Кикбоксингтен әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастады
Отандастарымыз жарысты 25 алтын, 20 күміс және 21 қола медальмен аяқтады.
Италияның Лидо-ди-Йезоло қаласында жастар мен юниорлар арасында кикбоксингтен әлем чемпионаты аяқталды. Бәсекеге 79 елден 1500 спортшы қатысты. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан құрамасы жарысты 25 алтын, 20 күміс және 21 қола медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды.
Жастар құрамасы 15 алтын, 10 күміс және 13 қола жүлде жеңіп алса, юниорлар 10 алтын, 10 күміс және 8 қола медаль иеленді.
Жастар арасында әлем чемпионы атанған қазақстандықтар қатарында Медет Дербіс (51 кг), Аян Ғалымжанұлы (54 кг), Максим Алексеев (60 кг), Артём Боброник (63,5 кг), Нұрислам Абдамит (67 кг), Ислам Кәрібай (81 кг), Ербақыт Мұхамбетжанов (91 кг), Сәния Назарқасымова (48 кг), Венера Бекім (+70 кг), Ерболат Тасыбек (60 кг), Әзиз Бабаев (63,5 кг), Сергей Цой (67 кг), Икрам Бабаев (71 кг), Данияр Қалдыбай (51 кг) және Нұрислам Бекболат (54 кг) бар.
Юниорлар арасында Асылжан Жолдасов (45 кг), Ерасыл Мырзахметов (51 кг), Әлішер Боран (54 кг), Әлихан Есқуат (57 кг), Артур Никонов (67 кг), Ескендір Бекболат (75 кг), София Цетрокол (52 кг), Арина Словестникова (60 кг), Бекзат Саин (48 кг) және Ахмет Кайкенов (60 кг) алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстандық спортшылар фулл-контакт, К-1 және лоу-кик бағдарламаларында жүлдеге ие болды.