

"Өзім төрт баланың анасы болғандықтан балаға дұрыс тәрбие беру жайлы көп ойланамын, ізденемін. «Берік отбасы» курсынан түйгенім, ең бастысы баламен дос болу керек екен. Балаға белгілі бір сәттерге шектеу қою керектігін де ұмытпау керек. Үйде біз отбасылық жиналыстар жасап, жоспарлар құруды қолға алдық. Менің ойымша, бұл өте тиімді әдіс", – дейді 7-сынып оқушысының анасы Айжан Жаманкулова.

«Берік отбасы» бағдарламасын Ұлыбританияның Оксфорд Брукс Университетіндегі денсаулық және әлеуметтік әл-ауқат мектебі әзірлеген. Ол 10 жастан 14 жасқа дейінгі балалары мен жасөспірімдері бар отбасыларға арналған. Бүгінгі күнге дейін «Берік отбасы» әлемнің 35-тен астам елінде енгізіліп, апробацияланған.   

Бағдарламаның тиімділігін анықтау мақсатында жүргізілген ғылыми зерттеулер тренингтерге дейін және одан кейін ата-аналар мен олардың балаларының мінез-құлқында айтарлықтай оң өзгерістер байқалғанын көрсеткен.

Бұл жобаны мектептің бастамашыл педагогтары – психолог Наталья Балакина және кураторлар Сабина Тәтібаева мен Эльмира Джансейтова енгізуді жалғастырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы